Кеше облыстық әкімдіктің кіші залында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша бейнеконференция өтті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз мәслихатына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ұлттық комиссияның басты мақсаттары жайлы түсіндірді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін қатаң іріктеу негізінде мемлекеттік қызметтің “А” басқарушылық корпусының резервін құруды тапсырды. ҚР Президентінің Жарлығымен Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, тұңғыш отырысы болып өтті. Онда “А” басқарушылық корпусына іріктеуді ұйымдастыруға қатысты бірқатар шешімдер қабылданды. Ұлттық комиссия жұмыс жоспарын және “А” корпусына іріктеудің бірқатар формаларын бекітті, – деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Оның айтуынша, Елбасы Жарлығына сәйкес “А” корпусына енетін лауазымдар тізімі анықталды. Оның толық тізімі Елбасының 2013 жылдың 7 наурызы күні жарық көрген №523 Жарлығында көрсетілген. Кадрлық резервке іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Хабарландыру жариялау, құжаттарды қабылдау (хабарландыру жарық көрген күннен бастап 1 ай мерзімге созылады), тестілеу, әңгімелесу болады. Содан кейін Ұлттық комиссия кандидатты қабылдау немесе оның өтінішін кері қайтару туралы шешім шығарады. Барлық дайындық жұмыстары жүргізілді. Қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Бүгіннен бастап Елбасының мемлекеттік қызметтің “А” басқарушылық корпусына кандидаттарды іріктеу жөніндегі тапсырмалары іске асырыла бастайды.
Әлихан Байменов “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде “А” корпусына іріктеу туралы хабарландыру жарияланғандығы туралы айта келіп, конкурстан өту тәртібіне толығырақ тоқталды.
“Заңнамаға сәйкес 3 мамырға дейін үміткерлердің құжаттары қабылданады. Үміткерлердің біліктілік талаптарға сәйкестігін біздің агенттік тексереді. 550-дей лауазым 2 санатқа бөлінген. Ол санаттар өз іштерінде топтарға бөлінеді. Тестілеу бірнеше түрді қамтиды. Заңнаманы білу (80 минутта 10 заң тапсыру керек), оның кем дегенде 7-еуі дұрыс жауап болу керек. Тұлғалық қасиеттерін анықтайтын тестілеу (әдептілік, қарым-қатынасқа, бәсекелестікке және сапалы жұмысқа бейімділігі) де бар. Осыдан дұрыс нәтиже көрсеткендер ғана одан әрі екі тест тапсыруға жіберіледі. Қисынды ойлау және мемлекеттік тілді білу деңгейінен тестілеуден өтеді. Содан өткендерді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияға жібереміз”, – деді Әлихан Байменов.