«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазмедиа орталығы” ғимаратында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі брифингі өтті. Онда ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев осы аптадағы іс-шаралар жоспарымен таныстырды.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова зейнетақы жүйесіне қатысты заң жобасының жаңалықтарымен бөлісті. Бүгінгі күні Қазақстанда 10 жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс істейді. Олар зейнетақы есептері мен активтерін басқарумен, зейнетақы салымдарын тартумен айналысады. Ал жаңа заң жобасында бұл қызметтердің ара жігі ажыратылған, енді біртұтас жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылардың есептерін жүргізуге, зейнетақы салымдарын тартуға және зейнетақы төлемдерін іске асыруға жауап беретін болады. Зейнетақы активтерін басқару енді ҚР Ұлттық банкінің құзыретіне жатқызылды. Осыған орай ҚР Президенті жанынан кеңес құрылып, ол екі бағыт бойынша жұмыс істейді.  

Вице-министр міндетті кәсіби зейнетақы салымдары жүйесі де өзгерістерге ұшырайды деп отыр. Бүгінгі күні ерікті түрде осы тәсілмен зейнетақы салымдарын жүргізіп отырғандардың қатары небәрі 4 мыңға жуық адам. Ал олар жинаған салым көлемі 100 миллион теңгеден аспай тұр. Осыған байланысты аса ауыр әрі зиянды еңбекке араласқан жандардан міндетті кәсіби зейнетақы салымдары жиналатын болады. Заң жобасы қабылданатын болса, жұмыс берушілер осындай тарапта қызмет ететін азаматтарға еңбекақы төлеу қорынан бес пайыз көлемінде қаржы аударуға міндеттеледі. Сондай-ақ әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы да талқыланды. Нәзік жандардың 63 жастан зейнет демалысына шығуы тек 2023 жылдан бастап толығымен іске асады, оған дейін осы жасқа таяғандардың еңбек ету мерзімі кезең-кезеңімен жарты жылға ұлғаяды, деді Вице-министр. Сондай-ақ жаңа заң жобасында азаматтардың белгілі бір санаттары үшін зейнетке ерте (жеңілдікпен) шығу мүмкіндігі қарастырылған. Мәселен, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер жалпы еңбек өтілі 20 жыл болып, 53 жасқа толғанда жасына байланысты толық көлемде зейнетақы алуға құқылы.

Брифинг барысында ҚР Ұлттық банкі қаржылық қызмет көрсету тұтынушыларының құқығын қорғау жөніндегі комитетінің төрайымы Гүлбану Аймағамбетова сұрақтарға жауап берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp