«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КИПРДЕГІ БАНКТІК КҮЙЗЕЛІС өзге елдерді де алаңдатуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қазіргі әлемдік қаржы жағдайы тікелей экономикаға ғана емес, әлемдегі әлеуметтік-саяси ахуалға немесе басқа да күтпеген оқыс оқиғаларға байланысты құбылып тұрады. Ол алдымен әлемдік қор биржасындағы саудаға ықпал етіп, оның индекстік бағамын төмендетеді. Мысалы, АҚШ-тың қор индексі өткен аптаның басында Кипрдегі банктерді қайта құрылымдау жоспарынан қауіптеніп, 0,3-0,4 пайызға төмен түсті. АҚШ-тың ол елде депозиттері соншалықты мол болмағанымен, еуропалық басқа елдердегі салымдарына Кипрдегі сияқты салық салынуы немесе мүлде есептен шығарылуы мүмкіндігінен сескенеді. Сол себепті ондағы он салалық топтың тоғызында сауда қорытындылары бойынша индекстері төмендеді, күшті құлдыраушылар қатарына өнеркәсіп және шикізат секторлары енді. Атап айтқанда, ұшақтар мен тікұшақтар шығаратын “Textron” компаниясының акциялары – 3,4 пайызға, ал әлемдік ірі жол-құрылыс және тау-кен құрал-жабдықтарын өндірушісі “CaterpiIIar” акциялары 1,0 пайызға арзандады. Сонымен бірге АҚШ-та қуаты жағынан екінші орындағы “FedEx” жедел жеткізу компаниясының бағалы қағаздары 1,5 пайызға кеміді.

 

Қор биржаларында бағалау индекстерінің әлгідей болмай өзгеріп шыға келуі ғажап емес. Өйткені, ол әлемдік қаржылық жағдайлармен тыныстап, солардың ыңғайына қарай жылдам өзгеріп тұрады. Айталық, осыдан бірер күн бұрын Кипрге қаржылық көмек көрсету туралы келісімге қол жеткізгені жайлы ақпарат түсісімен, акциялар құны өсіп шыға келді. Алайда, Еуроодақ пен Кипр билігінің арасында елдегі банк жағдайына байланысты келісімге қол жеткеніне қарамастан, Еуропа мен АҚШ-тың қор нарықтарында бағам әлі де төмендеп отыр. Десе де, ел ішіндегі банк дағдарысы біршама шешіліп, ақша операцияларын жүргізетін пос-терминалдар жұмыс істей бастады.

Еуротобына жетекшілік ететін Голландияның қаржы министрі Йерун Дейсселблум “Рейтер” агенттігіне және “FinanciaI Timеs” басылымына берген сұхбатында Кипр бойынша келісімді еуроаймағындағы алдағы банкілік проблемаларды шешу үшін жаңа модель болып табылатынын мәлімдеді. Егер банк қиын жағдайда қалар болса, онда біз одан алдымен “Осы орайда өздеріңіз не істей аласыздар?” деген сұрақ қоямыз?”, – деді ол. Алайда, ол тағы “Бұл салымдарға байланысты ерекше жағдай, бұдан бұрын болып жүргеніндей үкімет те, салық төлеушілер де емес”, деген түсінік берді. Оның айтуынша, бірінші соққыны банк акционерлері өздеріне қабылдауы тиіс, сосын ол қаржы нарығы арқылы кредит беретін облигация ұстаушыларға тиеді. Содан кейін ғана барып, ірі депозит иелерінің кезегі келеді. Алайда, голландиялық министрдің мәлімдемесі Еуропаның басқа елдері де Кипрдегідей жағдайға ұрынуы мүмкін деген қауіп тудырады.

Шындығында да, еуроаймағында күрделі жағдай қалыптасып отыр, АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің басшысы Бен Бернанке осындай өз пікірін білдірді. Ол бұл сөзді Лондондағы конференцияда айтты, оған ағылшын банкінің басшысы Морвин Кинг те қатысты. “Басты мәселе – монетарлық одақ үшін дұрыс көлемнің қандай болуы керектігі” деп атап өтті қаржыгер. Оның айтуынша, еуроаймақ ішінара өз тұрақтылығын көрсетуде. Бәрінен бұрын бұл Еуропалық орталық банктің инфляцияға бақылау жасауға қабілеттілігіне қатысты. Алайда, валюталық одаққа қатысушы мемлекеттердің дамуы және тиімділігі деңгейіндегі ерекшеліктер мен олардың экономикалық кезеңнің әртүрлі деңгейінде орын алуы еуроаймақтың бірлігі мен тиімділігін бұзады, сөйтіп қайшылықты жағдай туындауы мүмкін.

Еуроаймақтың бетке ұстары – Германияның биылғы жылға жасаған экономикалық болжамдары көздеген межелерге жете алмайтынын көрсетеді. Германия үкіметі жанындағы тәуелсіз экономистер кеңесі елдің 2013 жылғы экономикалық өсім болжамын өткен жылдың төртінші тоқсанындағы ІЖӨ-нің күрт төмендеуінен кейін төмендете көрсетуге мәжбүр болды. “Ақылгөйлер бестігіне” жататын олар елдегі экономикалық ілгерілеуді жыл соңында болжанған 0,8 пайыз көлемінде емес, небәрі 0,3 пайыз деңгейінде ғана бағалауда, өткен жылы 0,7 пайызға өскен ел экономикасын биыл 0,4 пайызға көтере алса, соны қанағат тұтады. Сонымен бірге білікті қаржы мамандары Германияда олармен сауда серіктестері болып табылатын Еуроодақ елдерінің экономикасындағы рецессия мен еуроаймақтағы қарыздық дағдарысқа байланысты ондағы ел экономикасының дәстүрлі қозғаушы күші – экспорттың нашарлай түсетіні болжанатынын айтады.

Дәл осындай қаржылық тапшылықты биылғы жылы Ресейдің де сезінуі мүмкін. Кеден одағы құрамына енетін көршілес елдің биылғы бюджет тапшылығы 1 триллион рубльге жетуі мүмкін деген болжам бар. Федералдық бюджетте нақтылы дефицитті қаржыландыруға ақша жетпеуі мүмкін, деп ескертеді Жоғары экономикалық мектептің даму орталығының сарапшылары. Бюджет туралы заң бойынша биылғы жылғы шығыстар кірістерден 521 млрд. рубльге асып түсуі тиіс.Түсімдер UraIs маркалы мұнайдың барреліне 97 доллар бағасымен есептелінген. Бірақ осы жылдан бастап қолданысқа енген бюджеттік тәртіп бар, бюджеттің жұмсауына болатын мұнай-газ кірістері үшін – 91 доллар көлеміндегі кесіп тастау бағасы енгізілген. Бұл дегеніміз – барлық қосымша мұнай-газ кірістері резервтік қорға, оның көлемі ІЖӨ-нің 7 пайызына жеткенінше аударылып отырылуы керек. Осындай мұнай бағасындағы 6 доллар айырмашылық 373 млрд. рубльді құрайды, яғни жыл қорытындысында резервтік қорға ресейліктер осындай соманы аударуды жоспарлаған. Осы цифрға жоспарланған дефицитті және мемлекеттік кепілдіктерді атқаруға жұмсалатын қаржыны қосқанда нақты дефицит сол жобаланған 1 триллионға жақындайды. Қаржы министрлігі бюджетті жоспарлаған кезде дефицитті 606,5 млрд. рубль қарыз бен 427,7 млрд. рубль жекешелендіру кірістері есебінен жабуды жоспарлаған. Сондай-ақ Ресей экономикасына әл беріп тұрғаны мұнай бағасының жыл басынан бері орташа 111,7 долларды құрап отырғаны болса керек.

Батыстың ірі қаржылық институттардың ықпалы тимей қоймайды десек те, еліміздегі банк жүйесі бірқалыпты жұмыс істеп тұр. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тиімді ақша-кредит саясатын біршама табысты жүзеге асыруда. Банк секторының тұрақты жұмыс істеуі, сондай-ақ кредиттік белсенділіктің өсуі экономиканың басым секторларын одан әрі дамытуға және кредиттеу мен экономикалық өсуді ынталандыруға ықпал ете бастады. 2013 жылы Үкімет пен Ұлттық банк жүргізетін экономикалық саясат 6 пайыз деңгейіндегі орнықты экономикалық өсуді және инфляция аясын нысаналы 3-8 пайыз деңгейінде сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp