«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙДАНА АҚШ-та ОҚИТЫН БОЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 10 “ә” сынып оқушысы Айдана Қажыбаева FLEX халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша АҚШ-та бір жыл тегін оқу жолдамасын жеңіп алды. Ағылшын тілін еркін меңгерген жерлесіміз қазақстандық 1250 мектеп оқушысының ішінен топ жарып, білімділігімен көзге түсті. 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Айдананың өзінің айтуынша, ол бұл сайыста жеңіске жетемін деп ойламаған. Алғашқысында білімін сынап көрейін деп барған екен, алайда бірінші турдан бастап үздік көрсеткіштерге ие болып, қазылар алқасының назарын аудартқан. Берілген тапсырмаларды тез орындап, эссе жазуда алдына жан салмапты. Енді АҚШ-қа жазда аттанып, тегін оқитын болады. Елге оралған соң Назарбаев Университетіне оқуға түсемін деп жоспарлауда.  

 

Шынымен де, бұл оқушы шет тіліне жүйрік. Гимназия-интернатта 7-сыныптан бері білім алады. Бұған дейін Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкада оқыған. Қара шаңыраққа келгеннен бастап жоғары санатты, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зәуреш Атығаеваның жетекшілігінде болады. Айдана өзінің еңбекқорлығы, зеректігі мен белсенділігі арқасында шет тілінен мектепаралық олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді. 8-сыныпта оқып жүріп өзінен екі жас үлкен мектеп оқушыларымен сынға түскен. Дебатқа қатысып, үздік спикер атанады. Шет тілінен “Go west” халықаралық олимпиадасында 1-ші, сондай-ақ М.Қозыбаев атындағы СҚМУ өткізген байқауда 3-орынға ие болады. Әрі ғылыми жобалардың жеңімпазы. “Өзім математикалық бейіндегі сыныпта оқысам да, шет тілін білуге деген ынтам зор. Демалыстарда, бос уақытымда білімімді жетілдіруге күш саламын. Жеңістерге жетуіме білім ордамыздың директоры Гүлжан Төкенова мен ұстазым Зәуреш Атығаеваның еңбегі мол. Бұдан әрі де олардың үмітін ақтауға тырысамын”, – дейді алғыр оқушы.

СУРЕТТЕ: А. Қажыбаева ұстазы З. Атығаевамен бірге.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp