Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың баспасөз орталығында өңірлік қаржы басқармасы және Солтүстік Қазақстан облысының Қоғамдық бақылау коалициясы бірлесіп дайындаған 2012 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп жобасы бойынша жария тыңдау өтті. Осындай маңызды құжат бірінші рет баяндаманы бекіту түрінде емес, “Азаматтық бюджет” түрінде талқыланып отыр. Құжатты талқылаудың мұндай түрі тұрғындарды бюджет қаржысын жұмсаудың негізгі әлеуметтік маңыздағы бағыттары туралы ақпараттандыру үшін арнайы жасалған. Ондағы мақсат – тұрғындардың пікірлерін ескере отырып, жергілікті мәселелерді шешуге тарту және жұртшылықтың жергілікті билік органдарына сенімі мен қолдауын қамтамасыз ету.
Жиынды жария тыңдаудың осындай мақсаттарына түсінік беру сөздерімен бастаған “СҚО Қоғамдық бақылау” коалициясының үйлестірушісі Сергей Худяков елімізде азаматтардың соңғы екі жылдан бері бюджеттік ақпараттарға қолжетімділігі айтарлықтай жақсара түскенін айтты. Енді азаматтық бюджет үлгісіндегі жұмыстар біздің облыста да кеңінен жүргізілетін болады, деді ол.
Жария тыңдауда сөз алған облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары Қазиза Мұхамедиева 2012 жылғы облыс бюджетінің атқарылуы туралы тұрғындардың түсінігіне жеңіл “Азаматтық бюджет” үлгісінде ақпараттар дайындалып, олар басқарманың веб-сайтына енгізіліп отырғандарын айтты.
Енді қаржыгердің облыстық бюджеттің атқарылуы туралы ақпараттарына тоқталар болсақ, 2012 жылы облыс бюджетіне 105425,0 млн. теңге түскен немесе жоспар 463,4 млн. теңгеге асыра орындалған. Бұрнағы жылмен салыстырғанда 12,6 пайыз немесе 11763,9 млн. теңге өсім бар. Баяндамашының мәлімдеуінше, облыс бюджетінің кіріс бөлігіне жергілікті жерден түсетіні 22 пайыз ғана, негізінен ол республикалық бюджеттің трансферттері арқылы толығады.
Өткен жылы облыс бюджеті барлық шығыстары бойынша 98,1 пайызға атқарылған, ол 106255,3 млн. теңгенің қаржысы жұмсалды деген сөз. Солардың ішінде тұрғындардың өмір сапасы мен әлеуметтік қорғалуын жақсартуға жұмсалғандарын айтар болсақ, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға – 2930,1 млн. теңге, еңбек ресурстарының оңтайлығын арттыруға 8967 мың теңге бағытталды. Ал денсаулық сақтау саласын қаржыландыру соңғы жылда 21,5 пайызға артып, 19665,6 млн. теңгеге жетті. Сол сияқты білім саласына жұмсалған бюджет шығыстары да өсе түскен, мысалы, өткен жылы оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға 8959 млн. теңге, білім беру нысандарын күрделі жөндеуге 690,0 млн. теңге, оқулықтар сатып алу мен жеткізуге 208,1 млн. теңге, білім беру жүйесін ақпараттандыруға 45,2 млн. теңге және мектептерге шеткері жерлерден балалар тасымалдауға 10,5 млн. теңге бөлінген.
Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған қаржы, тіпті, қомақты, былтыр облыс ауыл шаруашылығын дамытуға 7,7 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде егіншілікті демеуқаржыландыруға 4,9 млрд. теңге жұмсалса, мал шаруашылығын дамытуға 2,8 млрд. теңге қаржы бағытталды. Сол сияқты тұрғын үй құрылысын дамытуға бөлініп отырған қаржы да аз емес. Өткен жылы оған 6045,9 млн. теңге босатылған. Соның ішінде жалдық тұрғын үйге бөлінгені 2067,5 млн. теңге, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша қызметтік тұрғын үй салуға 1305,4 млн. теңге, тұрғын үй-жинақ жүйесі бойынша кредиттік тұрғын үй құрылысына 1282,9 млн. теңге және инженерлік коммуникацияларға 1390 млн. теңге жұмсалды.
Жария тыңдауға қатысқан қоғамдық сарапшылар кеңесінің төрайымы Бақытжан Сәмиева, Қызыл Жарты Ай қоғамының төрайымы Сәуле Оразова және тағы басқалар жалпы “Азаматтық бюджет” бастамасын толық қолдайтындықтарын айта отырып, бюджет шығыстарын жоспарлағанда ондағы әлеуметтік ең маңызды мәселелерге бағытталатын қаржыны бөлектеп көрсету қажеттігі туралы пікірлерін айтты.