Сәби өмірі түсінбейтін бір жаңалықтар мен ғажайыптарға толы. Сәби бұл дүниеден қорқып, қайта оралуға мүмкіндігі жоқ мекенді сағынатындығын ескерген жөн. Ол әлі ойлауды білмейді, онда қорқыныштарын жеңу мен күресудің тиімді ішкі қабілеттері әлі жоқ.
Сәбидің дамуы – ақырын, жай немесе қарқынды түрде өтетін құбылыс. Даму кезеңінде кейде балалар түрлі мінез көрсетуі мүмкін. Ол сәбиіңіздің өзіне әсер еткен психикалық белгілерді қабылдауы, есте сақтауы, ұмытуы және қайта жаңғыртуымен байланысты. Кейде баланы өте тез арада адам танымастай өзгертіп жіберетін кезең байқалады. Осы секірмелі түрдегі өтуді “даму дағдарысы” деп атайды.
Бала дамуына әлеуметтік, тарихи және мәдени факторлар әсер етеді. Адам өмір сүру кезеңінде мынадай психологиялық-әлеуметтік 8 сатыдан өтеді. Олар: нәрестелік, сәбилік шақ, ойын шағы, балалық шақ, жасөспірімдік, жастық, ересектік, кәрілік.
Адам әр сатының өзіне тән ерекшелік дағдарысын басынан кешіреді. Сана мен психиканың қарама-қарсы жағдайының арасында қақтығыстар туындайды. Мысалы, нәрестелік шақ (1 жас) – қоршаған әлемге сену немесе сенбеу. Қақтығыс оң шешілген жағдайда – үміт қалыптасады. Сәбилік шақ (1-3 жас) – тәуелсіздік, ұялу және сенімсіздік сезімдерінің арасындағы қақтығыстар. Мұнда – ерік қалыптасады.
3 жастағы дағдарыстың бір көрінісі – қырсығу. Сәбидің мінез-құлқы өзгелерге қарсыласу ерекшеліктерімен көрініс береді. Маңындағыларымен ұрсысып, таласып, үнемі ренжісу жағдайында болуы дағдарыстың қарсылық көрсету түріне жатады. 3 жастағы балақайлардың ата-аналары көп еститін сөздер: “Тамақ жегім келмейді”, “Үйге кіргім келмейді”, “Ұйықтағым келмейді”. Осы “келмейдінің” бітетін кезі болмайды. Далаға серуендеп шыққан баланың үйге қайтқысы келмейді, анасының пайдалы деп пісірген ботқасын жегісі келмейді. Анасы балабақшаға апарарда киінгісі келмейді. Бұған не істеу керек? Назар аудармай қоямыз ба? Бірақ киінбесе, тамақ ішпесе болмайды ғой. Мәжбүрлеу керек пе? Онда ренжітіп аласыз, арақатынас бұзылады.
Алайда, құйтақандай бөбегіміз де – адам. Ол да бір нәрсені өзі шешкісі келеді, өз тілегімен санасқанды қалайды. Әдетте, кез келген қыңырды жөнге салу үшін құрмет пен байыпты табандылық жеткілікті. Осы мақсатта мына кеңестерімізді естен шығармай жүрсеңіз болғаны:
1. Абыржымай, ашуланбай балаңыздың қылықтарын мүмкіндігінше сабырмен қабылдаңыз.
2. Бүлдіршініңіздің өз бетімен шеше алатын әртүрлі мәселелері (не жейді, не киеді, қай жаққа серуендейді) бойынша пікірін жиі сұрап отырыңыз. Бұл өсу дағдарысын бәсеңдетуге септеседі.
3. Онша асығыс болмасаңыз, балаңыздың айтқанына бір жолға көне салыңыз. Бірақ бала сізді “әлсіздік танытты, мен жеңдім” деп ойлап қалмасын. Ол мұны өзіне деген құрмет пен махаббаттың көрінісі, оның өсіп қалғанын мойындау деп білетін болсын.
4. Балапаныңыздың жетістіктеріне, ол үйренген нәрселерге шынайы қуана біліңіз. Әрі қуанышыңызды одан жасырмаңыз. Сонда бала ата-анасының өзі үшін жан аямайтынын, қайратты да қажырлы болып өсуін қалайтынын сезінеді. Бұл бөбектің келеңсіздік пен қыңырлық кезеңінің қиындықтарын жеңіп шығуына себепкер болады.
Қыңырлық дегеніміз – күшке айналғысы келетін әлсіздіктің көрінісі. Бөбектердің әлсіздігіне кешіріммен қарайық. Шыдамсыздық танытпайық. Азмаз еркелігін көтермей, қатты сөз айтып, жанын жабырқатпайық.
Марал БОПАҚОВА,
психолог-медбике.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.