Облыс орталығының Бензострой мен Сенная база аралығындағы кең алқапта бой көтеріп жатқан “Береке” ықшамауданында 190 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй жыл басында пайдалануға берілді. Бұл күндері осы аумақта “Назарбаев Зияткерлік мектебі” мен “Қолжетімді тұрғын үй – 2020”, “Жас отбасы” бағдарламалары бойынша 421 пәтерлік 10 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қаланың бас жобасы бойынша жабық спорт кешенін, көпқызметті сауда, әмбебап халыққа қызмет көрсету орталықтарын, қазақ театрының жаңа ғимаратын салу да жоспарланған. Осының өзі Бензострой ықшамауданына қатынайтын жүргіншілер санын күн санап арттыра түсіп отыр.
Осы тұрғыда тындырылған істер де аз емес. Аталмыш аумақ Пестрое көліне, Заречный кентіне, облыстық тубдиспансерге, наркология диспансеріне, бір сөзбен айтқанда, қаланың төрт бұрышына дейін қатынайтын 4 түрлі автобус және микроавтобус бағыттарымен қамтамасыз етілген. Сөйтіп, ықшамаудан тұрғындарының “Киров атындағы зауыт”, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ларына, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына бір бағытпен қатынауына жағдай жасалған. Алайда, қазіргі қалыптасып отырған жағдай аталмыш бағыттарды оңтайландыра түсуді қажет ететін сияқты…
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
2-ші автобус бағыты қайтсе тиімді болады?
Аталмыш бағыт Бензострой ықшамауданын Заречный кентімен байланыстырады. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті тұрғындар қала әкімінің тұрғындармен дәстүрлі кездесуінде 2-ші автобус бағыты Интернационал көшесіндегі “Буратино” аялдамасынан кейін Пушкин көшесі арқылы облыстық аурухана, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына аялдап, сапарын К.Сүтішев көшесі арқылы Заречный кентіне қарай жалғастырса деген тілек білдірген еді. Бұл жағдай бензостройлық оқушылардың телеорталық маңындағы экономикалық-техникалық колледжге дер кезінде жетуіне мүмкіндік туғызатындығын да мысалға келтірген. Алайда, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жанынан құрылған комиссия аталмыш өзгеріс басқа бағыттарды қайталайды деген уәж келтіріп, жергілікті тұрғындар тілегіне құлақ аспаған. Комиссия мүшелері мен бөлім қызметкерлері Интернационал-К.Сүтішев көшелері аралығы арқылы өтетін 31А, 10М, 7А бағыттарының біз сөз етіп отырған бағытқа ешқандай қатысы жоқтығын, бензостройлықтардың “басы ауырып, балтыры сыздаса” облыстық ауруханаға, өңірдің басты шаралары өткізілетін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына, білім алып жүрген экономикалық-техникалық колледжге қоғамдық бір көлікпен қиналмай жетуге асығатындығын байыбына жете зерттеп, зерделемеген сияқты.
Бүгінгі күні бірден 190 отбасыға көбейген ықшамаудан тұрғындары, жаңа өндіріс орындарында еңбек ететіндер бұл мәселенің оңтайлы шешілуін қажет етіп отыр.
23М бағыты оңтайландыруды қажет етеді
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының орта шенінде Сенная база автобус қатынасынсыз қалды. Бұл жағдай бастауыш мектебі ғана бар ықшамауданның жоғары сынып оқушылары мен еңбекке жарамды тұрғындарының жүріп-тұруына қиындық келтірді. Оған автомобиль мен көше жолдарының талапқа сай еместігі бірден-бір себеп болған еді.
Облыс және қала әкімдерінің шеткі ықшамаудандарға жете көңіл бөлуінің арқасында осыдан төрт жыл бұрын М.Әуезов көшесіне (Копай арқылы Омбы айналма жолына дейін), одан Сенная базаға дейін асфальт, 2-, 3-ші Сенная көшелеріне қиыршық тас төселді. Іле жергілікті тұрғындардың өтінішімен ықшамауданның кіреберісіне дейін қатынайтын 23М бағыты ашылды. Ол “Мұнаймаш” АҚ, 2-ші қалалық аурухана, “Алтын Арман” базары, “Киров атындағы зауыт” АҚ-лары арқылы облыс орталығының біраз жерін шарлап, Пушкин көшесі арқылы наркология диспансеріне қарай бағыт алады. Бұл микроавтобус жүргіншілер талабын толық қанағаттандырып отыр дей аламыз ба? Енді соған келейік…
Аталмыш бағыттың соңғы аялдамасы Сенная базаның кіреберісінде, бастауыш мектеп ғимаратының алдында орналасқан. Ықшамауданның екінші шеті, дәлірек айтқанда, 5-ші қысқа Сенная көшесі аталмыш соңғы аялдамадан 2-2,5 шақырымдай қашықтықта, нақтырақ айтсақ 2-3 аялдамалық жерде. Оның үстіне Сенная база 4 бағытқа қатынайтын, жексенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылатын Бензостроймен бірде-бір қоғамдық көлік бағытымен байланыспаған. Сондықтан аталмыш ықшам-аудандағы №24, №26 мектептерде оқитын жоғары сынып оқушылары “басқа түскен – баспақшыл” дегендей, қысы-жазы жаяулап-жалпылап жүруге мәжбүр. Ал бұл екі араның қашықтығы 2-ден 4 шақырымға дейін қашықтықты құрайды.
Біздіңше, оны шешудің әзірше бірақ жолы бар. Ол – 23М (микроавтобус) бағытын Бензостройдағы соңғы аялдамасынан бастап, Сенная база көшелері арқылы жүргізу. Сонда “Мұнаймаш”, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” сияқты ірі кәсіпорындарда еңбек ететін бензостройлықтардың да қоғамдық көлікпен қатынау мәселесі шешімін табады. Бұл да бүгінгі күні өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Оны жеделдете шешу – өмір талабы.
Жолақысы бірдей, бірақ мәртебесі екі түрлі. Неге?
Облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің негізін автобустар мен микроавтобустар құрайды. 2011 жылғы 25 сәуірден бастап олардың жол жүру ақысы теңестіріліп, 50 теңге болды. Бензострой ықшамауданына қатынайтын 2А, 9А, 22М, 24М бағыттарындағы қоғамдық көліктердің маркалары ұқсас. Көпшілігі Қытай мен Ресейде шығарылған. Алайда, көліктердің еш айырмашылығы болмаса да, 2-ші және 9-шы бағыттағылар автобус саналады да, 22-ші және 24-ші бағыттағылар микроавтобус мәртебесін иеленген. Сонда оларды қандай белгілеріне қарап “автобус”, “микроавтобус” деп жіктеген? Түсініксіз. Түсініктісі – қоғамдық көліктерді жиі пайдаланатын жүргіншілердің ай сайын сатып алатын “Жол жүру билеттері” автобусқа жарамды да, микроавтобустарға жарамсыз. Осыдан келіп аралас маркалы көліктерден жасақталған автомобильдердің бір бөлігіне неге “микроавтобус” мәртебесі берілген, олар неге “Жол жүру билеттерін” өгейсітеді деген орынды сұрақ туындайды. Бұл жүргіншілер құқығын шектеу емес пе?..