«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕСІЛ СУ” ЕСЕП БЕРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Қазсушар” ШЖҚ РММ-нің “Есіл су” филиалы қоғамдық тыңдау өткізіп, тораптық су құбырлары бойынша су беру жөніндегі реттелетін қызмет көрсету жұмыстарының 2012 жылғы қорытынды есебін берді. Аудан әкімдіктерінің өкілдері, аудандық ТКШ кәсіпорындары басшылары, су тұтынушылары және “Есіл су” филиалының бөлім жетекшілері қатысқан жиынды кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Мұрат Жантілеуов қысқа кіріспе сөзбен ашып, директордың орынбасары Елена Гусева баяндама жасады.

Онда айтылғанындай, кәсіпорын 2012 жылы Булаев, Есіл, Преснов, Сергеев және Соколов тораптық су құбырлары бойынша облыстың 11 ауданының 203 ауылдық елді мекеніне және Қостанай облысының екі ауданындағы 22 елді мекенге су беру қызметін көрсеткен. Негізгі өндірістік-экономикалық көрсеткіштерін орындай отырып, инвестициялық дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруда. Есепті жылы су беру жөніндегі реттелетін қызмет көрсету көлемі 3107,6 мың текше метрді құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға өсті. Жыл ішінде облыстың 7 елді мекені, атап айтқанда, Ақжар ауданынан – Бостандық, Киевское, Мағжан Жұмабаев ауданынан – Ганькино, Полтавка, Хлеборобное, Есіл ауданынан – Өрнек және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан – Нежинка ауылдары таза ауызсуға кенелді. Кәсіпорын өткен жылы бөлінген 1056 млн. 844 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік демеуқаржыны толық игерді. Материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға нығайып, күшейе түсуде. Сөйте тұра кәсіпорын қуатының бүгінгі таңда небәрі 8,9 пайызының ғана пайдаланылып отырғанын да айта кеткен жөн. Оны кәсіпорын мамандары су құбырлары желілерінің нормативтік пайдалану мерзімінің асқанымен түсіндіреді. Сол себепті қаншалықты насос станцияларының қысымдық қуаты жеткілікті болғанымен, желідегі құбырлардың тозығы жетуіне байланысты толық күшінде пайдаланылмайды.

 

Десе де, атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Филиалды техникалық дамыту үшін амортизациялық қор құрылған, оған 2012 жылы 226,9 млн. теңге жіберілді. Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама бойынша шараларды жүзеге асыруға 21,0 млн. теңге жұмсалды. Кәсіпорынның су босату нүктелеріне түгелдей су есептегіш құралдары қойылған. Су беру жөніндегі реттелетін қызмет тарифі жыл ішінде бір текше метрге, демеуқаржыны есепке алмағанда, ҚҚС-сыз 402,38 теңгеге дейін ғана жетті. Кәсіпорын еңбеккерлерінің номиналды орташа жалақысы 82 083 теңгеден айналып отыр. Жылдың экономикалық қорытындысы айтарлықтай таза кіріс әкелді. Міне, осының бәрі тораптық су құбыры қызметінің жақсара түскенін көрсетеді.

Есепті жиынға қатысқан облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің техникалық бөлімінің меңгерушісі Павел Мощин тарифтік төлемдерге қатысты түсінік берді. Су тұтынушылар атынан сөз алған Тимирязев аудандық ТКШ бөлімінің бастығы Вадим Кравченко филиалдың қызметіне қанағаттанатындықтарын білдіре отырып, “Ақ бұлақ” бағдарламасының бұдан әрі қалай өрбитіні жөнінде сұрақ қойды. Оған жауап қайтарған Мұрат Жантілеуов бұл мәселемен бүгінде Су ресурстары жөніндегі комитеттің айналысып жатқанын, бағдарлама біздің облыста да міндетті түрде жалғасын табатынын, 94 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттардың дайын екенін және өңірде бірінші кезекте 46 елді мекенге су беру жұмыстарының биыл басталатынын айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp