«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЗДЕ ЖЫЛУ ТАРИФІ ӨСЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті баспасөз мәслихатын өткізіп, 2013 жылдың 1 қазанынан қолданысқа енгізілгелі отырған жылу қуатымен жабдықтау тарифіне түсінік берді. Департамент директоры Марат Мұстафин монополия субъектісінің жылу қуатын өндіру қызметіне тарифті өзгерту жөніндегі өтінімі бекітілген тәртіпте қарастырылғанын айтты.

“СевКазЭнерго” АҚ-ның жылу қуатын өндіру жөніндегі қызметіне қолданыстағы 1378,3 теңге/Гкал (ҚҚС-сыз) көлеміндегі 2012 жылғы 1 шілдеден күшіне енген тариф департаменттің 2012 жылғы 23 мамырдағы №78-ОД бұйрығымен бекітілген болатын. Марат Кәрімұлы мәлімдегеніндей, “СевКазЭнерго” АҚ Қазақстан Республикасының “Табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы” Заңына сәйкес 2013 жылғы 1 сәуірде департаментке жылу қуатын өндіру жөніндегі қызметіне тарифті өзгерту өтінімімен жүгінді. Онда олардың жылу қуатын өндіру жөніндегі қызметіне ұсынған тариф жобасы ҚҚС-сыз 2087,15 теңге/Гкал құрады.

 

Өтінімде жылу қуатын өндіру қызметіне тарифті көтерудің негізгі себептері көрсетілді. Ол алдымен көмірдің прейскуранттық бағасының 10 пайызға өсуі болып отыр. Ал отын шығыны барлық жылу өндіруге кететін шығынның 50 пайыздан астамын құрайды. Сол сияқты темір жол көлігімен көмір тасымалдау шығыны да 25 пайызға өсіп кеткен. Отын мен тасымал шығындарының өзі ғана тарифтің 80-90 пайызын түзейді. Оның үстіне Қазақстан Республикасының орта мерзімдік әлеуметтік-экономикалық даму жоспарында қарастырылған тұтыну бағасы индексінің болжамды өзгерістеріне сәйкес кәсіпорында орташа еңбекақыны индексациялау, яғни өндірістік қызметкерлердің еңбекақысын көтеру қажет болады. Тариф жобасында ол онша көп емес, ЖЭО-ның жұмысшыларына бұрын тарифте орташа 38 мың теңге жалақы енгізілсе, соңғы жобада оның көлемі 48 мың теңгеге көтерілген. Сол сияқты тарифке тікелей әсер ететін амортизациялық аударымдардың да жыл сайын өсіп отыратыны белгілі. Ал инвестициялық бағдарламаларды орындауға биыл кәсіпорында 610 миллион теңге бөлініп отыр. Өндіріс ауқымы кеңи түсетіндіктен, басқа баптар бойынша да шығын өспесе, кемімейді. Міне, осылардың бәрі жинала келіп, тарифтің өсуіне тікелей ықпал етеді.

Жылумен жабдықтаушы кәсіпорынның тарифтік жобасы ТМРА департаментінің сараптамалық кеңесінің талқылауынан өтіп, қоғамдық тыңдауда сараланды. Өйткені, ҚР-ның “Табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы” Заңының 17-бабының 1-тармағына сәйкес уәкілетті органның тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлері мен тарифтік сметалары жобаларына сараптама жүргізетін құқы бар.

Сөйтіп, “СевКазЭнерго” АҚ-ның жылу қуатын өндіру жөніндегі қызметінің тарифі мен тарифтік сметасы жобасына сараптама жүргізу барысында уәкілетті орган тариф көлемін ҚҚС-сыз 1623,51 теңге/Гкал деңгейіне дейін төмендетті, соның нәтижесінде жылу қуатын өндіру тарифінің жылу қуатымен жабдықтауға босату тарифіне үлесі 8,9 пайызды құрады. Департамент басшысы мұны көп болып жұмыла зерделеп, зерттеген жұмыстың нәтижесі санайды. Осы тарифтік өсім деңгейін сараптамалық кеңестің мүшелері, ардагерлер ұйымдарының белсенділері, тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы және тағы басқалар қанағаттанарлық деп біледі. Шаршы метрге жылу бағасының бұрынғы 81,27 теңгеден 88,50 теңгеге дейін өсетіні рас, бірақ ол көршілес Көкшетаудағы 91 теңгеден және Қостанайдағы 126 теңгеден анағұрлым арзан.

Жылу қызметін тұтынушылар үшін “СевКазЭнерго” АҚ-ның қызметіне тариф өсімі кәсіпорын жылу қуатымен жабдықтау қызметіне жаңа тарифті бекітуге өтініш бергеннен кейін 2013 жылғы 1 қазаннан бастап жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Бұл ретте тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметінің тариф өсімі 9 пайыздан аспайтын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp