«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАҚТЫ ІС-ҚИМЫЛ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының жетекшісі Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен саяси кеңес бюросының мәжілісі өтті. Оған бюро мүшелері, аумақтық партия филиалдарының төрағалары, бірінші орынбасарлары, атқарушы органдар басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов “Нұр Отан” партиясының сайлауалды тұғырнамасы “Қазақстан – 2017” мақсаттары мен іс-қимыл жоспарын” жүзеге асырудағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, 9 тараудан тұратын жергілікті тұғырнама өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық қырларын түгел қамтып, шаралар кешенді түрде атқарылып келеді. Соңғы 3 жылда әлеуметтік салаларға 161,4 миллиард теңге бағытталса, биылғы қаржы көлемі 66,8 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл – 2010 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Былтыр “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 424 адам жұмысқа орналасқан. 1283 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 1271 адам “Жастар тәжірибесіне” жіберілген. Екінші бағыт бойынша 268 заемшы 600 миллион теңгенің несиесін алған. Үшінші бағыт аясында 270 үй пайдалануға берілген. 220 отбасы өтемақыға ие болған. Төртінші бағыт бойынша республикалық қазынадан бөлінген 451,2 миллион теңгеге 29 инфрақұрылымдық жоба іске қосылып, қосымша 481 жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту картасы шеңберінде 30745 жұмыссыз еңбекке тартылған. 15617 жаңа жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде жұмыссыздық 5,3 пайызды құрап, аз қамтылған азаматтар 2 есеге дейін азайған.


Баяндамашы өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау салаларына да тоқталып өтті. Соңғы 3 жылда “Балапан” бағдарламасы бойынша 8 мыңға тарта бүлдіршін балабақшалар мен шағын орталықтарға барған. Сөйтіп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 86 пайызға дейін көтерілген. Мектептер түгелдей компьютерлендірілген, жартысына жуығы лингофонды-мультимедиалық кабинеттермен, интерактивті тақталармен жабдықталған. Өңірде 4 емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл мақсаттарға 3 миллиард 446 миллион теңге бөлінген. 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы кешенді жүзеге асырылу үстінде. 2012 жылдан бері “Дәрі-дәрмекпен қамтудың ақпараттық жүйесі” қанатқақты жобасы қолға алынған. Темекіге, ішімдікке, есірткі заттарына әуестенушіліктердің алдын алу, болдырмау, саламатты өмір сүруге бейімдеу шаралары күн тәртібінен түскен емес. Облыс тұрғындарының 24,2 пайызы спортпен, дене шынықтырумен айналысады. 2263 спорт құрылымдары жұмыс істейді.

 

Бұдан кейін облыстық Білім басқармасының бастығы Нұрболат Бикеновтің, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Мәриям Бапанованың, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереевтың қосымша есептері тыңдалды.

Самат Сапарбекұлы партия негізгі басымдықтарының бірі ретінде білім беру сапасын үздік әлемдік стандарттарға жеткізу мақсатын көздейтінін, бұл орайда мектептерде оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеру міндеттілігін атап көрсетті. Жиналғандар назарын “Балапан” бағдарламасы, 12 жылдық білім беру тәжірибесіне көшу, қорғаншылық кеңестерін құру салаларында орын алған олқылықтарға, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті нығайтуға, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, формализмнен арылып, нақты іс-қимылға көшуге аударды. Саяси кеңестің бюро мүшелері Александр Казанцев, Әлім Шүкенов, Светлана Кашенцева кәсіптік, техникалық білім беру сапасын көтеру, ауыл жастарын жұмысқа орналастыру, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту, еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін арнаулы оқу орындарын ашу, әр адамға қажетті өмір сүру жағдайын жасау мәселелері бойынша ұсыныстар айтты.

Облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Әлішев өз есебінде Президент Жолдауын тұрғындарға түсіндірудің қалыптасқан тәжірибесін, үйлесімді әдістерін ортаға салды. Жер-жерлерде жұмыс істейтін 15 үгіт-насихат топ-тарына 700-ге жуық саяси-қоғамдық белсенділігі жоғары халық қалаулылары, жастар, мекеме басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері тартылған. Олар бүгінге дейін 1400-дей түрлі кездесулер өткізіп, 90 мыңға жуық адамды қамтыған. Отырыста “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Пішенбаев ұсынған облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жұмыс жоспары бекітілді.

Бюро мәжілісі сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Омаровтың Шал ақын ауданының әкімі болып тағайындалуына байланысты оны бұл қызметтен босатты. Оның орнына “Риэлт-Сервис” компаниясының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Сайран Хамзин сайланды. Кеңес құрамы жаңа мүшелермен толықтырылды.

Самат Ескендіров бюро мәжілісін қорытындылай келіп, жетекші партия талаптарын орындауда бірлесе іс-қимыл жасауға шақырды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp