Петропавл қаласындағы Достық үйінде облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен “Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” атты республикалық байқаудың облыстық кезеңінің және “Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің” облыстық шығармалар байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” байқауында 21 қатысушының өңіріміздің қоғамдық өмірінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен мәртебесін нығайту, жарияланымдар мен хабарлардың сапасын жақсарту және қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалы көзделген 30 материалы сараланды. Байқауда “Үздік мақала” аталымы бойынша 1-орынға облыстық “Северный Казахстан” газетінің шолушысы Марат Ермұқанов, 2-орынға “Тайынша таңы” газетінің журналисі Айгүл Тәшетова, ал 3-орынға Айыртау ауданының “Айыртау таңы” газетінің шеф-редакторы Бағлан Қожақов ие болды. Сонымен қатар, “Үздік телеарна бағдарламасы” аталымы бойынша муниципалды телерадиоарнаның редакторы Данаш Хамзина және “Белсенді насихаттаушы” аталымы бойынша “Тайыншинские вести” газетінің бөлім меңгерушісі Нина Горецкая марапатталды.
Ал дәстүрлі “Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің” облыстық шығармалар байқауы жерлес ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай өткізілді. Бұл байқау облысымыздың географиялық, әкімшілік-аумақтық нысандарының тарихи атауларын іздеу әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру, тарихи-географиялық атаулардың пайда болу және шығуын анықтау арқылы оқушыларды туған жерді сүюге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың және облыстық білім мекемелерінің 8-11-сынып оқушылары қатысты. Облыстық кезеңде сынға түскен 30 үміткердің арасынан қазақ тіліндегі шығармасымен 1-орынды Кантемир негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ақтолқын Солтанхан жеңіп алды (жетекшісі – Р. Жомартова). 2-орын Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 9-сынып оқушысы Арай Молдабаеваға бұйырды (жетекшісі – Ж.Есенғалиева). Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Айжан Байсаринова үштікті қорытындылады (жетекшісі – А. Досмағанбетов). Жұлдызгүл Қамкен өзі туып-өскен Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тарихы туралы әсерлі шығарма жазып, “Сыршыл суреткер” аталымына қол жеткізді (жетекшісі – А.Бектұрғанова). “Туған ел тарихын зерттеуші” аталымы бойынша Нәзира Мақжанова жеңіске лайық деп танылды (жетекшісі – Қ.Бақтыбаева). “Жас публицист” аталымында байқаудың ең жас қатысушысы – №3 Смирново орта мектебінің 5-сынып оқушысы Ләззат Нұртазинова ұтты (жетекшісі – А.Нұртазинова). Марапаттау рәсімі барысында орыс және ағылшын тілдерде жазылған үздік шығармалардың да авторларына диплом мен естелік сыйлық табыс етiлдi.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.