«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚҚАНДАРДЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Заңнан аттап, темір торға қамалғандар бір күні бостандыққа шығары анық. Алайда, олар айтарлықтай өзгерген қоғамға қайта бейімделуі қажет. Міне, осы және басқа мәселелер жөнінде түзеу мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокурор Андрей Бессоновпен тілдескен едік.

– Андрей Александрович, өткен жылы өңіріміздегі түзеу мекемелерінен қанша адам бостандыққа шықты?

– Соңғы жылдары бас бостандығынан айрылғандардың жалпы саны азаюда. Қазір түзеу мекемелерінде 2 мыңнан астам адам жазасын өтеуде. 2012 жылы 637 адам бостандыққа шықты. Олардың жартысы – шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар.

– Олардың қанша пайызы темір торға қайта оралады?

 

– Өкінішке қарай, бостандыққа шыққандардың әдетте 10-15 пайызы қайта қылмыс жасап, түзеу мекемелеріне оралады.

– Бұл пайызды азайтудың бірден-бір жолы – түзеу мекемелерінен шыққандарды қайта әлеуметтендіру. Бүгінгі таңда осы мақсатта қандай жұмыс атқарылуда?

– Қазіргі таңда бұл міндетті орындау жергілікті әкімдіктерге де жүктелді. Бостандыққа шыққандарды қайта әлеуметтендіру жұмысы аса маңызды. Облыс орталығында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған жөні түзу әлеуметтік нысан жоқ. Оның ішінде бостандыққа шыққандар үшін мұндай жағдай мүлдем қарастырылмаған.

Иә, облыс орталығында тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған бейімдеу орталығы бар. Бірақ, ондағы орын санаулы. Екінші мәселе – бостандыққа шыққандардың кейбірінің баспанасы болғанымен, жұмысы жоқ. Бұл үшін облысымыздағы жалпы жұмыс орнының 1 пайыз квотасы қарастырылған 180 кәсіпорын бар. Өткен жылы аталмыш квота арқылы 31 адам жұмысқа орналасты. Жалпы өткен жылы бостандыққа шыққандардың 50 пайызы еңбекпен қамтылды. 28 адам қайта біліктілігін арттырудан өтіп, оның 26-сы тұрақты жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар бұл санаттағы адамдар тәртіп сақшылары тарапынан бақылауда болады. Бұл бостандыққа шыққандарды қайта әлеуметтендіруге өз септігін тигізеді. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар белгілі бір міндеттерді орындауға тиісті. Мысалы, түнгі уақытта үйде болуы, ойын-сауық орындарына бармауы, мекенжайының өзгергенін тәртіп сақшыларына хабарлап отыруы қажет. Бұл – алдын алу жұмыстары. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандықтан, оларды бақылаусыз қалдыруға болмайды.

– Олардың тарапынан бұл талап орындала ма?

– Үш жыл бұрын бостандыққа шыққандардың үштен бірі полицияның есебіне тұрмайтын. Есепке тұрғандардың өзіне бақылау болмаған. Осы орайда біз облыстық Ішкі істер және Қылмыстық атқару жүйесі департаменттерімен бірлесіп, тәртіп орнатуға тырыстық. Қазір бостандыққа шыққандардың қайтадан қылмыс жасауы азайды. Оның ішінде түзеу мекемелерінен шыққандардың ауыр қылмыс жасауы жоқ деуге де болады. Мәселен, 2009 жылы шартты түрде босатылған азаматтың қылмыстық топ құрып, Ақжар ауданында бір мезетте 5 адам өлтіріп, ауыр қылмыс жасаған қанды оқиғалар орын алды. Мұндай оқиға 2010 жылы да қайталанды. Ал қазір мұндай оқиғалардан адамыз.

– Соңғы кездері түрме өзінің негізгі міндеттерінің бірі – түзеуді жүзеге асырмай отыр деген сын айтылып жүр. Бұл сын қаншалықты орынды?

– Ең бастысы – түзеу мекемесінің қабырғасынан шыққан адамға мүмкіндік жасау қажет. Ал жұрт қатарлы өмір сүргісі келмейтін адамды құлағынан тартып, алға сүйреп, қайтадан тәрбиелей алмайтынымыз анық. Сондықтан, өкінішті өткенінен қол үзгісі келетіндерге қолдау таныту керек. Осы орайда әлеуметтік қорғау органдарының жұмыстарына жоғары баға бергім келеді. Аталмыш органдар өз бағыттары бойынша бостандыққа шыққан тұлғаларды есепке алып, мүмкіндіктеріне қарай қолдау танытып отырады. Ал жергілікті атқарушы орган тоқсан сайын ведомствоаралық кеңес өткізіп, онда түзеу мекемелерінен шыққан тұлғаларға көмек көрсету мәселесі үнемі қаралады.

– Жуырда бір “дөңгелек үстелде” прокуратураның түзеу мекемелерінің жүйесіне көңілі толмайтындығын айтқан болатынсыз. Осының себебін түсіндіріп өтсеңіз.

– Түрмеде отырғандардың жұмыс істемей, мемлекеттің есебінен күн көріп жатқандығына көңіліміз толмайды. Бас бостандығынан айрылған бір адамға бөлінетін қаржы мектеп оқушыларына қарастырылған қаржыдан да көп. Күзетке, түзеу мекемесі алып жатқан аумақты ұстауға, қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге бөлінетін қаржы миллиардтаған теңгені құрайды. Мысалы, жуырда 3-ші колонияның айналасына 300 миллион теңгеге қоршау орнатылды. Бас бостандығынан айрылғандарды еңбекпен қамту үшін түзеу мекемелерінде қажетті база жоқ. Егер жұмыс болса, олар ақша тауып, зардап шеккендерге өндірілетін қаржы да төленіп, бұл жүйе өзін қаржылық жағынан ақтар еді. Шығыны көп жүйенің мәселелерін шешу жолдары Үкімет деңгейінде қарастырылуда. Біз қазіргі жағдаймен мүлдем келіспейміз. Бір шара қолдану қажет.

– Мемлекет бюджетінен жылына бір сотталушыға қанша қаржы бөлінеді?

– 800 мың теңге.

– Бүгінгі таңда еліміздегі түзеу мекемелері заман талабына сай ма?

– Бізде түзеу мекемелері кеңестік кезеңнен қалған отрядтық режімде жұмыс істейді. Соңғы кездері шетелдегі сияқты камералық режімді енгізу қажет деген пікір айтылып жүр. Бұл бас бостандығынан айрылғандар дың тәртібін қадағалауға тиімді әдіс ретінде қарастырылуда. Қылмыстық атқару жүйесі бағдарламасында осындай мекемелерді салу қарастырылған. Бір жылдары Есіл ауданындағы ерекше режімдегі түзеу мекемесін облыс орталығына көшіру көзделді. Бағдарлама бойынша аталмыш түзеу мекемесі 2015 жылы көшірілуі керек еді. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Біріншіден, облыс орталығына кәнігі қылмыскерлерді көшіру, екіншіден, олармен бірге қоныс аударып келетін қызметкерлерді үймен қамтамасыз ету, үшіншіден, колония орналасатын жердегі қарапайым халық бұл шешіммен келісе ме деген сұрақтар туындады. Кімнің кәнігі қылмыскерлермен қатар өмір сүргісі келеді? Нәтижесінде еліміздің өзге өңірінде кәнігі қылмыскерлерге арналған заманауи үлгідегі камералық колония салынатын болып, бұл жұмыс тоқтатылды. Осы жерде бүгінгі отрядтық жүйе мен болашақта көшуді жоспарлап отырған камералық жүйені салыстырсақ, екеуінің де оң және теріс тұстары бар. Мамандар отрядтық жүйе бойынша жұмыс істейтін түзеу мекемесінде тәртіп темірдей қатты болса, бас бостандығынан айрылғандардың бір-бірімен емін-еркін араласқанынан еш қауіп жоқ, дейді. Ал камералық жүйенің теріс тұсы адам бірнеше жыл қатарынан жападан-жалғыз отырғандықтан, оның психикасында ауытқушылық болып, ол адамдармен сөйлесу машығынан айрылады екен. Осының кесірінен ол бостандыққа шыққанда себепсіз ауыр қылмыс жасауға бейім болатын көрінеді. Сондықтан мұндай ұсыныстарды мамандардың жан-жақты талдауынан кейін ғана қабылдау керек. Бұл жерде кезінде қылмыстық-атқару қызметі саласындағы функциялар мен өкілдіктерді Әділет министрлігіне тапсырып, одан оны Ішкі істер министрлігіне қайтару сияқты оқиғалар қайталанбас үшін барлығын таразылау керек. Біз осының кесірінен 10 жыл уақытты босқа кетірдік.

– Сондағы айтпағыңыз, мәселені қылмыстық-атқару қызметі саласындағы функциялар мен өкілдіктерді қандай да бір органға тапсырумен емес, жүйені түбегейлі өзгертумен шешу қажет дейсіз ғой?

– Иә, бұған қаржы және тың идея айта алатын бас керек. Бір кезде біздің облысымызда 3-ші және Есіл ауданындағы ерекше тәртіптегі колониялар проблемалық мекемелер болды. Қазір олар тәртіп орнауының арқасында республикадағы үздік колониялар атанып отыр. Ал аталмыш колонияларда басшылық талапқа сай тәртіп орнатқан кезде жазасын өтеушілер көтеріліс жасап, көңілдері толмайтындықтарын көрсеткен еді.

– Түрмедегі субмәдениеттің қатаң тәртіпті сақтауға кедергі екені сөзсіз. Алайда, оны жою да мүмкін емес. Бұл жайлы не айтасыз?

– Иә, түрмедегі субмәдениетті жою мүмкін емес. Бірақ, кеңес кезінде қалыптасқан түсінік – наколка, жаргондар өздігінен жоғалуда. Заманға қарай субмәдениет те өзгереді. Қоғамда фильмдер арқылы түрмеде “беделділер” мырза сияқты өмір сүреді деген көзқарас қалыптасқан. Бұл жерде ең бастысы мекемеде заңды режім болса, оған бас бостандығынан айрылғандардың барлығы бірдей бағынады.

– 2011 жылы рақымшылық шеңберінде 124 адам бостандыққа шықты. Олардың тәртібі қан дай?

– Өкінішке қарай, олардың кейбірі қайтадан қылмыс жасап, бас бостандықтарынан айрылуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp