Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен облыстық әкімдіктің отырысы өткізіліп, онда өңіріміздегі үш көкейкесті мәселе қаралды. Облыс әкімі әуелі аумақтық екі ведомствоның жаңадан тағайындалған басшыларын таныстырды.
Төтенше жағдайлар жөніндегі министрдің бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы болып Павел Филиппов, Қоршаған ортаны қорғау министрінің бұйрығымен облыстық Экология департаментінің бастығы болып Данияр Әлиев тағайындалған болатын. Самат Ескендіров жиналғандарға олардың өмірбаяндарынан мағлұмат беріп, жаңа басшылардың қызметтеріне табыс тіледі.
Отырыста қаралған алғашқы мәселе – су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыру барысы. Осы жөнінде хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцевтің айтуынша, өңірімізде 370 қауіпті аймақ бар. Ал 37 елді мекен су астында қалуы мүмкін деген қауіп бар. Есілдің жағасындағы облыс орталығының 8 шағынауданына су жайылуы мүмкін. Өңірімізде 34 су шаруашылығы нысаны бар, солардың ішінде Шарық суқоймасы қауіп төндіруі мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ елді мекендердегі қарды сыртқа шығару және су өтетін құбырларды тазалау мәселелері де егжей-тегжейлі талқыланды.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда кейбір аудандарда олқылықтар жіберілген. Осы орайда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Павел Филиппов жергілікті жерде төтенше жағдайларға дайындықты бақылауда ұстау үшін облыстық ведомстволарды әр бір ауданға бекіту қажет деген ұсынысын айтты.
Облыс әкімі су тасқынына қарсы дайындық жайлы мәліметтерге сүйене отырып, Петропавл қаласы мен аудандардың әкімдеріне, жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына нақтылы тапсырмалар берді.
Жиында 2010-2014 жылдарға арналған “Балапан” мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы да қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың айтуынша, соңғы үш жылда өңірімізде мектепке дейінгі білім беру мекемелері желісінің саны 1,6 есеге артқан. Осының арқасында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 86 пайызды құрап отыр. Ал 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 64 пайыз көрінеді. Алайда, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту жұмысы Петропавл қаласы мен Ақжар ауданында баяулау жүргізілуде. Аталмыш мәселені талқылау барысында өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің өз деңгейінде жүргізілмей отырғандығы белгілі болды.
Бүгінде облысымызда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің арқасында 14 балабақша жұмыс істеп жатса, қол қойылған 9 меморандум негізінде ашылуы тиіс балабақшалардың тек төртеуі қаржыландырылыпты. Осы орайда Самат Ескендіров облыстық Білім басқармасының бастығы Нұрболат Бикеновтің бұл салада атқарып жатқан жұмысына төмен баға беріп, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Тотыкамал Құлжановаға балабақша ашуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жолға қоюда жауапты органның жергілікті бизнес өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі Петропавл қаласындағы 10 бұрынғы балабақша ғимаратын балаларға қайтару мәселесін де көтерді. Бүгінде оларда орналасқан әртүрлі мемлекеттік мекемелерге басқа ғимараттар тауып беріп, бұрынғы балабақшаларды қалпына келтіру ісін тездетіп қолға алуды өз орынбасары Фархад Қуанғанов пен қала әкімі Болат Жұмабековке тапсырды. Ал аудандардың басшыларына бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамту міндетін келесі жылдың ортасына дейін толық орындауды міндеттеді.
Бүгінде өңіріміз демографиялық өсім бойынша – 15-орында. Соңғы 12 жылда облыс тұрғындарының саны 126 мың адамға кеміген. Бала тууды ынталандыру, асырап алу және балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары арқылы өңірде жетімдер санын азайту мәселесін баяндаған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың айтуынша, бүгінде бала туу санының төмендеуіне өмірге сәби әкелуге әлеуеті бар әйелдер санының 200 мыңнан 160 мыңға дейін азаюы себеп болып отыр. Қазіргі таңда 30 жастан асқан әйелдердің бала туу пайызы артқан. Өңірімізде Уәлиханов пен Ақжар ауданында бала туу көрсеткіші біршама жоғары болса, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Есіл аудандарында бесік тербеткендердің саны аз. Ал бала өлімі көп аудандардың қатарында Мағжан Жұмабаев, Айыртау, Уәлиханов, Есіл аудандары бар. Өткен жылы өңірімізге Денсаулық сақтау министрлігі экстракорпоральды ұрықтандыруға 20 квота берсе, оның екеуі нәтижелі болған. 2012 жылдың қыркүйек айында тоқтатылған “Ұрпақ” қоры бағдарламасы аясында кәмелеттік жасқа толған 156 бала өз депозитінен жалпы көлемі 40 миллион теңгедей қаржы алған.
Өңірімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім саласына қарасты 12 ұйым бар. Соңғы 3 жылда жетімдер саны азайғандығын айтқан Фархад Қуанғанов 2008 жылдан бері 420-дан астам бала асырап алынса, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш төмендеген, деді. Жыл басынан бері 7 бала жаңа отбасыға берілген. Осы орайда облыс әкімі Самат Ескендіров бұл мәселені түбегейлі шешу өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты екендігін атап айтып, денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, қала мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді.