«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭНЕРГИЯ ЫСЫРАБЫ ЫҚТИЯТСЫЗДЫҚТЫ БІЛДІРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қуат үнемдеу соңғы ширек ғасырдың ішінде әлемнің барлық елдері үшін ең өзекті мәселенің біріне айналды. Экономиканың өсімі, тұрғын үй құрылысы қосымша қуат ресурстарын талап етеді. Солай бола тұра адамның іс-әрекеті қоршаған ортаны бұзуда, ауа райын өзгертеді және табиғи қуат ресурстарының азаюына әкеліп соқтырады.

Сергей ХУДЯКОВ,

Петропавл қаласының ПИК қауымдастығының төрағасы.

Кез келген саладағы қуат үнемдеу іс жүзінде қуаттың пайдасыз шығынын азайту болып табылады. Шығын құрылымының сараптамасы көрсетіп отырғанындай, олардың барынша мол үлесі тұтынуға емес, өндіруге және тасымалдауға тиесілі.

Көпшілік үйлер ескірген қуат тұтыну нормалары бойынша салынған, оның үстіне уақтылы жөндеу жүргізілмеуіне байланысты тозу пайызы жоғары. Тепловизормен жүргізілген түсірілім жылудың негізгі шығындары қасбеттерде, жоғары қабаттың жабындыларында, есіктер мен терезелердің дұрыс жабылмауынан болатынын көрсетті.

 

Көпқабатты үйдегі қуат үнемдеу – бұл алдымен жаппай терможаңғырту (үйді қымтау) деген сөз. Сол сияқты оған жылу жүйесін қайта өзгертуді де жатқызуға болады, одан кейін ол жайлы тұрмыс жағдайын сақтай отырып оңтайлы қуат мөлшерін ала алады. Панельаралық жіктерді бітеу және қабырғаларды су жұқпайтын қосындылармен әктеу – бұлар панельді ғимараттарда жылу шығынын төмендету жөнінде аз шығынды шараларға жатады.

Мемлекеттік қуат қадағалау жөніндегі комитеттің деректері бойынша қуат шығынының негізгі бөлігі жылуға тиесілі. Сараптамалық бағалауға сәйкес жылу шығындары былайша түзіледі:

шатыр және төбе жамылғысы – 25%;

терезелердің жылу өткізгіштігі және саңылау желі – 10%;

подъездердің терезелері мен есіктері – 20%;

жертөле арқылы және қапталмаған құбырлар – 10,0%;

қабырғалар мен шатыр арқылы – 35%.

Жылу қуатын артық жұмсаудың қосымша факторлары:

жылу жүйесі теңгерімінің бұзылуы;

пәтердің бұрыштары жетімсіз жылынған кезде үй ортасының үнемі ысып тұруы;

меншік иелерінің бір бөлігінің жылу жайлылығына тым жоғары талап қоюы.

Әдетте терможаңғыртуға мынадай жұмыстар жатады:

1) жылыта отырып, төбе жамылғысын жөндеу;

2) жылыта отырып, сыртқы қабырғаларды жөндеу;

3) ауа райына және тәулік уақытына байланысты ғимаратқа жылу беруді реттеуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған жылу қосынын орнату;

4) жертөледегі бекіту арматурасын ауыстыру және таратушы жылу құбырларын орау.

Егер тұрғындардың коммуналдық қызметтер төлемдерінде өз қаржыларын үнемдеу мүмкіндігі болатын болса, қуат үнеміне мүдделі. Сонымен бірге меншік иелері әдетте тұрмыс жайлылығын және коммуналдық қызмет көрсету сенімділігін арттыратын шараларды қолдайды. Ресурс үнемдеу тұрмыстық мәдениеттің бір бөлігі болуы үшін мемлекеттік органдар тарапынан қоғамдық пікірді түсіндіруге және қалыптастыруға бағытталған айтарлықтай күш-жігер қажет.

Пәтер иелерінің көбінесе шығынға мән бермейтін әдеттері бар, өйткені олар қуат үнемінің мүмкіндігі мен маңыздылығы туралы онша хабардар емес. Басқарушы ұйымдар (негізінен ПИК-тер) тұрғындар мүддесі үшін қуат үнемдеуге бағытталған кәсіби іс-әрекеттерді әзірге игере алмай отыр.

Көбінесе меншік иелерінің жаңғырту туралы шешімдер қабылдауы үшін қуат үнемдеу жөніндегі шаралардың тым қымбаттығы туралы алып-қашпа аңыздарды сейілту және олардың үйінде нақтылы тұтынылған қуаттың тиімді түрлерінен қаншалықты айырмашылығы бары туралы түсінікті түрде ақпарат беру жеткілікті.

Петропавл ПИК қауымдастығы “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нен жылу есептегіштері орнатылған үйлердегі нақтылы жылу қуатын тұтыну ақпаратын сұрады. Қуат өткізу ұйымы жылу есептегіштері толық екі жылыту маусымында жұмыс істеген 140 үй бойынша 2010-2011 және 2011-2012 жылдардың ақпаратын берді. Біз үйлердің алаңы, олардағы тұрғындар саны, су жылытуға және жылу беруге жеке жұмсалған жылу қуатының мөлшері туралы ақпарат алдық.

Осы деректерді сараптау нәтижесінде мынадай қорытынды шығаруға болады:

1. Сол кездегі қолданыстағы 72,56 теңге/шаршы метр нормасымен 140 есептегіш құралы бойынша орташа төлем 2010-2011 жылғы жылыту маусымында – 56,57 теңге/шаршы метрді, ал 2011-2012 жылғы жылыту маусымында 56,14 теңге/шаршы метрді құрады.

2. Орташа көрсеткіш есептегіш құралдары бойынша тұтынылған жылуға төлемнің толық көрінісін бере алмайды. Жағдайды нақтылау үшін тұтыну нормасына қатысты шаршы метріне 5 теңге қадамымен төлем аралығына қанша үйдің жататыны айқындалды.

Онда белгілі болғаны:

140 үйден небәрі 6 үй (4%) 2010-2011 жылғы жылыту маусымында тұтыну нормасынан көп төледі (72,56 теңге шаршы метр үшін);

24 үй (18%) 68-ден 73 теңге/шаршы метрге дейін аралықта төледі;

21 үй (15%) 63-68 теңге аралығында;

23 үй (17%) 58-63 теңге аралығында;

21 үй (15%) 53-58 теңге аралығында;

22 үй – шаршы метріне 48 теңгеден төмен төледі.

Төменде аумағы 50 шаршы метр, үш адам тұратын екі бөлмелі пәтердің тұтыну нормасы бойынша төлемге қатысты жылу есептегішін қолданған кездегі үнем есептемесі келтірілген.

Мысалы: үш адамның 387 теңге нормасы бойынша айына ыстық су үшін төлейтіні: 387х3=1161 теңге.

Абай көшесіндегі 25-ші үйдегі бір тұрғынның айына ыстық су үшін төлейтіні 257,2 теңге болып шықты. Ол үш адамнан тұратын отбасына есептегенде 771,6 теңгені құрайды. Төлем айырмашылығы айына 1161 – 771,6 = 389,4 теңге болып отыр. Сонда жыл ішінде ыстық су төлемінің айырмашылығы 389,4х12=4763 теңгені құрайды.

Енді жылу төлеміндегі айырмашылықты есептейік. 2010-2011 жылғы жылыту маусымында 1 шаршы метр жылу үшін төлем орта есеппен 45,5 теңгені құрады (деректерді жылу есептегіштерімен жабдықталған 140 үйдің әрқайсысы бойынша қуат өткізуші ұйым берді).

Алаңы 50 шаршы метр, орташа екі бөлмелі пәтерді жылытуға нақтылы төлем айына 2275 теңге және жылыту маусымына 15975 теңгені құрады.

Мұндай пәтердің жылыту ақысын былай есептеуге болады:

норма бойынша 72,56 х 50 ш.м. =3628 теңге айына;

есептегіш бойынша 56 х 50 ш.м.=2800 теңге айына;

айлық жылу төлем айырмашылығы 3628 – 2800 = 828 теңге.

Жылу маусымы 7 айға созылатындықтан, төлем айырмашылығы 828 х 7 = 5796 теңгені құрайды. Жыл бойғы ыстық су және қысқы кезеңдегі жылу үшін төлемдердің айырмашылығы алаңы 50 шаршы метр осы екі бөлмелі пәтер бойынша 10559 теңгені құрайды.

Жылу есептегіштің жылуды үнемдемейтініне оқырмандар назарын аударамын. Ол тек қана нақты тұтынылған жылуды көрсетеді, бірақ ол орнатылғаннан кейін тұрғындар да, ПИК төрағасы да сынған терезеге, жабылмай ашық қалған есікке, оралмаған құбырларға, төбеге шығатын ашық тесікке көңіл аударатын болады.

Есептегіш құрал орнату біз бұрын елемейтін кемшіліктерге еріксіз назар аудартады. Жылуға төлемнің азаюы біздің және өз ПИК-іміздің іс-қимыл нәтижесі болып табылады. Жылыту желілеріне қымтау және реттеу жүргізілетін үйлерде есептегіш жылу тұтынудың өскенін көрсетеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp