«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰТҚАРУШЫЛАР ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы “Биопруд” гидроторабында шартты түрде туындаған төтенше жағдайдың салдарын жою және облыс тұрғындары мен апат аумағын қорғау мақсатында командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны болып өтті. Оған өңірлік құтқарушылар қатысты.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс орталығынан 5 шақырым қашықтықта орын тепкен “Биопруд” су қоймасында нәжіс қалдықтары толған бөгет “бұзылды”. Лас су Есіл өзеніне құйылып, облыстың біраз тұрғындары “зардап шекті”. Құтқарушыларға екі бірдей ауылды апат орнынан “көшіруге” тура келді.

Жергілікті жедел әрекет ету қызметкерлерінің бүгінгі оқу-жаттығу жұмыстарын өткізудегі сценарийі осындай. Жергілікті құтқарушылар мен азаматтық қорғаныс жасақтарының экологиялық апаттық жағдайдағы дайындығын тексеру, адамдарды құтқаруға, табиғаттың құбылыстарына төтеп беруге дайындықты шыңдауды көздеген шара барысындағы өңір құтқарушыларының әзірліктерімен облыстық ТЖ департаментінің өртке қарсы қызметінің полковнигі Павел Филиппов танысты. Бұл шараға қатысқан облыстық Жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарма, Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, барлық деңгейдегі әкімдіктер, азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтері, аумақтық органдардың құрылымдарының мамандары “Биопруд” су гидроторабынан келген мол суды “ауыздықтау” жаттығуы барысында жергілікті тұрғындарды тасқын топанынан сақтап қалудың шараларын қарастырды.

Петропавлдың дәл іргесінде орналасқан тоғанға күнделікті қала құбырларынан аққан 50 мың текше метрге жуық нәжіс суы келіп құяды. Оқу-жаттығу жұмыстарының сценарийі бойынша бұл жерден ақау шығып, бөгеттің бір бүйірін шайынды су жарып шығады. Жаттығу жұмыстарына жұмылдырылған 24 техника мен 84 жұмысшы Есіл өзеніне беттеген лай суға тосқауыл қою үшін құм толы қапшықтардан бөгет құрып, төтенше жағдай орын алған өңірден жапа шеккендерді қауіпсіз аумаққа шығарды. Жұмыла кіріскен құтқарушылар көлемі 1 шаршы метрдей болатын ақауды бітеп, адам өміріне қауіпті апаттың алдын алды. Әйтпегенде кәріздік желілерден құйылған қалдық Якорь мен Вишневка ауылдарын ғана емес, сонымен қатар, Есіл өзенін былғап, Түмен облысына да қауіп төндірер еді. Сол себепті мұндай жағдайда құтқарушылар сақадай сай болу үшін өздерін жаттығу жұмыстарында сынап көрді. Лас судан инфекция табылғандықтан, құтқарушылар жергілікті тұрғындарды тез арада қауіпсіз жерге көшіріп, инфекцияға шалдыққандарына жедел медициналық көмек көрсетті. Әрбірі эпидемиологиялық тексерістен өтті.

Төтенше жағдай барынша қиындатылғанымен, мінсіз өткен оқу-жаттығу барысында облыстық құрылымдардың апат кезінде төтенше жағдайлардың зардаптарын жою және басқа шұғыл жұмыстар жүргізу әзірлігіне жоғары баға берілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp