«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАН ҚЫСЫМЫҢЫЗ КӨТЕРІЛМЕСІН ДЕСЕҢІЗ, саламатты өмір салтын ұстаныңыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүниежүзілік денсаулық күні биылғы жылы қан қысымы дертінің алдын алуға арналды. Соған орай облыс орталығында қан қысымы дертіне арналған онкүндік ұйымдастырылды. Оның қорытынды бөлігі облыстық кардиологиялық орталықта өтті.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Баспасөз мәслихатының облыстық кардиологиялық орталықта өткізілуінің өз себебі бар. Жүрек-қан тамырлары ауруларына жататын инсульт, инфаркт, жүректің ишемиялық аурулары дәл осы қан қысымының шамадан тыс жоғарылауынан пайда болады. Сондықтан да кардиологиялық орталықтың мамандары бір адамдай жұмылып, баспасөз мәслихатында дерттің пайда болу себептері жайында айтты.

 

Елімізде “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіліп келе жатқан скринингтік тексерістердің нәтижесінде гипертония дертінің бастапқы кезеңін анықтау мүмкін болуда. Сол себепті қант диабеті және қан айналымы жүйесіне жататын гипертония, жүректің ишемиялық ауруларын ерте кезден анықтау аталған дерттер бойынша диспансерлік есепте тұрмайтын 25, 30, 35, 40, жастағы ерлер мен әйелдер, ал 40 жастан 64 жасқа дейінгілер үшін 2 жылда 1 рет өткізіледі. Аталмыш медициналық тексеріс тегін өткізілгенімен, өңір тұрғындарының белсенділік танытпауы дертпен күресте қолбайлау болып тұр, дейді облыстық кардиологиялық орталық бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бейбіт Мұстафина. Себебі, өңіріміздегі әр 2-ші адамда гипертония дертінің алғашқы белгілері бары анықталған. Оны уақытында алдын алмау өмірге қауіпті ауруларға жол ашады, деді ол.

Үстіміздегі жылдың 3 айында облыс бойынша небәрі 19223 тұрғын скринингтік тексеріске қатысқан. Оның нәтижесі бойынша 15,9 пайыз әйел және 23,6 пайыз ердің дені сау болып шықса, қалғаны дәрігерлерге жолдама алған. Гипертония дертінің белгілері бар 681 адам диспансерлік есепке алынды. Денсаулық сақтау мамандары жүргізген соңғы санақ бойынша облысымызда 6337 адамда артық салмақ пен семіздіктің белгілері анықталған. Бұл тек скринингке қатысқандары ғана. Ал тұз бен мал майын артық қолдану, темекі шегу, күйзеліске жиі ұшырау, ішімдікке әуестік қан қысымын жоғарылатпай қоймайды, дейді облыстық кардиологиялық орталықтың кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі Михаил Телюк. Сондықтан да қан қысымыңыз 140/90 болмасын десеңіз, мүмкіндігінше көбірек қимылдап, тамақтану мәзірін өзгерту қажет дегенге тоқталды облыстың кардиолог мамандары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp