«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көңіл күйі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Тоқтар ЗІКІРИН,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

 

 

Шаршағаным,

Қажығаным сезілді,

Қанша қайрап,

Жанысам да өзімді.

Өзге түгіл,

Өз көңілім толмайды,

Қайран қалам

Тірлігіме төзімді?!

Ұмтылу жоқ,

Бұрынғыдай жалындап,

Ой орманы –

Жанып біткен шоғырмақ.

Жүрек те енді бұлқынбайды,

Жұлқынып,

Сағынамын,

Соққан кезін арындап.

Жыр жазылмай,

Жаным жүдеп барады,

Ұмыт қалды,

Жастық шақтың самалы.

Көңілдегі көктем бағы тұнжырап,

Үркіп кеткен сияқты ерке маралы?!

Қолдан ұшты,

Құс көңілді қыраным,

Қайда сонау,

Қиял қуған жыр әнім?

Көшкен бұлттар тізбегінен көз алмай,

Іштей тынып,

Жас шығармай жыладым…

Жеткізді ме,

ерте менің күзімді,

Сезім солып,

Жапырағы үзілді.

Сағынышты соңғы сапар,

Тыраулап –

Көк аспанда тырналарым тізілді.

Сүйе алмаймын,

бұрынғыдай күймеймін,

Базары жоқ,

босап қалған үйдеймін.

Бақыттан та баян таба алмадым,

Енді менің

басыма алтын құй мейлің?!.

Өшті бәрі,

Сағымдай боп сейілді,

Із таппаймын,

Сорабымнан кейінгі.

Қалай енді толтыра алар екенмін,

Күншуаққа

құмар көңіл пейілді?

Қақпан – тағдыр,

шабар екен қашан деп,

Аңдап қана

аяғымды басам кеп.

Үлгере алмай қалам ба деп

шіркін-ау,

Жайып салып,

Жан сырымды ашам көп.

Ұғар біреу,

ал біреулер түсінбес,

Ағаттығым жоқ сияқты,

ісімде еш.

Өмір мені аямасаң, аяма –

ал өзіңді сүйгендігім үшін кеш!?

Бәрі де осы,

мүмкін, болар пенделік,

Тырбанамыз,

күн кешеміз елге еріп.

Сабыр дүние сабасына

түскен соң,

Алады ғой

Өмір өзі теңгеріп.

Сондықтан да –

Тоқырау мен шегініс,

әр адамда болатұғын көрініс.

Батқан Күнге батырмаса екен-ау,

Тылсым Тәңір,

жетектеген мені күш!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp