«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

177 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖИНАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “Алматы” мейрамханасында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жергілікті әнші Яна Богованың “Мейірімділік қаласы” атты төртінші қайырымдылық концерті өтті.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жетім балалар мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, бейжай қарамайтын мейірімді азаматтардың қатарын көбейтуді мақсат еткен шара барысында облыстық Балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің өкілдері туабіткен жүрек ақауы бар балаларға ақша жинап, қайырымдылық концерттерін ұйымдастырып келгені үшін Яна Боговаға Алғыс хат табыстады.  

Өз кезегінде игі шараның маңыздылығына тоқталып өткен әнші бұл қайырымдылық жұмыспен 2011 жылдан бастап “Беташар” ҚБ-мен бірлесіп қолға алғандығын жеткізді. Осы күнге дейін өңіріміздің алақаны ашық жандарының арқасында туабіткен жүрек ақауы бар Кирилл Сухомлинов, Кирилл Власенко, Сұлтан Нұржанов пен Мирослав Лагуцин сияқты бүлдіршіндерге ота жасалған.

 

Ұйымдастырушының айтуынша, бүгінгі шарада жиналған қаражат Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылында орналасқан кәмелетке толмағандарға арналған балалар үйі тәрбиеленушілерінің қажетіне жаратылмақ. Қазіргі уақытта мемлекет қарамағындағы мекемеде 6-19 жас аралығындағы 50 бала тәрбиеленуде.

Қайырымдылық концертке келген қонақтардың құрметіне “Экспромт” би халық студиясы, “Петропавл” тобы және әнші Нұрсұлтан Қанафин ән шырқады. Содан кейін көпшілікке танымал әнші Яна Богова өзінің “Книга счастья”, “Стронг”, “Сердце”, “О сцене” және тағы басқа әндерімен жиналған қауымды серпілтіп тастады. Бұдан соң “Кәмелетке толмағандарға арналған балалар үйі” КММ директоры Сәуле Омарова осы қайырымдылық шарасын жоғары деңгейде өткізген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Шарапаты мол шара соңында аукцион ұйымдастырылып, онда әр қайырымдылық шарада өз туындыларын көрмеге қоятын суретші Игорь Поляковтің картиналарымен қоса балалардың қолынан шыққан қолөнер туындылары да сатылды.

Қайырымдылық шара нәтижесінде 177 мың теңге жиналды.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp