Бүгінгі таңда бала тәрбиесі қоғамдағы айрықша өткір мәселенің біріне айналып тұр. “Баланы жастан” баулыған атам қазақ жас ұрпақтың қалыптасуына, мінез-құлқының дамуына, атпал азамат, инабатты азаматша болып өсуіне, оның жан дүниесінің барынша бай, көркем болуына ерекше назар аударған. Есте жоқ ескі күндерден күні бүгінге дейін өзінің мән-маңызын, ішкі қуатын, шапағатты нұрын жоғалтпай келе жатқан халықтық педагогиканың мың батпан салмақты маңызына жете мән беретін болсақ, өткен дәуірлерден жинақталған қазынамыз тым қомақты, қордалы екен. Әттең, соның барлығы шып-шырғасы шықпай кәдеге асып жатқан жоқ.
– Біздің тұстастарымыз мектепте еңбек етіп жүрген кезде ұстаз есімі өте ардақты болатын. Ол тұста қоғамның өзі мұғалімдерді айрықша қадірледі. Біздің алдымызда да ол кісілерге дәл осындай, тіпті, одан да жоғары құрмет көрсетілетін, – дейді білім саласы ардагерлерінің бірі Алпысбай Жақыпов. – Әлі есімде, елдегі қариялар әлдебір қылықтарын ұнатқан немесе қолдарына су құйған жас жеткіншектерге “Мұғалім бол!” деп бата беретін. Демек, сол кездегі қоғамда мұғалім болу айрықша құрметті мамандық еді. Ел мұғалімді жас жеткіншектердің көкірегіндегі сәулесін ашатын, толыққанды азамат болып қалыптасуына септігін тигізетін, болашақтың жетекшісі, жастың жанашыры, қамқоры деп ұқты. Әрі мұғалімдер де өз мамандығына жан-тәнімен берілген жандар еді. Тіпті, олардың киім киісі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, кез келген елді мекенде өзге мамандық иелері, жас құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жас толқын еліктейтін, үлгі көретін, құрмет тұтатын деңгейде болатын. Олардың бойынан мәдениеттіліктің, кісіліктің, әлдебір дегдарлықтың лебі есіп тұратын. Содан да болар, көп құрметіне бөленді, ел алқалады. Бүгінгі күні де ұстаздың ұлағаты, тәлімі мен тәрбиесі, білімі мен білігі азайған жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, мұғалімдерге деген қоғамдағы көзқарас өзгерді ме деп ойлаймын. Қазір ел арасында мұғалімдік мамандықтан гөрі табыстылау өзге мамандыққа ұмтылу жағы басым. Қазіргінің шалдары бұрынғыша “Мұғалім бол!” деп бата бермейді, қазір “Прокурор бол, генерал бол!” деп бата беруі мүмкін. Прокурор, генералың былай тұрсын, нарық заманының табиғатына сәйкес “Бизнесмен бол!” деген де тілек айтылып жатады. Біз бұл кәсіптердің қай-қайсын болсын, жамандаудан аулақпыз. Бәрі – ел игілігіне қызмет ететін, көптің кәдесіне жарайтын шаруа. Әйтсе де, өзіміз шәкірт тәрбиелеген, білім ошағын басқарған адам болған соң бізге мұғалімнің мұңы, мұғалімнің жан дүниесі өзгеден гөрі жақынырақ. Демек, қай қоғамда да мұғалімнің мәртебесі биік тұрса екен дейміз. Солай болғанын қалаймыз. Сондықтан да қашан да болсын, ұстаз есімі құрметтелсе дейміз де.
Иә, ұстаздарға деген көзқарас, қызметіне берілер баға туралы сан рет айтылған. Ал аз айтылып жүрген, жарытып жазылмай жатқан тақырып – мектептерде ер мұғалімдердің азаюы. Еразаматтар нарықтың нар өгізге лайық қамытын мойындарына іліп мықшыңдап, күнкөрістің қамымен жүр. Үйдегі тәрбие толайым әйелдердің мойнында.
– Күнделікті өмірден алынған тәжірибеге қарағанда, жас жеткіншектерге тәлім-тәрбиенің негізгі ауқымды бөлігі 12 жасқа дейін берілуге тиісті, – дейді мұғалім Рамазан Бақытов. – Дана халқымыз “Жаста берген тәрбие жас қайыңды игенмен бірдей” деп, тегін айтпаған. Кез келген жас өрімнің бойына сіңірер тәрбие талшықтары осы жасқа дейін қалыптасып үлгереді. Одан соң өз алдына арна тапқан ағысты өзгерту қиын. Ал тәрбиеге толық отбасы болып, ата-аналардың екеуі де қатысуы шарт. Олай болмаған жағдайда амал жоқ. Оң-солын жаңа танып келе жатқан жас ұландар әке деген асқар таудың айбарын, оның күллі образын тек қана жақсы жағынан танып білсе ғана, көкірегінде ер адам туралы өзгеше таным қалыптасады. Ал тағдырдың жазуымен жалғыз ананың тәрбиесінде өсіп келе жатқан балаларға мүлде қиын. Өйткені, отбасы, ошақ қасындағы тәрбие нәзік жанды әйелдің пайымымен, ұстанымымен, өмірге деген көзқарасымен беріледі де, жасөспірім жартылай ғана тәлім алады. Осыдан барып қимыл-қозғалысы, әдеті, ұяңдығы, айналасындағыларға көзқарасы, таным-түйсігі әйелге ұқсайтын ерлер пайда болады…
Шынында да, ер балалар ер адамның тәрбиесін көруі керектігі – ертең Күннің шығатындығы тәрізді айнымас ақиқат дүние. Бүгіннің бейнесін сараптағанда, кешегіні еске аламыз. Өйткені, өткенге – демеу, бүгінге – қуат. Бұрынғының ақсақалдары ас пен тойға бесіктен белі жаңа шыққан немересін неге ертіп барды дейсіз? Жақсы мен жайсаңның жанға дәру ізгі әңгімесін жас көкірекке тоқыту үшін. Үлкеннің үлгісін тану үшін. Қос уысын толтырып, құлақ асатып отырып, уылжып піскен тәтті құйқамен бірге тәрбиенің талшықтарын өн бойына сіңіру үшін. Зердесінде дәні бар жас жеткіншек алқа-қотан ақсақал, қарасақалдың ел қамын ойлаған, халық игілігін көксеген аталы сөзін ұғуға ұмтылған. Міне, өткеннің тәрбиесі.
– Балалар, алдымен, әке тәрбиесін көргені жөн. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” демей ме? Асқар тау әкенің отбасының қорғаушысы, асыраушысы, арқа сүйері екендігін көріп өссе, күні ертең олар да сол міндеттің қамытын қиналмай киетін болады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні жалғызбасты ананың тәрбиесіне қарап қалған жас толқын көп. Сондықтан толық мәнінде тәрбие ала алмай жатыр. Бұл кемшілік күні ертең алдан шығатындығы даусыз. Кешегі өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдай алмаған азаматтарымыз отбасын асырауға қауқарсыз болып қалғандығын несіне жасырамыз? Содан барып шаңырақтар шайқалды. Ал әкенің қамқорлығын, тәлімді тәрбиесін көріп өскен азаматтар еш уақытта да отбасын тастап, баласын жетім етпеуге тиіс, – дейді психолог Ирина Терентьева. – Ал мектептерде мұғалімдер арасында ер-азаматтардың аздығы туралы көптен бері айтылып келеді. Бұл өзі – шын мәніндегі үлкен проблема. Оның туындауына, түпкі себебіне келетін болсақ, әне бір тұста мұғалімдердің табысы аз болды, оның үстіне мұғалімдерді қосалқы шаруаға жегу тым көп. Айталық, көше тазалау керек болса, сыпырғышын ұстап шығатын кім? Мұғалім. Мәнсіз концерттің билетін кімге тықпалайды? Мұғалімге. Әлдебір бос залды толтыру қажет болса, тағы да екі өкпесін қолына алып мұғалім жүгіреді. Ол аздай, қазір мұғалімдерге қойылатын талаппен бірге қосалқы жұмыстар да мөлшерсіз көбейіп кетті. Қажетті, қажетсіз қағаз толтырудан қажитын мұғалімнің күнделікті сабаққа дайындалуға да мұршасы жоқ. Сонда ол қай уақытта кітапханаға барады, өз білімін қайтып көтереді? Қазір мұғалімдердің жалақысы біршама тәуір. Мүмкін ендігі арада олқылықтың орны толатын шығар…
Міне, мектептегі ер адамдардың азаюы туралы мұғалімдер мен психологтердің пікірі осындай. Сараптай келгенде, бір арнада тоғысатын көзқарас нені көрсетеді? Ол, ең алдымен, бала тәрбиесіне ер адамдардың барынша қажеттілігі. Солай болғанда ғана біздің қоғамымызда әйел пішіндес, әйел мінезді ерлер азаймақ. Ерлер ерлерге лайық іс-әрекеттерімен көрінер еді. Осыны бүкіл қоғам болып ойласақ, бір қарекетін жасасақ артық емес.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.