ХVІІ-ХVІІІ ғасырларды ұлттық-мәдени мұрамыздың, соның ішінде ауыз әдебиетіміздің тарихындағы алтын кезең десек, артық емес. Осы екі жүзжылдықта жыраулар поэзиясының желісін біздің заманымызға жақындата тартқан небір дүлдүл ақындар ғұмыр кешіп, “Айтыстың ақтаңгерлері” деген атаққа бөленді. Қынаптан суырылған алдаспандай жарқылдап, көмейден жырын төккенде қараңғы түнді күндіздей жарқыратқан жыр жампоздарының ішінде бірінен-бірі шоқтығы биік дара дүлдүлдері болды. Солардың бірі “Көп жұлдыздың ішінде Айдай болдым” деп өзін-өзі жырмен дәріптеген дарабоз – Орынбай Бертағыұлы.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жыр жампозы 1813 жылы Айыртау ауданының Көлдей еліне жататын Дәуқара ауылы маңында дүниеге келіп, “Қарауылдың жорғасы” атанған. Орынбай – әнші, суырыпсалма ақын, қақтығысуларда, үлкен айтыстарда алдына қара түсірмеген жүйрік. Жеңілген күннің өзінде, айтыстың ең мықтыларына ғана жол беріп, келесі бір сөзсайыста есесін қайтаратын, ауыздығымен құс тістеген пырақ, кең қолтық арғымақ, айтысқанда айшылық жолға шыдайтын қазанат сынды ерекше дарын болған.
ХІХ ғасырдағы қазақтың жыр жүйріктерінің ішінде өзге жұрттардан келіп, айтыс өнеріне таңдай қаққан зерттеушілердің көзіне көбірек түскені де осы Орынбай Бертағыұлы екенін айтыстың тарихына бойлаған әдебиетшілер, басы Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов болып, хатқа түсіріп, жазып кеткен.
Ақындық өнер бауырында өскен атасы Бертағыдан дарыған Орынбай он екі-он үш жасынан қолына домбыра алып, ұлы әкесіне еріп, ел таныған. Қазақтың теріскейіндегі Қызылжар, Көкшетаудан бастап, Арғын, Найман, Қыпшақ тайпалары қоныстанған Қостанай, Қараөткел, Қарағанды, Семей өңірлерін түгел аралаған, сол жерлердің зиялы, ел құрметіне бөленген азаматтарын, жұртты билеген игі-жақсыларын тегіс білген, өзі де өнерімен солардың құрметіне бөленген. Тегінде, оның 1891 жылы Аягөзде өмірден озуы осындай ел аралаған сапарының кезінде болуы керек.
Тап қазір есімде жоқ, осы бүгінгі басылымдардың бірінен оқыған “Бұрынғының жыр жүйріктері бүгінгі ақындардай алдын ала жазып, оларды жаттап алып, содан соң “Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа” дегендей, екеуі екі жаққа кетпеген. Айтысқа бүгінгі ақындардай: “Сен мынаны айт, мен саған былайша жауап беремін. Сонда айтысымыз қызық болып, келесі кезеңге екеуміз де өтеміз”, деп алдын ала уағдаласпастан, кенеттен түсіп, нақпа-нақ сөз қағыстырған” деген жолдар менің де көкейімнен шығады. Міне, нағыз айызың қанатын суырыпсалма ақындар осылар. Олардың айтыстарын оқып отырып, “Япыр-ау! Бұл не деген қазына?! Терең шыңыраудан қауға тартқандай бір суалмайды, бір іркілмейді” деп, таңдай қақпауға лажың жоқ. Әсіресе, Орынбай Бертағыұлы осындай, көзі бітелмейтін дариядай әсерге бөлейді.
Бұл қақтығысуларда қазыларды ешкім бүгінгідей іріктеп алып, ақындардың өнерін талқыға таңдаулы топ салмайды. Өлеңнің төрешісі – халық, көпшілік қауым. Сондықтан жеңілген ақын олқылығын топ алдында өзі мойындайды. Тыңдаушысын құрметтеудің осындай жолынан Шөже де, Кемпірбай да, Жанақ та, Түбек те, Бақтыбай да және басқа жүйріктер де таймаған. Мұны Орынбай да құрметтеген. Оған айтыстарының өзі айғақ.
Әуелі осы айтқанымды дәлелдеу үшін Орынбайдың кішіпейілдігін, жан-жомарттығын білдіретін кейбір қақтығысуларынан мысалдар келтірейін. Бірде Орынбай өзі талай мәрте сөзсайысқа түскен, өзінен бес жас үлкен Шөже Қаржаубайұлымен кездесіп қалады. Айтыстың бір тұсында Орынбай:
Дегенде дауыл соқты,
тына қалды,
Алтынды тастан өлшеп,
сынап алды.
Кемтарсың, жасың үлкен
аяймын ғой,
Әйтпесе, берер едім
сыбағаңды! –
деп Шөженің соқырлығын тілге тиек етеді.
Орынбай, мен сезімтал,
сен көреген,
Сонда сен сыбағама
не берер ең?
Бірін бер екі көздің,
мені аясаң,
Бір басқа жалғыз көз де
жетер деген,
– деп жауап қатқан Шөженің тапқырлығын мойындаған екен (“Айтыс”, 1-том, “Жазушы” баспасы, 1988 жыл, 247-бет).
Енді бір жолы Сақау (1798-1875) ақыннан да ұтылған Орынбай сөзден тосылған тұста қырғыз елінен айтыста алған олжасы ретінде мініп келе жатқан атын сыйлап кетіпті. Сонда ол Сақау ақынның:
Ағасы інісінен сұрар сауға,
Сауға сұрап ағасы
қалды дауға.
Дүниенің малына
көзің тойса,
Бата қылып барып па ең
Алатауға?
– деген сөзіне тоқтап, жасы үлкен ақынға інілік ілтипат көрсеткен (“Айтыс”, 1-том, “Жазушы” баспасы, 1988 жыл, 240-бет).
Жырдың ірі жүйрігі болғандықтан, Орынбай жер тарпыған тұлпардай тарпаң мінезден де ада еместігін өлеңмен ұқтырған. Ұқтырған да, үзеңгі қағыстырмақ болғандарды сол тарпаң мінезімен ықтырған. Мәселен, өзінен отыз жас кіші Ақан сері бірде Орынбайдың “Өлеңді қойып, дінге көшемін” деген бір сөзін алдына тартып, өлең айтып отырған ағасын мұқатпақ болып:
Сіздер кеме болғанда,
біздер қайық,
Жөнсіз сөзді айтты
деп қылма айып.
Пірге барып қол берген
имам едің,
“Намахрамға” көз салдың неге барып? – деп тиіседі.
Орынбай:
Ақыл – аста, күш – атта,
сөз – малдыда,
Ақыл, айла болмайды жоқ,
жарлыда.
Парыз, уәжіп, сүннатты
ада қылып,
Жалғыз-ақ “Намахрам” деген сөз қалды ма? – дегенде, Ақан сері үндемей отырып қалыпты.
Айтыс ақтаңгерінің Атығайдың ақыны Арыстанбай Толыбайұлын жеңгені ел-жұртқа ең көп тараған айтысынан белгілі болуға тиіс.
Қалың Қарауыл ішінде Шабдар атасының жақсыларымен мәжіліс құрып отырған Орынбай оларға “Мен Шөжемен айтысамын. Кезі келсе, есемді қайтарамын” деп, бір жиында оның үстінен түседі. Сырттан сырттансынбайтын қос саңлақ қамшыны басады. Осындай айқастың үстінде Шөже Орынбайдың сәлеміне жауап ретінде:
Уағалайкүмассалам
дейін саған,
Барша жанды
жаратқан хақтағалам.
Тәңірінің қылған ісін
мазақ қылып,
Кәпір болып кеткен бе мына антұрған? – деп, өзінің зағиптығын мазақ қылды дегендей етіп, алдын ала құрық салмақ болады. Оның бұл қулығын аңдап отырған сұңғыла Орынбай:
Әй, Шөже, семіресің
алғаныңа,
Дүниенің көз салсайшы
жалғанына.
“Ақын Шөже соқыр” деп
жұрт айтады,
Соның бәрі кәпір
боп қалғаны ма?
– дегеніне және одан кейінгі өткір шумақтарына риза болған ел жақсылары Шөжені тоқтатып, жеңілгенін мойындатады.
Орынбайдың қарсыластары қазақтың үш жүзіне тегіс таныс айтыскерлер. Мықтының дәрмені осындай озықтармен қақтығыста танылады. Мысалы, Орекеңнен жасы кіші Серәліқожа деген ақын оның ел аралап, игі жақсылармен, төре-сұлтандармен дәмдес болып келе жатқанын естіп, үш күн бойы алдын тосып, дайындалып жатады. Кездескенде, әрине, айтысады. Серәлі “Елді аралап, тіленіп пұл жиясың” дегендей, күні бұрын даярлап қойған амалына басқанда Орынбай:
Серәлі, тәуір көрдім
мінезіңді,
Балаймын мың қожаға
бір өзіңді.
Тіленшілік кітапта ұнамаса,
Қожаларға неге айтпайсың
бұл сөзіңді,
– деп ел үстінен күнелткен қожа-молдалардың қылықтарын ұқтырып, буындырып тастайды.
Орынбай Тоғжан сынды жыр дүлдүлімен де, Қожабек сияқты пәрменді ақынмен де айтысқан. Алғашқысы Атығайдан шыққан өзін, Нұртайды, Нұрәліні айта отырып, “Сірә да, жүйрік озбас Орынбайдан!” деп жеңілгенін өзі мойындап, тоқтайды. Ал Орынбай Қожабекті жырдың қуатымен мәжбүрлеп жеңеді.
Соған нақты дәйек:
“Пір” десем, кереметің
көрінбейді,
Айналдыра бересің
Орынбайды.
Көп жұлдыздың ішінде
Айдай болып,
Орынбай еш нәрседен
қорынбайды!
Орынбайдың ел аузында жақсы сақталған айтысының бірі Шортанбай Қанайұлымен (1818-1881) өткен. Ол бұл сапарға Құсбек сұлтанның арнайы шақыртуымен келіп, осы жолда Шортанбаймен жүздеседі.
Шортанбай – ірі ақын, діни білімі де зор. Сондықтан “Қожа” атанған. Ол Орынбайдың Шу өңіріне келе жатқанын біледі. Жалғыз емес, Тұрлыбек деген атқамінермен үзеңгілес келеді. Ал бұл атқамінер Омбы генерал-губернаторының қазақ істері бойынша көмекшісі Тұрлыбек Көшенов екені анық.
Шортанбайдың Орынбайға “Елден жылу жиып жүрісіңнен” басқа батырып айтар сөзі болмағанына айтыстың мазмұны айғақ. Мұндай сөздерге еті үйреніп алған ақын бұғалыққа түспей, Шортанбайдың өзіне сойылды қатты сілтейді. Соның дәлелі мына шумақ:
Деп едім “Тілім тиер”
мен бағана,
Жаратты қожаны
пір хақтағала.
Ишан өлең айтқанын
қашан көрдің,
Не өлең, не пірліктен
кет садаға!
Сәбит Мұқанов: “Ақындық талантын көзге көрсетіп, аузынан асыл, ақылды, көркем, тоқтаулы сөз шыққан ақынды халық жынысына, тегіне, жасына, руына қарамай ардақтайды. Айтыста озған ақын халық алдына ақындыққа мандат алады. Бұл мандаттың жазылатын қағазы – халықтың жүрегі. Ақын халықтың жүрегіне ең сүйкімді, халыққа ең ардақты адамның қатарында тұрады”, деп жазғандай (“Айтыс”, 1-том, “Жазушы” баспасы, 1988 жыл, 9-бет), айтыстың дүлдүлі Орынбай Бертағыұлының дарыны оны жүрегімізге мәңгілік ұялатады.