«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЛАН ШӘЙМЕРГЕНОВ – “АЙЫРТАУ БАРЫСЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саумалкөл ауылындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт залында “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы мен ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен “Қазақстан барысы” қазақ күресі жарысының екінші кезеңі – аудандық іріктеу турнирі болып өтті.  

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

журналист.

Турнирдің салтанатты рәсімін аудан әкімі Амантай Сейфуллин ашып, Айыртау өңірінің балуандарына сәттілік тіледі. Жарыс бекітілген ережеге сәйкес төрт салмақ (57 кг., 64 кг., 72 кг., 81 кг.) дәрежесінде ұйымдастырылды. Жарысқа Володар, Сырымбет, Қамсақты, Лобаново және Украин ауылдық округтерінен келген 42 балуан қатысып, боз кілемде күш сынасты.

 

Алғаш болып 57 кило салмақ дәрежесінде Қарақамыс ауылының балуаны Сұлтанбек Бозкенов пен Кирилловка ауылынан келген Ақберген Дүйсенов белдесіп, қарақамыстық балуан жеңіске жетті. Сұлтанбек басқа қарсыластарынан да басым түсіп, І орынды иеленді.

64 килолық салмақта Қамсақты ауылдық округіне қарасты Светлый ауылының боз кілем шебері Ержан Уәлиев І орынды қанжығасына байлады. 72 кило салмақ дәрежесінде Қарақамыс ауылының балуаны Сұңғат Жахин І орынды иеленді.

Соңғы салмақ дәрежесі 81 килода өнер көрсеткен қарақамыстық Сұңғат Жахинге тең келер балуан болмады.

“Күш атасын танымас” дегендей, келесі кезек абсолюттік салмақ дәрежесіндегі түйе балуандар күресіне де жетті. Бұл белдесуге өз еріктерімен алты балуан жазылып, олимпиадалық жүйе бойынша жеребе тартып, кілемге шықты.

Қызу тартыста дәуқаралық Алмаз Құсайынов ІІІ орынды қанағат тұтса, ақтық сынға ұстаз бен шәкірт – Ерлан Шәймергенов және Әскербек Жетпісов шықты. “Шәкірті ұстазына жол береді” деген ғой, кілемге шығысымен Әскербек өз ұстазы Ерланға жолын ұсынды. Сөйтіп, “Қазақстан барысы” турнирінің аудандық іріктеу айналымында Саумалкөл қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ерлан Шәймергенов “Айыртау барысы” атағын жеңіп алды.

Жарыс жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және заттай сыйлықтармен марапатталса, түйе балуандар белдесуінің жеңімпазына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Олар мамыр айында Петропавлда өтетін облыстық турнирге жолдама алды.

Балуандар сайысына “Гусаковка” ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Навои Сердалин мен “Айыртау-Информ” ЖШС директоры Владимир Васильев демеушілік жасады.

СУРЕТТЕ: “Айыртау барысы” – Ерлан Шәймергенов.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp