«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жер пайдалану құқығы меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) жер пайдалану құқығын табыстау, беру және ауыстыру жолымен және жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Жер пайдалану құқығы мемлекеттiк органдар актiлерiнiң; азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде; Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.

Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде, ал арнайы экономикалық аймақ аумағында арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінің шешімі негізінде жер учаскесіне құқық табыстау жөніндегі құзыретке сәйкес жүргізіледі. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өз құзыреті шегінде жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы тиісті шешімі негізінде осындай жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады. Жер пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.

Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару азаматтық-құқықтық мәмiлелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi. Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға беру жалдау немесе жер учаскесiн уақытша өтеусiз пайдалану шартының негiзiнде жүргізіледі. Жер пайдалану (жалдау) құқығын беру мен оны иелiктен шығаруды уақытша өтеулi жер пайдалану құқығын сатып алған тұлғалар ғана жүргiзе алады. Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару және оны беру кезiнде жер пайдаланушылардың жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өз бетiнше өзгертуге құқығы жоқ.

Жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен мынадай мемлекеттiк жер пайдаланушыларға: кондоминиум объектiлерiндегi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға; ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірісін жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибе және оқу мақсаттарына; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға беріледі. Жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы 5 жылға дейiнгi мерзiмге беріледі. Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы қысқамерзімді (5 жылға дейін) және ұзақ мерзімді (5 жылдан 49 жылға дейін) болуы мүмкін.

Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен: шалғайдағы мал шаруашылығы (маусымдық жайылымдар) үшiн; тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн; мемлекеттiк жер пайдаланушыларға; бақша өcipу үшiн; қызметтiк жер телiмі түрiнде; өзге жағдайларда берiлуi мүмкiн. Уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы: шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін: Қазақстан Республикасының азаматтарына – 10 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге; оралмандарға – 10 жылға дейінгі мерзімге; тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісі үшін: Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына – 49 жылға дейінгі мерзімге; шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi. Жер учаскесiне ұзақмерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бap азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқамерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда оған тиесiлi жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарының нормаларына және Жер кодексіне сәйкес құқық мирасқорына көшедi.

Жер учаскелерi меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу құқығы бар. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына сәйкес, ал уақытша жер пайдалану кезiнде – жер учаскесiн беру актiсiне немесе жалдау шартына (өтеусiз уақытша жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалануға міндетті; жер учаскесiн пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режімiн, сервитуттар мен нормативтiк-құқықтық актiлер негiзiнде белгiленген басқа да пайдалану талаптарын жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз бетiнше өзгертуiне болмайды.

Жер учаскелерін сатып алудан туындайтын мәселелер бойынша жер учаскесінің орналасу жері бойынша жер қатынастары бөлімдеріне бару қажет.

“Облыстық жер қатынастары

басқармасы” ММ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp