«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЫҢҒАЙ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫН ҚҰРУ – тиімділік пен сенімділік кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының (МЗТО) облыстық филиалында “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Оған “ҚР Ұлттық банкі” ММ ОФ директоры Жомарт Қажырақымов, Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Жанахмет Тасшығұлов, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев, мәслихат депутаттары, іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері, кәсіподақ комитеттерінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш шараны ашқан “МЗТО” облыстық филиалының директоры Кемеңгер Әмрин:

– 2012 жылдың қорытындысын шығару және “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыру міндеттеріне арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы тапсырма берген болатын. Бұл зейнетақы жүйесін жетілдіру мақсатынан туындап отырған жағдай. Оған барлық жеке жинақтаушы зейнетақы қорларының шоттары енгізілетін болады. Ұлттық банк басқаратын мұндай шоғырландыру біздің азаматтарымыздың қорларын әлдеқайда тиімді және қауіпсіз түрде жұмсауға мүмкіндік береді, – дей келіп, Қазақстан Республикасындағы зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы өзекті мәселелерге тоқталды. Кемеңгер Қожахметұлының айтуына қарағанда, қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдері зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін өзгеріп жатқан жағдайға байланысты бейімдей бастады. Мұндай жаңғыру Қазақстан үшін де өзекті. Бізде зейнетақымен қамтамасыз етудің базалық, міндетті (ынтымақтастық және жинақтаушы) және ерікті түрлерінен тұратын көпдеңгейлі жүйе жұмыс істейді. Алайда, уақыт көрсетіп отырғанындай, қолданыстағы үлгі зейнетақы жүйесінің кірістері мен қаржылық тұрақтылығының саймасай деңгейін қамтамасыз ете алмайтындығын көрсетті.

 

Қазір елімізде 3 трлн. теңгеден астам салымы бар 10 жинақтаушы зейнетақы қоры (ЖЗҚ) жұмыс істейді. Бір қарағанда, бұл өте қомақты қаржы болып көрінуі мүмкін, алайда 15 жылда жинақталған төлемдегі жинақтаушы зейнетақының үлесі 3-4 пайыздан аспайды. Бұл, бір жағынан, жинақтау жүйесінің “жастығымен”, екінші жағынан – зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісінің аздығымен түсіндіріледі.

Зейнетақы жүйесінің кемшілігі оның жетілдірілмегендігіне ғана емес, еліміздегі макроэкономикалық жағдайға да байланысты болып отыр. ЖЗҚ негізінен ақшаны мемлекеттік бағалы қағаздарға (50 пайыздан астамын) сала отырып, инвестициялау мүмкіндігін толық көлемде пайдалана алмағаны белгілі болып отыр. Сондықтан Дүниежүзілік банк ЖЗҚ қызметін тиімсіз деп тапты. Бұған қоса, Бас прокуратура осы құрылымдағы қаржылық айлашарғыларды да анықтады. Осының бәрінен тек түбегейлі қайта жаңғырту жолымен ғана шығуға болады.

Осы жағдайларды басшылыққа ала отырып, Үкімет пен Қазақстанның Ұлттық банкі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды ұсынады. Халықаралық институттардың ұсыныстары да осыған келіп саяды. Заң жобасының негізгі жаңалығы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) құру мен инвестициялау стратегиясын жетілдіруге байланысты. Қор “Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ негізінде құрылады, ал Үкімет оның құрылтайшысы мен акционері болады. Сөйтіп, БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын тартатын бірден-бір ұйым атанады.

“ҚР Ұлттық банкі” ММ облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов аталмыш қор Ұлттық банктің басқаруымен жұмыс істейтіндігін, салымшылардың мәліметтер базасының мөлдірлігі қамтамасыз етілетіндігін, бұл зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығына мониторинг жүргізуге жағдай жасайтындығын, осының өзі болашақта қомақты зейнетақы алуға жасалып жатқан қадам екендігін атап айтты. Жомарт Қажырақымов еліміздегі 8,5 млн. белсенді тұрғынның 5,7 млн.-ы жинақтаушы зейнетақы қорының салымшысы екеніне, оның 3,5 млн.-ы ғана жүйелі түрде зейнетақы жарнасын аударатындығына да мысал келтірді.

Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Жанахмет Тасшығұлов ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына ұсынылып, бірінші оқылымында мақұлданған заң жобасында қарастырылып отырған жаңа құрылымның бұрынғы қордан айырмашылығы мен алға қойған міндеттері жайлы сөз қозғады. Ол жаңа құжат бойынша ҚР Президенті жанынан зейнетақы активін басқару жөнінде кеңес құрылатындығын да айта кетті.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев бүгінгі күні шағын бизнес өкілдерінің аталмыш қорға міндетті жарна аудару жағдайының бір ізге түсіп келе жатқандығын сөз етіп, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімділігі мен сенімділігі жайында өз ойын ортаға салды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp