Петропавл қалалық классикалық гимназияның оқушылары Тараз қаласында өткен республикалық және Польшада өткен Халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындармен оралды.
Халықаралық жалпы пәндер негіздері олимпиадасына қалалық классикалық гимназияның оқушылары осымен үшінші жыл қатысып келеді. Бұл олимпиада кезең-кезеңмен online режімінде өтеді. Балалар өздерінің таңдаған пәндері бойынша қатысады. Әр кезеңнің тапсырмаларын оқушылар қашықтықта орындап жібереді. Соңғы қорытынды кезеңге ең жоғары ұпай жинаған оқушылар өтеді. Ол үш мемлекетте – Польша, Чехия, Австрияда өтті.
– Осы балалардың арасында ағылшын тілінен қатысқан Әсел Иманғазы, Сымбат Сейітжан – 1-ші, Әрсен Ержан – 2-ші, Жалғасбек Мұсырман 3-ші орындарды жеңіп алса, Диас Мұхамедғалиев те география пәнінен 3-ші орынды иеленді. Тағы үш оқушы – Мәдина Сыздықова, Индира Зейнелова, Дамира Есентаева олимпиадаға қатысқандығы жөнінде сертификаттар алды. Оларға әріптесіміз Шынар Келдіғұлова жетекшілік етті, – дейді ағылшын тілінің мұғалімі Дана Нұрышева.
Классикалық гимназия директорының ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары Сәулет Мұқанованың айтуынша, оқушылары өздерінің ой-өрістерін дамытып, дүниетанымын кеңейтуге әсері мол олимпиадаларға қатысуға ынталы. Таяуда білім ошағының екі оқушысы Айнұр Кәкімова (қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша) мен Жұлдызай Жақыпова (орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен) Тараз қаласында өткен республикалық пән олимпиадасына қатысып, Жұлдызай жүлделі 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталған. Тағы 4 оқушы – Айдос Тұрғынов, Әсия Жәулетбаева, Әлия Хамзина, Дайыр Мұқажанов Қазақстан-Британ техникалық университетінің негізінде өткен командалық экономика пән олимпиадасына қатысып, Әлия Хамзина “Ең үздік эссе” аталымын жеңіп алған.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.