Тоқтар ЗІКІРИН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
Көретін кейде, япырмай, түсте елесін,
Ауылым, әлі маған күш бересің.
Келмей кетсем өзіңе, бәз біреулер –
Ұясынан безген бұл құс демесін.
Балуан көлім, тана көз мөлдірім-ай,
Ауылыма өзіңді берді Құдай.
Күнұзаққа шомылып, ойнаушы едік,
Көзден ұшқан сол шақтың кемдігін-ай?!
Шетте көптен жүргесін жат сияқты,
Бала кезгі болдық қой досқа ұятты.
Ауыл жаққа келеді тартып кеткім,
Жалаңаяқ сүрлеумен жас қияқты.
Өмір керуен іңірге ауғанда күн,
Сағынамын ауылдың саумал дәмін.
Қымыз ішкім келеді жел қақпада,
Жас құрақтың жайып сап бауланғанын.
Тымық кеште түтіні қоңырсыған,
Бұлқынады биікке көңіл шыған.
Жетер ме деп аңсаймын қыр астынан
Сылдырлаған бұлақтай өміршіл ән…
Сағынышпен сарғайған шетте мендей,
Ел баласын сыртқа ешкім теппеген ғой.
Қала қанша жұмақтай көрінгенмен,
Болып тұр ғой ауылым жетпегендей!..