«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға арналған өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында кәсіпкерлердің банк кредиттерінің сыйақы ставкаларын жәрдемқаржыландыру және кепілдік беру, сол сияқты өндірістік инфрақұрылымдарды дамыту туралы өтінімдері талқыланды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тимирязев ауданындағы “Керей” шаруа қожалығының жетекшісі Ғазез Шаяхметов “Ірі қара өсіру” жобасын жүзеге асырғалы отыр. Қожалықта 11 адам еңбек етеді. Тағы да 5 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мал шаруашылығын дамыту үшін “БанкЦентрКредит” АҚ-ның облыстық филиалынан алынған 20 млн. теңге көлеміндегі кредитке кепілдік беру және 3 жыл бойы кәсіпкерге 14 млн. теңгенің орнын толтыру туралы ШҚ жетекшісі Ғазез Серікұлы өтінім берген. Өңірлік үйлестіру кеңесі жоғарыда айтылған сомаға кепілдік беру туралы шешім қабылдады, енді кәсіпкер банкке кредит сыйақысының 6 пайызын ғана төлейтін болады.  

 

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” атты бірінші бағыты бойынша жұмыс істеп жатқан “Агапова” ЖК жетекшісі Юлия Викторовнаға да банк кредитінің пайыздық ставкасына жәрдемқаржы берілетін болды. Жеке кәсіпорын жүк тасымалдау қызметімен айналысады. Енді Юлия Агапова “Жүк автокөлігімен тасымалдау бойынша қызмет көрсетуді кеңейту” жобасын жүзеге асырғалы отыр. Ол үшін “БанкЦентрКредит” АҚ-ның облыстық филиалы кредитін “DAF” жүк машинасы мен тіркеме алуға жұмсаған. Енді кәсіпкерге бюджет 3 жыл бойы 1,8 млн. теңгені қайтарады, ал меншік иесі банкке 6 пайыздық сыйақыны ғана төлейді.

Жеке кәсіпкер Аянбек Бижанов “Жолаушылар тасымалдау қызметі” және “Автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциясын ашу” жобаларын қолға алып отыр. “Цесна банк” АҚ-ның облыстық филиалынан алынған кредит ТҚС ғимаратын, шолу шұңқырын салуға, автокөлік, компьютерлік диагностика сатып алуға жұмсалған. Жоба бойынша қосымша 3 жұмыс орнын ашу көзделуде. Аянбек Әбілмәжінұлына 3 жыл бойы 0,6 млн. теңге қайтарылады, ал банкке төлейтін сыйақы 7 пайызды ғана құрайды.

“Тирус-Авто”, “Елена Ковтун” ЖК-дары да жүк тасымалдау қызметін көрсетпек. Оларға да бюджет қаржысынан мемлекеттік қолдау көрсетілетін болды.

Жеке кәсіпкер Татьяна Назырованың кәсіпорны жиһаз жасаумен айналысады. “Delta Вank” филиалынан алынған несиесі “ГАзель” автокөлігі мен жиекті қаптау станогы – құрал-жабдығын сатып алуға жұмсалған. Өңірлік үйлестіру кеңесі оған да қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығындағы Кәрібай Шаяхин басқаратын “ПМК-5” ЖШС құрылыс жұмыстарымен айналысады. Серіктестік өз ауданында ғана емес, Қызылжар ауданындағы Бәйтерек, Новокаменка, Мамлют ауданындағы Покровка ауылдарына да қысқа мерзімде тұрғын үйлер салып, Тимирязев, Шал ақын аудандарында әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізді, сөйтіп облыстың құрылыс саласына зор үлес қосып келеді. Соңғы жылдары кәсіпорын Новоишимка ауылында құрылыс материалдарын өндіруді де қолға алып отыр. ЖШС кәсіпорынға трансформатор қосалқы станциясын орнатуды, ауа арқылы электр желісін, сырттан су құбыры мен кәріз тартуды, кірме автомобиль жолын салуды қолға алмақ.

Қызылжар ауданының Малое Белое ауылындағы “Адель құс” ЖШС де құс кешенін кеңейтуді, ол үшін өндірістік аумаққа су құбырын тартуды мақсат етіп отыр.

Екі ЖШС-ге де “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” атты бірінші бағыты аясында өндірістік инфрақұрылымдарды қамтамасыз ету бойынша көмек көрсетілетін болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp