«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫ ЖЕТІСТІГІ — мұғалім жеңісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданындағы Лавровка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп жүрген Жанар Құсайынова 33 жыл еңбек жолында тәрбиеші, аудармашы, хатшы болып жұмыс істеген. Өз мамандығы бойынша еңбек өтілі – 15 жыл. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген бірінші санатты мұғалім мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Бүгінгі күні жоғары санат алуға дайындалып жүр.  

 

Ұстаздың айтуынша, ол сыныбындағы оқушыларды сабақ барысында тегіс қамту үшін деңгейлік тапсырмалармен оқыту әдістемесін кеңінен қолданады. Осы әдістемесі республикалық “Қазақ тілі мен әдебиеті” журналына жарияланған. “Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша деңгейлік тапсырмалар” атты шағын кітапшасын да шығарып, тәжірибесін таратып жүр. Қажуды білмейтін мұғалім: “Сабақты немқұрайды берсең, оқушылар да солай дайындалады. Оқушыларымның нәтижесі менің нәтижем деп білем. Балаларды қазақша емін-еркін сөйлеуге үйрету үшін ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеймін”, – дейді.

Дарынды балаларға арналған “Сөз өнері” үйірмесіне 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысады. Ол оқушыны бастауышта оқып жүрген кезінен-ақ бақылап, орта буынға өткенде үйірмеге тартады.

– Оқушыларымның “Жарқын болашақ” олимпиадасының “Сөз шеберлері”, “Тілші әдебиетші” аталымдары бойынша жүлдегер атанғаны – тынымсыз еңбектің нәтижесі. 7-сынып оқушысы Юлия Лагуткина өткен жылы “Жарқын болашақ” олимпиадасының облыстық кезеңінде 1-орын алып, республикалық сайыста қола медальға ие болды. Абай, Мағжан, Махамбет оқуына да қатысып, жүлделі орын алып жүрген оқушыларым бар. Олар өздерінің мүмкіндіктерінің ашылуы үшін аянбай тер төгеді. Мемлекеттік тілдің мәні мен мазмұнын жете түсінеді, сондықтан олимпиадаға қатысуға өздері сұранып, бағыттарын да, тақырыптарын да өз беттерімен таңдайды. Мен бағыт беріп, қолдау көрсетемін, – дейді білікті ұстаз.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp