«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРҚАТАР АУДАНДАРДАҒЫ ЖҰМЫС жеткілікті дәрежеде атқарылмай отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте көктемгі егіске дайындық, І тоқсандағы облыс бюджетінің орындалуы, аудандық маңызы бар жолдардың қардан тазалануы және 2011 жылы құрылысы басталған тұрғын үйлер мен 2012 жылы құрылысы аяқталуы тиіс сумен қамту нысандарын пайдалануға беру мәселелері талқыланды.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Облыс әкімі Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен жиында алғашқы екі мәселе бойынша өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндады. Үстіміздегі жылы егіс алқабы 4 миллион 300 мың гектар болса, оның 3 миллион 600 мың гектарына дәнді дақылдар себілмек. Өңір аграршыларының көктемгі егіске дайындығы, тұқымның жеткіліктілігі, техника паркінің әлеуеті, жанар-жағармайдың, тыңайтқыштардың көлемі арқылы сараланып, маңызды науқанға тиісті деңгейде қамданбаған аудандар белгілі болды. 1-2-сұрыпты тұқыммен қамтылу пайызы облыстық көрсеткіштен төмен аудандар тізімінде Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша бар. Ал Ақжар, Тайынша, Уәлиханов аудандарының 30 ауыл шаруашылығы құрылымына тұқым жетіспейді. Үстіміздегі жылы гербицид пен минералдық тыңайтқышты 50 пайызға арзандатылған бағамен алу үшін бір жарым миллиард теңге бөлінгенімен, аудандар тағы да немқұрайдылық танытқан. Олардың қатарында Ақжар, Уәлиханов, Шал ақын аудандары бар. Дәрілеу және бүріккіш техникалардың дайындығы 88 және 80 пайызды құрап отыр. Тимирязев ауданы дәріленген тұқыммен мүлдем қамтылмаған. Осы орайда аудандар тез арада дәріленген тұқыммен қамтылуды жандандыру қажет деген Айдарбек Сапаров көктемгі егіске 14500 трактор, 5500 себу агрегаты,1017 жоғары өнімді себу кешені жұмылдырылатынын айтты. Науқанды өткізуге 70 мың тонна жанар-жағармай қажет.

 

Үкімет қосымша 65 мың тонна жанар-жағармай бөлгенімен, өңіріміздің аграршылары операторлармен 22 мың тоннаға ғана келісім жасаған. Оның тек 6500 тоннасының қаражаты төленген. Бұл жұмыс, әсіресе, Ақжар, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда баяу жүргізіліп отырғандығы сынға алынды. Көктемгі егіс қарсаңында “ҚазАгро” АҚ-ы қаржыландыру жұмысын бастаған. Өңірімізден 17 миллиард 720 миллион теңгенің 175 өтінімі түсіп, бүгінде оның 110-ы қаржыландырылған. Осы орайда өткен жылғы көктемгі егіс науқаны кезінде алынған қарыздың да өтелмей отырғандығы айтылды. Отырыс барысында өңіріміздегі мал басының саны, өндірілетін өнімнің көлемі белгілі болды. Бүгінде ірі қараның басы Аққайың ауданында азайса, ет өндіру Ақжар, Жамбыл аудандарында кеміген.

Үстіміздегі жылдың 1 сәуірі бойынша жергілікті бюджетке жоспарланған 4 миллиард 731 миллион теңгенің орнына 5 миллиард 243 миллион теңге түскен. Яғни, жоспар артығымен орындалған. Алайда, облыстық бюджетке кіріс түсіру тапсырмасын орындамағандар да бар, олар – Аққайың, Тайынша, Шал ақын аудандары. Бірқатар аудандар бюджеттің негізгі қаржы көзі болып табылатын жеке кіріс салығының жоспарын орындамаған. Айдарбек Сапаров өткен жылы ашылған жұмыс орны 2011 жылмен салыстырғанда 700-ге кем екендігін жеткізді. Облысымызда еңбекақының орташа көлемі – 68 346 теңге. Ең төмен еңбекақы – Аққайың ауданында. Онда еңбекақы көлемі облыстық көрсеткіштен 17 714 теңгеге кем. Бюджеттің шығыс бөлігі бойынша игерілмеген қаржы көлемі 1 миллиард 872 миллион теңгені құрады. Республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттер мен несиелердің 79 пайызы ғана игерілген көрінеді. Бөлінген қаржыны игере алмаған бірқатар аудандар аталды.

Облыс әкімі Самат Ескендіров бірінші мәселе бойынша сын көбірек айтылған Ақжар ауданының әкімі Ағзам Тастеміровтен бастап, барлық аудан әкімдерін орындарынан тұрғызды. Облыстық бюджетті орындауда кіріс бөлігі бойынша Аққайың ауданының көрсеткіші өте нашар деген Самат Ескендіров осындай міні бар Тайынша ауданына да тоқталды. Осы орайда облыс әкімі қаржыға жауапты құзырлы органдарға Тайынша ауданына барып, еңбекақы төлеу мәселесін тексеруді тапсырды. Аудан әкімдерінің жергілікті жерде өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқара алмай отырғандығын қатты сынаған өңір басшысы Самат Ескендіров бюджеттік кіріспен қатар шығысты да дұрыс орындау керектігін ескертті.

Аудандық маңызы бар жолдарды қардан тазалау туралы айтқан облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев ендігі аптада ауа температурасы +20 градусқа дейін көтерілетіндіктен, жолды қардан, су өткізетін құбырларды қалдықтардан тазалау жұмысын жылдамдату қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ өңірімізде 2011 жылы құрылысы басталған, алайда пайдаланылуға берілмеген тұрғын үйлердің де мәселесі көтеріліп, олардың уақытында берілмеуіне құрылыс сапасының нашар болуы себеп екендігі айтылды. Бұл орайда Тайынша мен Мамлют аудандарындағы жағдай кеңінен талқыланды. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар бойынша Мамлют ауданында салынған тұрғын үйлердің қабырғалары жарылып кеткен. Осы орайда Самат Ескендіров аудандар мен облыстық құрылыс басқармасына бірлесіп, аталмыш мәселелерді шешуді тапсырып, 2012 жылы құрылысы аяқталуы тиіс сумен қамту нысандарын тез арада пайдалануға беру жолдары қарастырылып жатқандығын жеткізді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp