«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРХАН БАТАЙ – ел ұстаздары байқауының жүлдегері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі Серхан Батай Шымкент қаласында өткен “Ең үздік шығармашыл мұғалім” республикалық ұлттық қолданбалы қолөнер байқауында ІІІ орынды жеңіп алды.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Республикалық сайысқа еліміз бойынша 15 үміткер технолог ұстаз қатысқан. Тек мұғалімдер арасында өткен сайысқа Серхан Батай өз қолынан жасаған бұйымдарын апарған. Байқауға қатысушылар алдымен өзін-өзі таныстыру сәтінен өткен. Одан әрі шығармашылық жұмыстарын қорғап, билет тарту арқылы педагогикалық сұрақтарға жауап берген.  

 

– Менің шығармашылық жұмысым ат әбзелдеріне арналды. “Шідер өріп-түю технологиясын” түсіндіруді мақсат еттім. Шығармашылық жұмысымды қорғауды ертедегі адамдардың жылқыны қалай қолға үйрете бастаған шағынан бастадым. Оған мысалға біздің Қызылжар өңірінің Айыртау ауданындағы “Ботай” қорымын алдым. “Тұлпар – ер қанаты” дегеннің мағынасын аша отырып, ұмыт қалған шідерді өру технологиясына тоқталдым. Қайысты дайындау, илеу, өру технологиясын түсіндіріп, қолөнердің құндылығын, оның жасалуы табандылықты қажет ететіндігін дәлелдедім, – дейді Серхан Батай.

Ұстаз 2003 жылдан бері Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте технология пәнінен сабақ береді. Сабақ бере бастаған алғашқы жылдардан бастап оқушыларды үйірмелерде баулып, қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде өтетін сайыстардың барлығына қатыстырып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Оқушылары 2007 жылы Алматы қаласында өткен республикалық, өзі 2008 жылы Түркістан қаласында өткен сайыстан ІІІ орындарды жеңіп алған. Серхан Батайдың қолданбалы қолөнер бұйымдарын жасауда ұстанып отырған бағыты әртүрлі. Оқушыларына ағаш, сүйек, қайыс, тері өңдеу тәсілдерімен қатар, қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра, қобыз, тағы басқаларын жасау технологиясын үйретуде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp