«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БИЫЛ 146 ЕЛДІ МЕКЕННІҢ ЖОЛ ҚАТЫНАСЫ ЖАҚСАРАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жол қадірін жүрген біледі”, – дейді дана халқымыз. Шынында да, ауылдар мен қалаларды бір-бірімен байланыстыратын күре жолдың маңызы ерекше. Ғылым мен техника барынша дамыды десек те, барар жерімізге шаршамай-шалдықпай жетуіміз жолға байланысты. Әлі де болса күрмеуі келмей жатқан осы өзекті мәселеге биыл облыс әкімі Самат Ескендіров айрықша назар аударып отыр. Соған орай қалыптасқан күрделі жағдайды қалпына келтіру үшін қандай шаралар қолданылғалы жатқандығын білмек болып Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исмановты сөзге тартқан едік.

– Бейбіт Қайыркешұлы, сөзімізді Қызылжар өңіріндегі автомобиль жолдарының қазіргі жағдайынан бастасақ. Бұл мәселеге неге ерекше назар аударылып отыр?

– Қызылжар өңіріндегі автомобиль жолдарының желісі 8998 шақырымды құрайды, оның 1468-і – республикалық, 2427-і – облыстық, 5103-і – аудандық маңызы бар жолдар. Солардың 4489 шақырымы – қара жамылғылы, 2625-і – қиыршық тасты, ал қалған 1884-і көтерме жолдар саналады.

Аталмыш автомобиль жолдары өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары жобаланып салынған және олар 8 тоннадан аспайтын салмаққа есептелген. Ал қазіргі қарқынды қозғалыс пен 40-50 тоннадан асатын автокөліктердің жүккөтергіштігі жолдардың жедел бұзылуына және олардың қызмет ету мерзімін бірнеше есе азайтуға әкеліп соқтыруда.

 

2012 жылғы күзгі байқаудың қорытындысы бойынша облыстық және аудандық автожолдардың 30 пайызы (2272 шақырым) бұзылу кезеңінде екендігі анықталды. 5255 шақырым автожол жөндеуді қажет етеді (3050 шақырым немесе 40%-ы – күрделі, 2205 шақырым немесе 29%-ы орташа жөндеуді). Сонымен бірге автожолдарда 1507 су өткізетін құбырлар орналасқан, олардың 230-ы қауіпті ақауы бар құбырлар болып есептелсе, жол бойындағы 36 көпірдің 12-сі – апатты жағдайда. Осының бәрін қалпына келтіруге мол қаржы қажет.

– Жолдарымыздың көңіл көншітерлік емес екендігін жолаушылар мен автокөлік жүргізушілері жақсы біледі. Солардың бәрін бірдей бірден қалпына келтіру мүмкін емес екендігі де белгілі. Осындай тығырықтан шығу үшін өңірімізде биыл қандай жұмыс атқарылмақ?

– Аталмыш толғағы жеткен мәселе облыстық аумақты дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында іске асырылып жатыр. Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге биыл қаңтар айында 3 млрд. 444 млн. 607 мың теңге қаражат бөлу жоспарланса, оның 2 млрд. 547 млн. 262 мың теңгесі – республикалық трансфертте, 897 млн. 345 мың теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған болатын. Бұдан басқа облыс әкімі Самат Сапарбекұлы Ескендіровтің бастамасы бойынша облыстық мәслихаттың ХІІІ сессиясы тағы да 1 млрд. 650 млн. теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп облыстық бюджеттен жолдарды жөндеуге бөлінген жалпы қаржы 2 млрд. 547 млн. 345 мың теңгені құрап, республикалық транферттен асып түсті.

– Аталмыш қомақты қаржыны өткен жылмен салыстыра кетсеңіз. Былтыр қандай істер атқарылды?

– 2012 жылы облыстың автожолдарын қалпына келтіруге 2 млрд. 802 млн. 353 мың теңге жоспарланса, биылғы жылға бөлінген қаржының жалпы сомасы 5 млрд. теңгеден асып отыр.

Өткен жылдың қаражаты толығымен игерілді. Соның нәтижесінде КТ-68 “Лавровка-Келлеровка-Тайынша” (10 шақырым) автожолы қайта жаңғыртылды, КТ-33 “Пресновка-Архангелка-Троицкое”, КТ-9 “Булаево-Возвышенка-Молодогвардейское-Кирово-Қиялы-Рощинское”, КТ-29 “Покровка-Корнеевка-Горное”, КТ-22 “Становое-Новомихайловка-Меңкесер”, КТ-50 “Борки-Ташкентка-Долматово” автожолдарына (27,7 шақырым) күрделі жөндеу жүргізілді және су өтетін 1 құбыр ауыстырылды. Жобалық-сметалық құжаттарды (ЖСҚ) әзірлеуге облыстық бюджеттен 40 млн. теңге бөлінді. Бұдан басқа 2427 шақырым автожолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Олар: асфальт және қиыршық тасты жолдардың шұқырларын жөндеу (тиісінше 53 178 және 401 445 шаршы метр), жол төсемдері мен жол жиектерін, автопавильондарды қалпына, ретке келтіру, жол белгілерін, шақырым бағаналарын жаңалармен ауыстыру, минералды жолақтар жасау.

– Биылға бөлінген қаржыны игеру қалай жоспарланып отыр? Ол үшін қандай ұстаным басшылыққа алынды?

– Жергілікті әкімдердің тұрғындармен дәстүрлі кездесулері кезінде айтылған ұсыныс-тілектерге, өңір басшысының тапсырмасына орай тұрғындардың қоныстануы мен астық қабылдау кәсіпорындарының орналасу жағдайын, бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді жалғастыратын автожолдардың маңыздылығын басшылыққа алдық. Сонымен бөлінген қаржы 9,4 шақырым автожолды жаңғырту, 24,4 шақырымға – күрделі, 73,3 шақырымға орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа су өткізетін 6 құбырды, 36 асфальт жолдардың 205 178 шаршы метр шұңқырын, жол жиектерін, автопавильондарды, жол белгілерін, шақырым бағандарын қалпына келтіру көзделген. Аталмыш шаралар 90 мыңнан астам тұрғыны бар 146 елді мекеннің көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

– Осы автожолдардың кейбіріне мысал келтіре кетсеңіз.

– Мысалы, КТ-68 “Келлеровка-Тайынша-Чкалово” автожолы 2010 жылдан бері жаңғыртыла бастады. Үш жылда 1 634,7 млн. теңгеге 15,8 шақырым (81,2-97 шақырым) жол қайта жаңартылды. Автожолдың 97-142 шақырым (45,9 шақырым) учаскесіне ЖСҚ жасалған. Бұл аралық 2013-2016 жылдары жаңғыртылмақ. Оған 6 797,7 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарланған. Биылғы меже – 9,4 шақырым.

Осы бағыттың 142-152 шақырым (10 шақырым) учаскесіне 28 ақпанда ЖСҚ әзірлеу үшін конкурс жарияланды, ал 152-171 шақырым (19 шақырым) учаскесінің ЖСҚ-н әзірлеуге қаражат бөлу қажет. Сөйтіп қайта жаңғыртылатын жолдың жалпы ұзындығы 90 шақырымды құрайтын болады. Ол 12 млрд. теңгеден астам республикалық трансферт пен облыс бюджетін қажет етеді. Бұл автожолдың маңыздылығы – Уәлиханов, Ақжар және Тайынша аудандарын Петропавл-Астана бағытымен байланыстыратындығында.

Тағы бір мысал: КТ-32 “Пресновка-Благовещенка” автожолының 16 шақырымы – орташа, ал “Благовещенка-Қайранкөл” автожолы күрделі жөндеуді қажет етеді. Олардың алғашқысына сомасы 136 млн. теңгенің ЖСҚ-ы жасалған, соңғысына ЖСҚ әзірлеу биылғы жылға жоспарланып отыр. Аталмыш бағыт 8 мыңнан астам тұрғыны бар 18 елді мекенді аудан орталығымен байланыстырады және Қайранкөл станциясындағы элеваторға астық тасымалдайтын негізгі жол саналады.

Жалпы алғанда, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіру үшін осындай 12 жоба жүзеге асырылғалы отыр.

– Иә, “Келлеровка-Тайынша-Чкалово” бағытындағы 90 шақырымдай автожол қомақты қаржыны қажет етеді екен. Соны тарқатып айтып берсеңіз.

– Бұл – қайтадан жаңартылып, яғни кеңейтіліп жатқан автожол. Оның 1 шақырымына 140 млн. теңгедей қаржы жұмсалады. Ал асфальт-бетонды жолдарға күрделі жөндеу жүргізуге 70-80 млн. теңгедей қаражат қажет. Бұдан басқа асфальт жолдың 1 шаршы метр шұңқырын қалпына келтіру 4,5 мың теңгеге бағаланады.

– Жол құрылысына қандай кәсіпорындар қатысқалы отыр?

– “Петропавл жолдары”, “Көкшетау жолдары”, “СУ-808” ЖШС-лері басты мердігерлер болмақ.

Алдағы басты мақсат – бөлінген қомақты қаржыны толығымен игеру.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp