«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАБЫЛДАУҒА КЕЛГЕН 7 КІСІ үмітпен кіріп, сеніммен шықты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров жетекші партиядан қолдау іздеп келген азаматтарды қабылдап, өтініш-тілектеріне орай нақты жауап берді.

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

“Пушкин-57” ПИК төрағасы, спорт шебері Игорь Дубинец пен жаттықтырушы Александр Никитенко облыстық соттың, “Есіл” мейрамханасы мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар кітапханасының аумағында орналасқан көпфункциялы хоккей корты мен оның балансына тиесілі мүліктер қалпына келтірілсе, дейді. Игорь Анатольевичтің айтуына қарағанда, аталмыш кортты қаланың 6 әуесқой хоккей командасы пайдаланады. Олар көрші облыстармен бірге Омбы қаласындағы жарыстарға да қатысып тұрады. Алайда, корттың қазіргі жағдайы балалардың спортпен жыл бойы айналысуына кедергі келтіріп отыр: аула қардан тазаланбайды, шам орнатылмаған, су-ағарлар дұрыс жұмыс істемейді, сондықтан көктемгі қар суы көпқабатты үйлердің жертөлелеріне қарай ағуда.

 

Самат Ескендіров өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулуға үлес қосып жүрген аулалық клубтардың басшыларына жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін, аталмыш мәселе қала әкімдігінің, спорт басқармасының қатысуымен шешілетіндігін атап айтты.

Қоғамдық қабылдауға келген облыс орталығының тұрғыны, 52 жастағы зейнеткер Сырым Иманбаев заман ағымына орай жылыжай орнатып, голландық тамшылата суару әдісімен жыл бойы көкөніс өсірумен айналысуды мақсат етіп отыр. Ол үшін Астанада болып, жылыжайға қажетті материалдар алу жағдайын қарастырған. Шешімін күткен мәселе жер телімі екен. Оның су мен электр қуаты көздеріне жақын болғанын қалайды.

Самат Ескендіров:

– Біз мұндай бизнес-жобаларды қолдауға әрдайым әзірміз. Қызылжар ауданының облыс орталығына жақын елді мекенінен 6 ай мерзімге, яғни уақытша пайдалануға жер телімін беру жағын қарастырамыз. Аталған мерзімде жылы-жай орнатылуға тиіс, олай болмаған жағдайда белгіленген заңға сәйкес жер телімі кері қайтарылып алынады. Ойлаған ісіңіз бизнес-жоспарыңызға сәйкес болса, мемлекеттік қолдау да көрсетілетін болады, – деді.

Мәдениет қайраткері, ҚР Құрметті журналисі, зейнеткер Амандық Жантеміров Жамбыл ауданындағы Қарақамыс ауылының қазіргі жағдайын сөз етті: жол нашар, автобус қатынасы жоқ, ең жақын жанармай станциялары Благовещенка мен Пресновка ауылдарында ғана. Шағын елді мекеннің осындай мәселелерін айта келіп, Амандық Мырзахметұлы “Солтүстік Қазақстан” газеті мен ауыл тарихына арналған кітаптарын өңір басшысына тарту етті.

Самат Сапарбекұлы биыл жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге ерекше көңіл бөлініп отырғандығын, сол бағдарламада Қарақамыс сияқты елді мекендердің бар екендігін жеткізді.

“Бокстың болашақ жұлдыздары” қорының вице-президенті Александр Мощенко мен осы қордың заңгері Алма Мұстафина қалалық спорт-мәдени орталығы салынса деген тілекпен келіпті. Олардың таңдап алған алаңы Парк көшесіндегі “Бокс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің маңы, дәлірек айтқанда, қалалық саябақпен жапсарлас болып шықты.

Самат Ескендіров облыс орталығында кез келген нысан Петропавл қаласының бас жоспарына сәйкес жүргізілетіндігін, ондай орталықты “Береке” ықшамауданында салу қарастырылып жатқандығын, ал бастамашылар ұсынып отырған жоба зерттелетіндігін атап айтты.

Осы күні қоғамдық қабылдауда болған Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғыны Жәлел Нұғыманов та өз өтініш-тілегіне орай нақты жауап алды.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp