Петропавл қаласындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат осымен 27-ші мәрте өз түлектерін ұшырды. Тәрбиеленушілер арасында “Жылы үй” аталып кеткен ордада кішкентайларынан тәрбие мен білім алған 17 жас жеткіншек жаңа өмір есігін ашты. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды оқу жылының аяқталуымен құттықтауға ұжымның ардагер ұстаздары мен тәрбиешілері, демеушілері келді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Салтанатты шара барысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат директоры Ризабек Кәкпенов:
– Мектеп-интернатта тәрбиеленушілердің табысты білім мен тәрбие алуына жайлы жағдай жасалып отыр. Ұжымның басты міндеті балаларды өз бетімен өмір сүруге даярлау, олардың еліміздің шынайы патриоттары болып тәрбиеленуіне күш салу болып табылады. Түлектердің алдағы уақытта білімдерін лайықты оқу орындарында жалғастыруларына жағдай жасалуда. Оқушыларымыз облыс, республика және халықаралық деңгейлерде өткізілетін “Орыс қонжығы”, “Кенгуру”, “Алтын талшық”, “Ақ бота” сынды зияткерлік ойындар мен ғылыми жобалар, кәсіптік шеберлік конкурстарына қатысып, жүлделі орындардан көрінуде, – деді .
Мектеп-интернаттың жыл сайынғы тұрақты демеушілері де тәрбиеленушілердің әр мерекесін қалт жібермейді. Соңғы қоңырау салтанатына да Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, “Қызылжар су” ЖШС, Кедендік бақылау департаменті, “Сбербанк”, “Есіл” мейрамханасы, “Визави компаниясы” ЖШС, “ТрансАвто”, “Дария” базары, “Барыс” арнайы күзет агенттігі, Жол полициясы басқармасы, өртке қарсы қызмет, жер кадастры орталығы, “Петропавл арақ-шарап зауыты” ЖШС ұжымдарының өкілдері қатысып, түлектерге сый-сияпаты жасады.
1-сынып оқушылары аға-әпкелеріне өз тілектерін арнаса, мектеп бітірушілер де ізбасарларына қасиетті “Білім шырағының” нышанын табыстап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат етулерін тапсырды. Түлектер әсем музыка ырғағымен қоштасу вальсін биледі.
11-сынып оқушысы Руслан Қазбаев пен 1-сынып оқушысы Анжела Имаеваның соққан соңғы қоңырау үні әркімнің жүрегін шымырлатты. Түлектердің армандарын аспанға алып ұшқан шарлар мен естелік үшін түскен фотосурет салтанатты шараның соңғы нүктесін қойды.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.