Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасы бойынша 2013 жылғы 29 наурыз күні облыста бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің Бірыңғай күні өтті.
Жәрмеңке өткізердің алдында облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының кадрларға қажеттілігі зерделенді. Егіс науқаны кезінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мамандарды мейлінше қажет етіп отыр (13%), білім саласында (10,2%) және денсаулық сақтау саласында (9,1%) мамандар жетіспейді, өнеркәсіпте, құрылыста және көлікте кадрларға қажеттілік – 16,5%-ды, саудада – 7,6%-ды, экономикалық қызметтің басқа түрлерінде 43,6%-ды құрайды. Бұл ретте, 60%-дан астам жұмыс берушілер тек жұмыс тәжірибесі бар мамандарды ғана қабылдауға дайын.
Осыған орай, жәрмеңкелер өткізілген күні барлық жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерге “Жастар тәжірибесі” бағдарламасының мүмкіндігін пайдалану ұсынылды, онда кәсіпорындар мен ұйымдар әрі қарай тұрақты жұмыс орындарына орналастыра отырып, кадрларға қажеттілікті еш шығынсыз қанағаттандыра алады, ал жастар осы кезеңде өндірісте жұмыс тәжірибесіне ие болады.
Жұмыссыздық бойынша есепте тұрған жұмыссыздардың жартысынан астамының (51,3%) мамандығы жоқ. Осыған байланысты облыстың білім беру саласының өкілдері, соның ішінде оқу орындарының басшылары жәрмеңкеге қатысты. Барлық тілек білдірушілер кәсіптік бағдарлау бойынша жеке қызмет алу мүмкіндігіне ие болды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тұрғылықты жерінен тыс жерлерде жұмыс істейтін еңбек ресурстары бойынша ахуалды зерделеді. Облыс бойынша барлығы 6399 адам облыстан тыс жерлерде, сондай-ақ республикадан тыс жерлерде жұмыс істейді екен. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерінде жұмыс іздеушілер тек тұрақты, тұрғылықты жеріндегі аудан (қала) бойынша ғана емес, облыстың басқа да аудандары бойынша кадрларға қажеттілік туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды.
Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізген күні облыстың 184 кәсіпорны мен ұйымы 934 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың басым көпшілігі – көлік, сауда, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласы, білім мен денсаулық сақтау саласының өкілдері. Мынадай мамандықтар: инженерлер, дәрігерлер, оқытушылар, бухгалтерлер, менеджерлер, операторлар, аспаздар, дүкеншілер, көлік жүргізушілер, күзетшілер, токарьлар, слесарьлар, энергетиктер, электргаздәнекерлеушілер, санитарлар, түрлі жұмысышылар және т.б.
Жәрмеңкеге 707 адам қатысты, оның ішінде жәрмеңке өткізілген күні 171 адам жұмысқа орналасты, 75 адам қоғамдық жұмыстарға және 27 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолдама алды, 30 адам кәсіптік даярлауға жіберілді, 3 адам “Жастар тәжірибесіне” жұмысқа қабылданды.
Жәрмеңкеге келушілердің жартысынан астамы (595 адам) жұмыс берушілермен әңгімелесуден өтті және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы ақыл-кеңес алды. Жәрмеңкеге қатысушылар жұмыс берушілердің өкілдерімен жеке кездесіп, кәсіпорын, сұранысқа ие мамандық, еңбекақы мөлшері, жұмыс жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер жайлы ақпарат алды. Нәтижесінде басым көпшілігі өз түйіндемелерін қалдырды, сауалнама толтырды, ақпараттық жадынама мен буклеттер алып, байланыс телефондарымен алмасты.
Әңгімелесуден кейін облыс орталығында 250 адам жұмыс іздестірудің арнайы терминалын пайдаланды.
Бұдан өзге, осы күні бос орындары жоқ, алайда үстіміздегі жылдың ортасында бос орындарды жоспарлап отырған облыстың 23 кәсіпорны мен ұйымы қатысты. Кадр бөлімінің мамандары осы іс-шараға келген оқу орындарының болашақ түлектерімен әңгімелесті. Әңгімелесу қорытындысы бойынша 67 студент кәсіпорындардың кадр резерві дерекқорына сауалнама-түйіндеме толтырды. Іс-шараның қорытындысы бойынша жұмыс берушілер азаматтардың 127 өтінішін өздеріне алды.
Келесі облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін мамыр айында өткізу жоспарланып отыр.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.