Жуырда “Көкшетау” мемлекеттік Ұлттық табиғи саябағы мен Айыртау аудандық әкімдігінің бастамасымен Имантау көлінде мұз астынан қармақпен балық аулаудан алғашқы аудандық сайыс болып өтті.
Ерлан ЖҰМАЙҰЛЫ,
“Көкшетау” мемлекеттік Ұлттық табиғи саябағының бөлім меңгерушісі.
Бұл сайысты өткізудің басты мақсаты – саламатты өмір салтын қалыптастыра отырып, қысқы әуесқойлық балық аулау түрлерін дамыту арқылы өңірімізде кенжелеп қалған қысқы туризмге тың серпін беру. “Сондай-ақ аталмыш іс-шара ерекше қорғалатын табиғи аумақта жыл сайын өткізілетін “Саябақтар шеруі” акциясы шеңберінде осы саланың өзекті мәселесіне қалың бұқараның назарын аударту, экологиялық сауаттылығын арттыру мен туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру да көзделген болатын”, – дейді Ұлттық табиғи саябақтың бас директорының орынбасары Ә.Көкішев мырза.
Ұйымдастырушылар тарапынан ауданның ауылдық округтері мен Ұлттық саябақтың барлық филиалдарына жарыстың ережелері және талаптары да алдын ала жолданған болатын. Аталмыш жарыс барысында 65 адамнан құралған 13 команданың өзара сайысын арнайы бекітілген төрешілер құрамы бағалады. Жарыстың тағы бір талабы – әр командада 5 адам және құрықтағы қармақ саны екіден артық болмауы қатаң бақыланды.
Жарыс нәтижесінде жалпыкомандалық есеп бойынша Лобаново ауылдық округі 321 балық аулап – 1-орын, Ұлттық саябақтың Айыртау филиалы 230 балықпен – 2-орын, Гусаковка ауылдық округі 149 балықпен 3-орынды өзара бөлісті. Ал жарыс барысында жекелей есепте Лобаново ауылдық округі командасының мүшесі А. Галкин 3 сағат ішінде 126 балық ұстап – 1-орын, “Зеренді балық өсіру орталығы” командасының мүшесі Д.Попов 125 балықпен – 2-орын және Арықбалық филиалының мүшесі Г. Павлов 85 балықпен 3-орынға ие болды. Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.