“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында “Ұлы Отан соғысының мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғаларды әлеуметтік қолдау” тақырыбында депутаттар фракциясының отырысы өтті. Отырысты партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Пішенбаев жүргізді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Алқалы отырыста алғашқы болып баяндама жасаған Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Мереке Мұхамедияровтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде 400-ден астам ҰОС ардагері мен 15 мың тыл еңбеккері бар. Олардың 2067-сі облыс орталығында тұрады. Басым бөлігі денсаулық жағдайына байланысты ұдайы көмек көрсетуді талап етеді. Осыған байланысты 2010 жылы “Нұр Отан” партиясының мұрындық болуымен қарт адамдарды қолдап, көмек көрсетуге бағытталған “Ардагерлерді ардақтайық” арнайы жобасы әзірленді. Аталмыш жоба аясында “Жас Отан” ЖҚ мүшелері тұрақты түрде ардагерлердің үйіне барып, аулаларын көгалдандырып, көмек көрсетіп отырады.
Ардагерлерге қолдау көрсету мақсатында өткен жылы жергілікті бюджеттен 47,8 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат қарияларға тұрмыстық қажеттілік бойынша көмек көрсетуге, коммуналдық және байланыс қызметтерін төлеуге берілетін 4 АЕК көлеміндегі жәрдемақыға, санаторлық-курорттық емделуге, тіс протездеуге жұмсалған. Үстіміздегі жылы 51,8 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл былтырғыдан 8,3 пайызға көп.
Қарт адамдарды қалаған жеріне тегін жеткізіп жүрген әлеуметтік такси қызметі де сұранысқа ие. Өткен жылы бұл қызметті 4 мыңға тарта адам пайдаланған. Биыл “Сәби” қорымен бірлесіп, қосымша 2 техника сатып алу көзделген.
Жиын барысында мінбеге көтеріліп, сөз алған Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь үстіміздегі жылы облыста қолға алынған қайырымдылық сенбіліктерден кеңестің есепшотына 12 миллион теңге қаражат жиналғандығын хабарлады. Бұл қаражаттың тең жартысы алдағы уақытта облыс орталығында қолға алынатын әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға жұмсалмақ. Ал қалған 7 миллион теңге мүгедек жандарға және соғыс ардагерлерінің жесірлеріне көмек ретінде бөлініп, олардың әрқайсысына 25 мың теңгеден берілген.
Сондай-ақ аталмыш қаражаттың бір бөлігіне Астана қаласына 4 тур ұйымдастыру көзделіп отырғандығын жеткізді. Олардың бәрінде тыл ардагерлері елордаға серуендеп барып келмек. Сонымен қатар мұқтаж жандарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алуға жан басына 15 мың теңгеден бөлінген.
Жиында белсенді аға буын өкілі өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді көтерді. Үкімет тарапынан ардагерлерге көрсетіліп отырған қамқорлыққа тоқталған Григорий Кухарь соғысқа қатысқандарға, тыл ардагерлеріне жеңілдікпен дәрі тегін берілгенімен, кейбір ауруханалардың дәрігерлері бюджеттен бөлінген ақшаның таусылғандығын алға тартып, қажетті дәрі-дәрмектің жартысын тегін, ал қалғанын қалтадан ақша шығарып сатып алуды ұсынатындығын жеткізді.
Жиын соңында фракция отырысына қатысушылар қалалық және аудандық мәслихат депутаттарына бейбіт өмірде көз жұмғандардың есімдерін өңірдегі Даңқ обелискілеріне енгізуді ұсынды.