«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ” мейірімділікке тәрбиелейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы тәрбие және даму мәселелері жөніндегі базалық №23 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары денсаулығында кінәрат бар алты жасар бүлдіршінге көмек қолдарын созды. Олар өздерінің қолдан жасаған бұйымдарын “Мейірімді жүрек” атты қайырымдылық акциясына шығарып, одан түскен қаражатты Каринаны емдетуге берді.  

Мектеп бағдарламасына енгізілген “Өзін-өзі тану” пәнінің оқушылардың мейірімді, қайырымды болып өсуіне тигізер пайдасы зор. Оған өмірге жаңада көзқарастары қалыптасып келе жатқан бүлдіршіндердің кейбір үлкендердің қолынан келе бермейтін әрекетке баруы мысал болады. Түсінікті болу үшін шегініс жасайын. Таяуда Карина атты бүлдіршінді емдетуге қаражат жинау үшін қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Оны ұйымдастыруға басшылық жасап жүрген жеке кәсіпкер Олеся Гонтарь қайырымдылық акциясына мектеп оқушыларын да тартуды көздеген.  

 

– Мен бірнеше мектептер басшыларына барып, балаларға еңбек сабақтарында әдемі бұйымдар жасатуларын, ол бұйымдарды сатудан түскен қаржыны қайырымдылық қорына берулерін өтіндім. Өтінішімді құп алған тәрбие және дамыту жөніндегі базалық №23 орта мектептің оқушылары Елена Сорокина (2 “а” сынып), Дарья Масенко (4 “б” сынып), Ирина Козлова (2 “в” сынып) бейнелеу өнері және сызу пәндерінің мұғалімі Ирина Полосинаның басшылық етуімен өз қолдарымен жасаған бұйымдарын қайырымдылық акциясына сатуға қойды. Сөйтіп, олар қайырымдылық қорына 5 мың теңге ақша қосты. Бұл бір қарағанда көп те емес. Алайда, адамгершілік осындайдан қалыптаспай ма? – дейді “Гармония” интерьер студиясының директоры, кәсіпкер Олеся Гонтарь.

Оның айтуынша, Каринаны емдеуге 72 мың еуро жинау үшін 36 мың адам 2 еуродан салу керек. Оны теңгеге шаққанда әр адамға 400 теңгеден шығады. Сонда бастауыш сыныптың 3 оқушысының 5000 теңгесін 400 теңгеге бөлсек, 12 адамның салатын ақшасын жабады.

– Балалардың қайырымдылық акциясына қатысуына мектепте өтетін “Өзін-өзі тану” пәнінің ықпалы болды деп есептеймін. Меніңше, бұл пәнді мемлекет мектеп бағдарламасына енгізіп отырса, оған қажеттілік болып отыр. Сол пән арқылы балалар мейірімділік жолдарын үйреніп, әсемдікті сезінеді. Теориялық сабақта оны өтсе, тәжірибеде қолданады. №23 мектептің бастауыш сынып оқушыларының осы әрекеттері – осының айғағы және бұл басқа адамдарға үлгі боларлық жайт. Өтінішімізді аяқасты етпей, қолдау жасаған мектеп ұжымына алғысым шексіз, – дейді Олеся Викторовна.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp