«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТАНАДА АЙБЫНЫМЫЗ АСТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2013 жылғы 26 наурыз – 1 сәуір аралығында Астананың “Алау” спорт кешенінде еліміздің үшінші қысқы спартакиадасы өтті. Бұл үлкен жарысқа халықаралық дәрежедегі төреші ретінде арнайы шақырылғандықтан, мен сайыстарды  көзбе-көз көріп, куә болдым және жасыратын несі бар, жерлестерімнің жетістіктерін тіледім.

Виктор БОНДАРЕНКО,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры,

халықаралық дәрежедегі төреші.

Спартакиадаға өңірлердің және Астана мен Алматы қалаларының құрамалары тоғысып, тартысқа толы сайыстарда сынға түсті.

Мені қуантқаны – солтүстікқазақстандықтардың командалық есепте жеңіс тұғырының ең биік баспалдағына көтерілуі. Біздің өңір құрамасы екінші спартакиада ойындарында қостанайлықтарға жол беріп, солардан кейінгі орынды місе тұтса, бұл жолы, керісінше, біз озып, қостанайлықтар екінші орынды қанағат етті. Жүлделі үшінші орын Алматы қаласының құрамасына бұйырды.

Роман Креч конькимен 500 метрге сырғанауда 35.731 секунд уақытпен бас жүлдені еншіледі. Мұны оның тамаша жетістігі деп айту әбден орынды. Өйткені, Р.Креч жарақатынан ұзақ айығып, жаттығуларына кешеуілдетіп кірісіп еді. Ол осы қашықтықта екінші мәрте жарысқанда уақытын бұрынғыдан да азайтып, 35.360 секундта мәре сызығын қиып өтті. Сондай-ақ осы қашықтықтағы қоссайыста да ол бірінші орынға шықты.

 

Ал оның серігі Никита Ставцев те алтын алқадан құр қалмай, 10000 метр қашықтықта 14: 37,669 нәтижемен бас жүлдені олжалады.

Ерлер сегіз айналымда жарысқанда біздің өңіріміздің алдына ешбір құрама түсе алмады.

Әйелдер құрамасы да өзгелерден озық болды: бұл команда алты айналымда алтынға қол жеткізді.

Бәрінен де озығы Татьяна Сокиркоға айрықша риза болдым. Ол 1500, 3000 және 5000 метр қашықтықтарда үш бірдей алтын алқаны омырауына ілді. Барлығын есептегенде, біздің облыс құрамасы он алтын алқа иеленді.

Елена Урванцева 3000 және 5000 метр қашықтықтарда күміс алқалардың сыңғырына бөленді.

Максим Сергиенко 10000 метр қашықтықта тұғырдың үшінші баспалдағына шықты.

Бұларға қоса облыс құрамасының қоржыны төрт қола алқамен де толықтырылды.

Ал жарыстың соңғы күнінде 24 шақырымдық ең ұзақ қашықтықта сынға түскендердің арасынан жерлесіміз Виталий Загородько Айымызды оңынан туғызып, бас жүлдені қанжығаға байлады.

Өзге өкілдеріміз де өз тарапынан командалық есепке үлес қосты: атап айтқанда, Наталья Рыбакова мен Иван Аржанников алқаларға ие болмаса да, олардың көрсеткіштері бас жүлдені иелену жолындағы ұпайларға жазылды.

Жеңімпаз құраманы жаттықтырған облыстың бас бапкері Александр Суровяткинге, оның әріптестері Николай Зубаревке, Ирина Бубенщиковаға, Ольга Ихтендриске және Антон Суровяткинге жемісті еңбектері үшін ризашылық білдіргім келеді. Егер Сочидегі Олимпиада ойындарына дейін жерлес конькишілер осы бетінен жаңылмаса, олар Қазақстан намысын лайықты қорғай алады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp