Астанада Қарулы Күштердің 21 жылдығы мен Жеңістің 68 жылдығына арналған әскери-патриоттық клубтардың республикалық слеті өтті.
Анна КУЧЕРЕНКО,
еңбек ардагері.
Екі күнге созылған шара барысында Семей, Павлодар, Өскемен, Астана және Петропавл қалаларының жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері әскери дайындықтың үлгісін көрсетіп, жарыс бағдарламасына сай сапта жүру дайындығы турникке тартылу, әскери кедергілер алабынан өту сияқты дене шынықтыру дайындығы, газқағарды кию, жапа шеккендерге бірінші медициналық көмек көрсету сияқты әскери-қолданбалы сипаттағы сынақтар бойынша сайысты.
Аталмыш шарада әскери-дайындық сабақтарында жыл бойы үйренген шеберліктерін ортаға салған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың 8-9-сынып оқушыларының өнері қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. АӘД пәнінің ұстазы Сергей Зорькин бастап апарған өңірлік құрама республикалық слеттің жеңімпазы атанды.
Шара соңында солдаттық ботқадан дәм татқан балалар Республикалық Ұланның әскери бөлімін аралау мүмкіндігіне ие болды.
Ал республикалық слеттің екінші күні қатысушылар мен қонақтар назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, балаларға арнап ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайына, “Хан Шатыр” сауда және ойын-сауық орталығына, “Бәйтерек” монументіне, “Думан” ойын-сауық кешеніне саяхат ұйымдастырылды.