«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел мақтаны болған Мархаба би өнерінің жұлдызы еді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің аққайыңдар өлкесінде өнерімен елге танылып, халық сүйіспеншілігіне бөленген біртуар дарынды тұлғалар аз емес. Әріге бармай-ақ, жыр пайғамбары Мағжан Жұмабаевтан бастап, классик жазушыларымыз Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповті, олардың ізін басқан көркемсөз шебері Сафуан Шаймерденовті, әлемге танылған әйгілі әнші Ермек Серкебаевты, атақты ғалым Евней Букетовты және басқа асылдарымызды мақтаныш ете аламыз. Осындай өңіріміздің даңқын асырған тұлғалардың қатарында би әлемінде жарық жұлдыздай жарқыраған Мархаба Иманқұлова апамыздың да тұрары сөзсіз.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тал шыбықтай бұралған Қызылжар аруының өнерде көтерілген өріне осы өңірде әзірге қолы жеткен жан жоқ. 1972 жылы Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген әртісі атағын алған биші апамыз осы даралық сипатымен де асқақтай түседі. Алайда, “шын асылды тот баспайды” дегенмен, мына жылжып, ағып бара жатқан уақыттың өткенге перде түсіріп, ұмыттыра бастайтыны өкінішті. Оны да өмір заңдылығы дей тұрғанмен, өңір тұрғындарының зор сүйіспеншілігіне бөленген асыл жанды әсте естен шығаруға болмайды. Бүгінде бишінің өнерін тамашалап, көзін көргендердің қатары сиреп барады. Ал ертеңгі ұрпақ өңірдегі өнер бастауында Мархаба Иманқұлова сияқты ғажайып биші апалары тұрғанын білуі тиіс. Осы мақсатпен апамыздың орнында қалған келіні Полина Иманқұловаға жолығып, дүлдүл өнерпаздың өмірі мен өнері жайында сыр сабақтадық.

 

БҰЛАҚ КӨЗІН АШҚАН БАЛЕРИНА  

“Ебепке – себеп” дейді ғой қазақ, егер жау құрсауға алған блокададағы Ленинградтан осы шалғайда жатқан шағын қалаға балет әртісі Людмила Камская келіп, тұлымшағы желбіреген жас қыздың би өнеріне бейімділігін байқамаса, одан еліне әйгілі биші шығар-шықпасын кім білсін? Әйтеуір, тәжірибелі балеринаның бұлақ бастауын дөп басқаны анық. Табиғатынан көрік пен талантқа кенде емес Мархаба өзінің тамаша икемділігі мен жеңіл мәнерлі қозғалысымен және бұраңдаған буын еркіндігімен ерекшеленіпті. Қаладағы №1 Ленин атындағы мектепте оқып жүрген кезінде әртүрлі акробатикалық нөмірлер орындауымен біршама танылып та үлгерген. Орта мектептен кейін өнер жолына түсуді армандайды екен. Соғыстың кесірінен жетінші сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмайды. Сол кездегі 14-15 жастағы көптеген құрбылары сияқты қаладағы қазіргі №1 емхананың төңірегінде ашылған әскери госпитальда жаралы жауынгерлерге көмек көрсетіп, ондағы мәдени-концерттік шараларға белсене араласады. Көбінесе өзі мектеп қабырғасында әуестенген акробатикалық нөмірлерді орындап жүреді.

Оны блокадалық балеринамен тағдыр осы жерде табыстырды. Кәсіби маман жас қыздың әрбір қозғалысынан бишілік дарынды танып, аянбай тер төгер болса, одан түбінде жақсы биші шығатынын санасына сіңіруге тырысып баққан. Көктен іздегені жерден табылғандай болған Мархаба мұндай мүмкіндікті қапы жіберсін бе? Қолы босаған сәтте Людмила Константиновнаның жанынан табылатын болды. Үйренуді бірден биден бастаған жоқ, тәлімгері Мархабаға алдымен бұрынғы акробатикалық нөмірлерін күрделендіріп, жетілдіруге кеңес берді. Білікті бишінің ондағы ойы сәнді дене қозғалысына қажетті буын бұралымдарына жетіле түссін дегені болса керек. Не керек, әйтеуір, жасалған ұзақ жаттығулар өз нәтижесін бере бастайды. Госпитальда орындаған алғашқы билерін жаралылар жылы қабылдаған.

Алайда, өнер жолындағы алғашқы қадамының қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Сүйікті қыздарының жаралылар алдында билеп жүргенін естіген ата-анасы оның мұндай әуестігіне үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

– Мархаба енемнің айтуынша, әкесі Сәдуақас оған: “Тәп-тәуір отбасынан шыққан қыз баланың әлем-жәлем киініп, жұрт алдында қылтыңдап билегені дұрыс болмайды”, деп қатты ашу шақырыпты, – дейді Полина Борисовна.

Расында да, әкесі айтса айтқандайын, Иманқұловтар сол кезде қаладағы іргелі отбасылардың бірінен саналатын, бірақ өнер әлеміне еш жанаспайтын еді. Жылдар өте келе бұл шаңырақтың аты мен даңқын өнер шығаратыны ешкімнің ойына келмеген. Әкесі Сәдуақас Наурызбаев ұзақ жыл темір жолда еңбек еткен КСРО-ның “Құрметті теміржолшысы” атағына ие еді. Ол оған соғыс жылдарындағы жанқияр еңбегі үшін берілген. Полина – Борисовна өзі көрмеген арғы қайын атасының Петропавл – Көкшетау және Петропавл – Челябі темір жол рельстерін төсеуге қатысқанын айтады. Әжелері үнемі бала тәрбиесімен ғана айналысқан көрінеді. Мархаба отбасыдағы екінші бала, одан басқа екі сіңлісі және бір ағасы мен екі інісі болған. Оның үстіне Сәдуақас қаза тапқан бауырының екі баласын бауырына басып, өз балаларындай тәрбие берген. Осындай тату-тәтті ортада өсіп, отбасының тәлімді үлгісін көрген Мархабаның сол кездегі қазақ қыздары онша бой көрсете қоймаған би өнеріне ұмтылысы ата-анасын қалай ашуландырмасын? Оның үстіне кейбіреулердің: “Ойбой, пәленшекеңнің қызы жартылай ашық билейді екен” деген сөздері де тамызыққа май құйғандай болды.

Ленинградтық балерина өте ақылды жан болса керек. Сәдуақастың ашуы тарқады-ау деген кезде барып, қызының өте дарынды жан екенін айтып, бағын байламауын сұраған. Мархабаның әке-шешесі не дегенмен де көздері ашық жан екенін танытып, өзара ақылдаса келе келісімін береді. Содан кейін балерина мен биші қыз барлық бос уақыттарын биге арнады. Соғыс аяқталып, Жеңіс күні туғаннан кейін Людмила Константиновна туған қаласы Ленинградқа қайта қоныс аударды, бірақ ол өзінің талантты шәкіртінің бойында би өнеріне деген зор сүйіспеншілікті қалдырды.

БАЯНСЫЗ МАХАББАТ

Осылайша өнердің алғашқы баспалдағынан өткен өрімдей жас Мархаба өмірдегі еңбек жолын облыстық филармонияның жанындағы концерттік-эстрадалық бюрода бастады. Ол кезде Игібай Әлібаев сынды өнер тарланы бастаған бұл ұжымда бірден бишілік емес, акробатикаға қолы жеткеніне разы еді. Мектептен бастап акробатикаға біршама төселіп қалған оған сахналық қойылымдар оншалықты қиынға түскен жоқ. Көрермендер көркем де сүйкімді қараторы қыздың мінсіз дене қимылдарына тәнті болып, қайта-қайта қол шапалақтап, сахнаға шақыратын. Көпшілігіне өзінің акробатикалық нөмірлері емес, би мәнерінде иіліп сәлемдесуі мен балет үлгісіндегі қимыл-әрекеттері ұнайтынын сезіне бастады. Сөйтіп, ол іштегі кәсіби би өнеріне деген құмарлық отын лауатып, басты арманына айналды.

Алайда, оның орындалуы үшін алда талай уақыт өтерін кім білген. “Сахнада өнер көрсетіп жүрген сұлу қызға оңтүстік өңірден келген белгілі әртіс жігіт құлай ғашық болып, ақыры екеуі отау құрды. Ол – өзіміздің облыстағы Шал ақын ауданының Көктерек ауылының тумасы, кейінде Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген әртісі атанған сахна шебері Ысқақ Иманқұлов болатын. Өзінен 15 жас үлкендігі бар және бұрын отбасы құрған оған, сірә, Мархабаның өзінің де сүйіспеншілік танытқаны анық. Алайда, онымен бірге бір шаңырақ астында өткізген екі жылы көрген түстей болып, өзін бір жастағы сәбиімен тастап кеткен сүйіктісінің бұл қылығын өмірінің соңына дейін ұмытпай кетіпті.

– Адамды сүйе тұрып, оған кешірімділік жасамау да қайсарлық қасиет. Қайын енемді өз махаббатына адал жан деп білемін. Әйтпесе, есік көрсе де, елге танылған әдемі бишіге көз салып, сөз тастағандар болмады дейсіз бе? Ендігі өмірін өнеріне және жалғыз ұлы – менің жұбайым Болатқа арнаған Мархаба одан басқа шаңырақ құрмай өтті. Жылдың қай мезгілінде болсын үнемі гастрольде, шалғайдағы ауыл еңбеккерлеріне қызмет етіп жүріпті. Ал Болат көбінесе ата-әжесінің тәрбиесінде болған екен. Анасы оған аздаған демалыс уақытында ғана мейрімін төге алатын еді. Қалай болғанда да Болат жақсы азамат болып өсіп, ата-анасына тартып, өнер жолын қуды. Өмірден ерте озған жарымның өз әкесін танығысы келмей өткенін, шынымды айтсам, осы күнге дейін түсінбеймін. Сірә, Ысқақ Иманқұловтың атын да атағысы келмеген анасының ықпалы болған шығар, – дейді Полина Борисовна.

Бишінің келінінде өзгеге сездіргісі келмегенімен, өмірінде жүздесіп көрмеген қайын атасына деген ілтипат сезімі де жоқ емес. Қорғандағы мәдени-ағарту оқу орнының би бөлімін бітірген Полина Борисовна өнер адамдарының жай-күйін жақсы түсінеді. Ата-енесінің бірін-бірі кездестіріп, сүйіп қосылғандарына шүбә келтірмейді. Бұл өзі жұмбақ дүние ғой, Ысқақ Қызылжардан кеткенде өзгеге емес, өзінің бұрынғы балалы-шағалы отбасына қайта қосылған. Бертінде егде жастағы шағында сонау Шымкенттен Петропавлға түсінісу үшін арнайы келсе де, Мархаба оны қабылдай қоймаған. Сол себепті туған ұлы Болатпен де тірісінде жолыға алмай кетіпті.

БИШІНІҢ ЖҰЛДЫЗДЫ ЖЫЛДАРЫ

Мархабаның нағыз бишілік өнер жолы Алматыдағы республикалық эстрадалық өнер студиясында атақты хореограф, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың шеберлік сыныбын бітірген соң басталған. Онда ол ұлттық, Шығыс халықтарының және үнді би өнерлеріне машықтанды. Әйгілі ұстаз талантты шәкіртінің бойындағы бишілік зор қуатты танып, оған ерекше үміт артты. Кейінгі өнер жолында оны үнемі назарында ұстап, жақсы қарым-қатынаста болды.

Туған жеріне өнерін ұштап, білімін толықтырып оралған Мархаба бар уақытын биге арнап, бимен ғана тыныстады десе болады. Солтүстік Қазақстанда ол барып, өнер көрсетпеген ауыл жоқ шығар. Әжелеріміз бен аналарымыздың: “Ой, Мархабаның билері-ай!” деп, тамсанып таңдай қағатыны есімізде. Көркімен де, өнерімен де жұрттың жүрегін жаулаған жан еді ғой ол. Оған өте әдемі дене қимылы нәзіктігі мен рухани жан байлығы тән болатын.

Бишіміздің 1958 жылы Мәскеудегі Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, Үлкен театрда өткен оның қорытынды концертінде өнер көрсетуі – жерлестері үшін осы күнге дейін зор мәртебе. Одан кейінде Беларусь, Эстония, Латвия елдерінде және Ленинград қаласында концерттік сапарларда болып, өзінің тамаша билерімен талайларды тамсандырды. Нева жағалауындағы қалаға алғашқы тәлімгері Людмила Камскаяны іздеп барыпты деген сөз бар. Полина Борисовнаның айтуынша, олар кездескенге ұқсайды.

Мархаба үнемі сапарда жүретін белсенді өнерпаз болса да, өз үйінде болған кездерінде өте қонақжайлылығымен танылған. Келіні бишінің үйінде көптеген өнер саңлақтарының қонақ болғанын айтады. Олардың қатарында КСРО халық әртістері Ермек Серкебаев пен Людмила Зыкина, қазақтың күміс көмей әншілері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев және татар әншісі Ринат Ибрагимов бар. Шара апасы дастарқанынан талай дәм татқан, Қызылжар өңіріне жолы түскенде Мархабаға соқпай кетпейтін, оның өнердегі табысына шын көңілден қуанатын еді.

Полина Борисовна Мархабаның гастрольде жүріп жол апатына ұшырағаннан кейін ауыр жарақаттың салдарынан сүйікті өнерінен қол үзгенін айтады. Сол себепті Болат екеуі Қостанай филармониясындағы қызметтерін тастап, Петропавлға көшіп келеді. Сәтін келтіріп, аналарымен бір үйде, бір қабаттағы, есіктері қатар пәтерлерде тұрады. Болат облыстық филармония директорының орынбасары, өзі Халық банкінде қызмет атқарады.

Бишінің жұлдызды жылдарының нұрлы сәулесі ұлы Болатқа түскенін айтпай кетпеске болмас. Анасына ұқсап эстрадалық өнер жолын қуып, Алматыдағы эстрадалық-цирк училищесінде оқыды. Бірақ екі курстан соң өзі тіленіп міндетті әскер қатарына алынып, үш жыл Крондштатта әскери теңіз флотында қызмет етті. Сосын училищедегі оқуын жалғастырып, оны бітірісімен республикалық Ұлттық циркте жұмыс істеді. Алайда, акробатикалық жаттығулардың бірінде белінен зақым алуына байланысты циркті қойып, сиқыршылық-көзбояушылық қызметке ауысуына тура келді. Өнерпаздар әулетінен шыққан оның бойында мұндай да қасиет бар болып шықты. Қостанай мен Петропавлда осы жанрда табысты жұмыс істеді. Гастрольдік сапарларының бірінде мамлюткалық өнерпаз қыз Полина Борисовнаны жолықтырып, өз тағдырларын қосты.

Полина Борисовна сол бір ұмытылмас шақтарды жиі еске алады. Мархаба олардың отау құрғанына қарсы болған жоқ. Биші енесі ауруы асқынып, бір аяғынан айрылғанға дейін өзінің бар аналық мейрімін Болатқа және одан көрген немересі Русланға төкті. Бүгінде Халық банкінде қызмет ететін Руслан да атақты әжесі мен әкесінен жұққан өнерден кенде емес. Сахнаға шықпаса да, бір өзіне жетерлік тәп-тәуір әншілік дауысы мен сиқыршылық өнері бар.

– Болаттан 1998 жылы айрылдым, келер жылы Мархаба дүние салды. Қолымнан келгенше екеуін де қазақы жолмен аттандырып, батадұғаларын жасаттым. Ол – менің сүйікті жұбайым мен ардақты енемнің алдындағы парызым. Өнерлі шаңырақтан қалған ұрпақтарыма бас-көз болып отырған жайым бар. Ұлым Руслан мен келінім Ларисадан көрген немерем, Мархабаның шөбересі – Роман бірінші сыныпқа барып жүр. Биші енем тірі болса, қандай қуанар еді деп ойлаймын. Мархаба Сәдуақасқызы, әсіресе, көктемді өте жақсы көретін еді. Алғашқы өткен Наурыз тойларына ертіп апарушы едім, кейін, тіпті, жүре алмай қалды ғой. Қазіргі думанды, ойын-тойлы Наурыз мейрамын көрсе, қандай қуанар еді, шіркін?! Ойыма кейде, халқына қалтқысыз қызмет еткен, бар өнерін туған жеріне арнаған, 1991 жылы қаланың Құрметті азаматы атанған сүйікті перзентіне жерлестері неге белгі боларлықтай бір шара ойластырмайды екен деген реніш те келеді, – дейді ол.

Расында, бұл сөзінің жаны бар, тұтас бір ұрпақ өмірінде өшпес із қалдырған өнерпазды есте қалдырарлықтай ешбір шара жасалмай келеді. Өмірінің соңына дейін ғұмыр кешкен Қазақстан Конституциясы көшесіндегі үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылса, құба-құп. Мәдениет саласының басшылары да толып жатқан би ұжымдарына әсіре жылтырақ атауларды бере бергенше, біреуін әйгілі биші Мархабаның есімімен атамас па? Петропавл қаласының бір көшесіне қайталанбас дарынды тұлға есімі берілсе, артық емес.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp