Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі сарапшыларының атап өтуінше, 2013 жылы ел экономикасы бұрынғыдай дамуымызға теріс ықпал етуі мүмкін сыртқы факторлар әсерінде қала бермек. Макроэкономикалық сараптама және мониторинг басқармасының сарапшысы Ділрух Шәріпов пен осы басқарманың бастығы Шыңғыс Дәулетбаев Қазақстан үшін маңызды әлемдік тәуекелдерді сараптап, жедел әрекет ету және одан арғы экономикалық саясат бойынша өз ұсыныстарын беріп отыр. Олардың “2013 жылғы Қазақстан экономикасына жаһандық тәуекелдер әсері” атты шолуында елдің ЖІӨ-нің шынайы өсімі бойынша деректер келтірілген.
Сарапшылардың атап өтуінше, АҚШ, Еуропа, Қытай және Кеден одағы елдерінің экономикалық жағдайы Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай тәуекел тудырады. Әлемдік өндіріс қарқынының төмендеуі еліміздің экономикасына әсер етпей қоймайды. Атап айтқанда, әлемдік экономикадағы АҚШ-тың орны дүниежүзілік ЖІӨ-дегі олардың жоғары үлесімен, нақты айтқанда, 2011 жылы 25 пайызбен негізделген еді. 2012 жылы бұл елдегі ахуал жақсарып, ЖІӨ өсімі 2,2 пайызды құрады. Дегенмен де, биылғы жылы АҚШ Қорғаныс министрлігінің шығыстарын 110 млрд. долларға қысқарту қажеттігін сезініп отыр. Бұған қоса соңғы төрт жыл бойы жыл сайын бір триллионнан асып жығылатын бюджет тапшылығының да жоғары болуы экономика өсіміне кедергі келтірері анық. Сондықтан АҚШ-тың қаржы жүйесіндегі инвесторлардың сенімділігін қолдау үшін бюджет шығыстарын қысқарту шаралары қолданылуы мүмкін, ал тұтынуды ынталандыруды төмендету экономика өсіміне теріс әсер етеді. Басқаша алып қарағанда, ұзақ уақыт бойы тапшылықтың жоғары деңгейінің сақталуы елдің кредиттік рейтингін төмендетуі мүмкін.
Сонымен бірге үстіміздегі жылы Еуроодақ елдері экономикасының баяулау проблемасы сақталады. Қаржы жүйесінің бөлшектенуін, әлсіз елдерден депозиттердің шығуын және басқа да проблемаларын еңсеріп, Еуропа монетарлық және қазыналық одақтарды күшейту, саяси ықпалдасу және банктік одақ құру бағыттарын жария ете отырып, өз дамуының жаңа белесіне ұмтылуда. Еуропалық қайта құру және даму банкінің базалық болжамына сәйкес еуроаймақтағы өндірістің құлдырауы өзінің төменгі шегіне жетіп, енді қаржы нарығындағы тұрақтылықтың, либералды монетарлық саясаттың және құнды қағаздар нарығы өсуінің арқасында біртіндеп жандана бастайды. Дегенмен, әзірге еуроаймақтағы мәселелер толық шешілген жоқ. Одақтың ірі мемлекеттеріне дағдарыстың таралу қаупі бар. Бұл банк секторына әсер етіп, одан арғы рецессияға түрткі болуы мүмкін. Оған алдымен еуроның нығаюы әсер етеді. Мұның өзі еуропалық экспорттың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, сонымен бірге экономика өсіміне тосқауыл қояды. Қазыналық қысқартуға байланысты Еуроодақ елдері өз өнімдерін нарыққа шығару үшін валюта бағамын әлсіретуге дәрменсіз.
Қазақстан экономикасы үшін, әсіресе, Қытайдың маңызы зор. Әлемде өндіріс көлемі бойынша алдыңғы орындардың біріндегі оның экспортына көптеген елдер тәуелді, сондықтан олардың болжамды көрсеткіштер өсімінен шамалы қиыс кетуі әлемдік экономиканың баяулауына әкеп соғады. Аспан асты елінің 11 жылға созылған ЖІӨ өсімінің тұрақты өсу қарқыны 2011-2012 жылдардың жеті тоқсаны бойы төмендеу жағына қарай ауысты. Тек 2012 жылдың төртінші тоқсанында Қытай қайтадан капиталдағы өндіріс пен инвестицияның және сатылым деңгейінің артуына байланысты 7,9 пайыздық ЖІӨ өсіміне жетіп, оң ырғақты көрсетті. Бірқатар экономикалық институттардың болжамдарына сәйкес 2013 жылы ҚХР ЖІӨ өсімі 8,1- 8,3 пайыздық деңгейде күтілуде. Бұл елдегі маңызды экономикалық тәуекел жоғары инфляция, артық жинақтар мәселесі, юаньның нығаюы, жылжымайтын мүліктегі “көпіршік” және халық табысы арасындағы үлкен айырмашылыққа байланысты әлеуметтік алаңдаушылық болып табылады.
Сол сияқты сарапшылар Кеден одағы аясында Ресей мен Беларусь елдері тарапынан төнетін тәуекелге де барынша назар аударуға кеңес береді. Қазақстанның сыртқы саудасаттығында Беларусь үлесінің шамалы болуына байланысты бұл елдегі ахуал біздің экономикамызға оншалықты әсер ете қоймайды. Кеден одағы аясында 2013 жылы Қазақстан экономикасы үшін өзара саудасаттықтың одан әрі баяулай түсу тәуекелі бар. 2012 жылдың 11 айы ішінде 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанның жалпы сауда айналымындағы Кеден одағы елдерінің үлесі 18,7-ден 17,7 пайызға дейін қысқарды. Бұл, негізінен, Кеден одағы экспортының 7,3 пайызға төмендеуіне байланысты. Экспорттың қысқаруына Кеден одағы елдерінің жалпы нарығына қазақстандық өнімді шығаруға, сонымен бірге 2012 жылы орын алған шикізат экспортына әлемдік сұраныстың төмендеуіне сәйкес келуі сияқты бірнеше себебі бар. Қалай десек те, Қазақстан Ресейдегі ахуалға барынша тәуелді. Сондықтан да қазіргі уақытта Ресей экономикасының капиталды ауқымды түрде шығаруы, басты макроэкономикалық көрсеткіштері, сонымен бірге валюталық және девальвациялық тәуекелдердің төмендеуі сияқты қаржылық ахуалдың Қазақстан үшін маңыздылығы күшейе түседі.
Бүтіндей алғанда, жоғарыда аталған тәуекелдер ірі әлемдік елдердегі сұраныстың баяулауына әкеліп соғуы мүмкін. Және ол Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары бағасының төмендеуіне де әсер етеді. Ал экспорттық кірістің төмендеуі елдегі өндіріс өсімі қарқынын тежейді. Мысалы, 2012 жылы әлемдік сұраныстың төмендеуі салдарынан қазақ елі экспорттайтын негізгі металдар бағасы құлдырап, ал мұнай құны шамалы артса, әлемде орын алған құрғақшылық салдарынан астық бағасы шарықтап шыға келді. Міне, осы және басқа да себептер 2011 жылы 7,5 пайызды құраған Қазақстан ЖІӨ өсімінің 2012 жылы 5 пайызға дейін түсуіне себеп болды.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан экономикасына әлемдік тәуекелдердің әсер ету арналары да кеңінен сараланған. Біріншіден, әлемдік экономиканың баяулауы Қазақстанға сауда арқылы әсер етеді. Еуропаның өз-өзіне келуінің созылып кетуі мен Қытай дамуының баяулауы елімізге де теріс әсерін тигізбей қоймайды.
Екіншіден, әлемдік экономикаға тәуекелдердің әсер етуі қаржы арналары арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, АҚШ-тың кредит рейтингісінің төмендеуі және биржа нарықтарының құлдырауы шетелдегі қазақстандық инвестициялар құнының кемуіне әкеп соқты. Еуропалық одақ пен Қытайдағы ахуалдың нашарлауы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің азаюы арқылы әсер етеді. Осылайша, әлемдегі ахуал еліміздің экономикалық саясатында қалыптасып отырған жағдайға сәйкес түзетілген жаңа бағыт-бағдар ұстануға мәжбүр етеді.
Қазіргі уақытта мұнай сатудан түскен табыстың бір бөлігін Ұлттық қорда сақтау саясаты жүргізілуде. Бұл қаражат келешек ұрпақтарымыздың болашағын жақсартумен бірге ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Жыл сайын Ұлттық қордан нақты белгіленген трансферттер мұнайдың әлемдік бағасы шығындарына тәуелділікті азайту әрі стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін бөлінеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында экономиканы әртараптандыру жолдарымен мұнайға тәуелділіктен бас тарту шаралары қолданылуда. Қазақстандағы ахуалға әсер ететін әлемдік тәуекелдердің басым бөлігі экономиканың шикізаттық сипатына байланысты. Сондықтан да әртараптандыру экономикалық саясаттың маңызды мақсаттарының біріне айналады. “Қазақстан – 2050” Стратегиясында қойылған мақсаттарға қол жеткізу ұзақмерзімді болашақта Қазақстанға шикізатқа тәуелділіктен арылып, әлемдік қоғамдастықта маңызды рөлге ие, қуатты, өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекет құруға, азаматтарының өмір деңгейін жақсартуға және индустриялық жаңғыруға мүмкіндік береді.