Тоқтар ЗІКІРИН,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
Тұнығынан терер лайды,
Күншілдік-ай өмірдегі.
Кейбіреулер көре алмайды,
Басар болсаң сен ілгері.
Орын алсаң төрден ерен,
Қарғысы көп, алғысы жоқ.
Озып кетсең, көлденеңнен
Тұрады ылғи шалғысы кеп.
Іштарлықты қалайсың ба,
Кеулеп кеткен бұл әлемді?
Батыраштар азайсын ба,
Жолдан тосқан Құлагерді?!
Көре алмаған, қызған іштің –
пәлесі көп жала қылған.
Қызыл иті қызғаныштың
Қабады кеп балағыңнан.
Адалдықтың жақтасы бар,
дей тұрғанмен, біз түңілген –
Ауыр соққы жоқ та шығар,
Күншілдердің күңкілінен!?!