Миронов ауылдық округі “Әліби-Астық” ЖШС-нің қолдауымен Наурыз мерекесін ерекше атап өтті. Мерекені ақ әжелер шашу шашып бастап берсе, қазақтың ұлттық киімдерін киген әр сыныптың оқушылары мен мектеп ұстаздары қазақтың салт-дәстүрлеріне арналған көріністерін қойып, би билеп, ән шырқады. Ас атасы – нан-нан бастап наурызкөже, құрт, бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдар дастарқанға ерекше сән беріп тұрды.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
“Кеңесіп пішкен тон келте болмас” дегендей, жылдағы дәстүр бойынша ұйымдастыру комитеті алдын ала мерекелік іс-шара жоспарын құрды. Әрине, жоспардың іске асуы қаражатқа келіп тірелері сөзсіз. Қаржылай көмек көрсету “Әліби-Астық” шаруашылығы басшысының назарынан тыс қалған емес. Биылғы Наурыз мейрамына да қомақты 50 мың теңге көлеміндегі қаржы, 2 тонна жемазығын ұсынып, мерекенің сәнін келтірген де шаруашылық басшысы Нұржан Қошқарбаев мырза. Бөлінген қаржыны іске асырып, халықтың көңілінен шыққандар қатарында бауырсақ пісіріп, наурызкөжені дәмді етіп дайындап, тіпті, ыстық шаймен тойдың сәнін келтірген азаматтарды да айтпай кетуге болмайды. Олар: Э.Жұмабаева, Т.Заремба, З.Сапарова, И.Шмидт, Н.Чеховская.
Наурыз мейрамында алғашқы болып сөз алған ауылдық округ әкімі Сәрсенбай Бекшенов жергілікті тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Ал жылдағы тағы бір дәстүр “супер” жүлде – С.Бекшеновтің бір қойды жүлдеге байлауы. Биылғы жылы да сол дәстүр жалғасын тауып, арқан тартудан жеңіске жеткен Миронов орта мектебінің ұстаздар ұжымы “супер” жүлдені жеңіп алды.
Наурыз мейрамы құрметіне Миронов орта мектебінің спорт залында шахмат пен дойбыдан ашық біріншілік өтті. Бірінші топта – мектеп оқушылары, екінші топта жасөспірімдер мен 60-ты алқымдаған ауыл тұрғындары шаршы тақтада өнер көрсетті. Жарысқа қатысқандардың дені әуесқой шахматшылар болғанымен, арасында тәжірибесі мол нағыз шеберлер де болды. Олар: Н.Заремба және В.Белецкий.
Мереке сәтінде Қызыр атаның бейбітшілік пен достықтың, бірліктің мекеніне айналған осы округ орталығына келуі сән-салтанаты жарасқан Наурыз мейрамының ажарын аша түсті. Ол көпшілікке ақ батасын берді.
Тайынша ауданы.