Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Назарбаев Университетінде” оқыған “Қазақстан білім қоғамы жолында” атты лекциясында: “Бұл заман – білекке сенетін емес, білімге сенетін заман”, – деп бүгінгі күнде білімнің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Өйткені, қазіргі кезде өскелең ұрпақты тәрбиелеуде алға қойып отырған негізгі мақсаттардың бірі қоғамға пайдалы, білімді, білікті және де мемлекетіміздің болашағы үшін жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Кез келген ұстаздың алдында әрқашан да ізденіс, жаңашылдық, өмірге деген қызығушылық, талпыныс тұрады. Осыған орай әр ұстаз сабақтың барысын өзінше таңдап өткізуге тырысады.
Мен өзім бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, сайыс сабақ түрін жиі өткіземін. Бұл сабақ түрін негізгі топтар арасында сұрақ-жауап және кезектесіп берілетін тапсырмалар арқылы ұйымдастыруға болады. Мұндай сабақтарды “Көңілді тапқыштар”, “Жұлдызды сағат”, “Бақытты шақ”, “Алғырлар мен тапқырлар” сияқты ойындар түрінде ұйымдастыруға болады.
Мектепте ойын арқылы оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру – педагогтің маңызды жетістіктерінің бірі. Олар оқыту мен тәрбиелеуге кешенді көзқарастың құралы есебінде көрініс береді. Ұлы педагог В.Сухомлинский айтқандай, ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды. Оқу үдерісінде ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сәйкес алынады. Сонда ғана оның танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Бұл оқушылардың тілді тез әрі сапалы меңгеріп кетуіне ықпалын тигізеді, адамның ой-өрісін, логикалық қабілетін дамытады және санасының белсенді жұмыс атқаруы арқасында ғана жүзеге асады. Ойын барысындағы шығармашылық жұмыс оқушылардың өз бетімен ойлауын, еркін тәрбиелене отырып, білімге деген ынтасын, есте сақтауы мен зеректігін, білгірлігін, таным қабілетін қалыптастырады. Пән тақырыптарын тез, жылдам меңгеруге ықпал етеді, оқушылардың сөздік қорын байытып, берген тапсырманы ойланып, ізденіп орындайды.
Таңсұлу АСЛЯМОВА,
Ленин орталау мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Мағжан Жұмабаев ауданы.