Қазіргі кезеңнің ең басты қажеттілігі – адамдар арасындағы сыйластық, бірін-бірі қадірлеу, бірін-бірі құрметтей білу мен бағалай алуы, яғни адамдардың өзін-өзі, қоршаған ортаны, әлемді тани білуі. Осы мақсатта мектебімізде орта буын оқушылары арасында “Әлемге деген көзқарас” атты мектепішілік байқау өткізілді. Бұл іс-шараға қатысқан оқушылар әртүрлі тақырыпта өздерінің шағын зерттеу жұмыстарын слайд негізінде көрсетіп, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды.
5-сынып оқушысы Жанғали Жұмағұлов басқарған топ “Отбасы жарастығы” жайлы ой қозғап, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы мен қамқорлығы жайлы әңгімелеп, отбасын құрметтеу адамның жақсы қасиеттерінің бірі екенін дәлелдей алды. Қарсылас топты басқарған Ақыл Ермек “Табиғат – біздің анамыз” атты жобасында туған жердің табиғаты адамның жанын үйлесімділікке, жарасымдылыққа шақыратыны, әсіресе, туған жер ғажаптары адамды шығармашылыққа баулып, мейірімді болуға үйрететіндігі және осы әсем табиғатты сақтау әрбір адамның қолынан келетіні туралы айтып өтті.
7-сынып оқушысы Қымбат Ербұланова өзінің қарсыластарынан озып шықты. Ол жалғыз өзі таныстырылым негізінде жасалған “Менің өз пікірім!”, “Достасайық бәріміз!”, “Бақыт құшағында”, “Жылы жүрек – жақсы тілек” жұмыстарында ерекше ой танытып, барша жұртты өзінің ақыл-парасатымен таңғалдырды.
Іс-шара барысында “Өзін-өзі тану” пәнінің ұранына айналған “Ризашылық” әні орындалып, балалар шеңберге тұрып, бір-біріне және ұстаздарына арналған жылы лебіздерін білдірді.
Айнұр НЫСАНБАЕВА,
Андреевка орта мектебінің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.