Соңғы жылдарда білім беру саласына зор жауапкершілік жүктелуде. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында ел болашағы білімді, өнерлі, талантты жасөспірімдер мен жастардың қолында екендігін ескертуде. Әрине, қызғалдақтай жайқалып өсіп келе жатқан жас буынның зияткерлік деңгейі жоғары, ойы көркем, әдеби дарындылығы, әртістік, спорттық қабілетінің болуы және дамуы ата-бабасынан берілген табиғи жаратылысына, сонымен қатар мектептегі ұстаздардың білімділігі мен ақыл-парасатына тікелей байланысты екендігі баршамызға белгілі. Біз бүгін “Ерім”дейтін ел болмаса, “Елім” дейтін ер қайдан болсын” деген халық даналығын жаңғыртқан мемлекетіміздің жас ұрпаққа жасап отырған қамқорлығының куәсі болып отырмыз.
Біздің Бостандық орта мектебінде білім ошағының мерейін асқақтатып отырған оқушыларымыз аз емес. Сондай шәкірттеріміздің бірі – Санжар Тастамбеков.
Санжар өзінің білімімен, үлгілі тәртібімен, өнерімен, дарындылығымен аудан, облыс көлемінде танымал болып жүр. Дана халқымыз “Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” деп тегіннен-тегін айтпаған болар. Санжардың қатарластарынан топ жарып шығуының бір себебі әкесі Өзбек Сабырұлы мен анасы Алма Әбдірашитқызының баласына кішкентай кезінен дұрыс тәрбие беріп, өнерге баулуында ғой деп ойлаймын. Санжардың бойында ән айту, өлеңдерді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқу қабілетімен қатар ақындық өнері мен айтыскерлік талабы да қатар дамып келеді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ республикалық “Айгөлек” балалар журналында жарияланған ең таңдаулы оқушылар шығармашылығындағы жетістігі үшін мақтау қағазымен марапатталған болатын. Жазған өлеңдері ауылдықтар сүйіп оқитын “Солтүстік Қазақстан” және Мамлют аудандық “Солтүстік жұлдызы” газеттерінде жарияланып тұрады. 2009 жылы Отан қорғаушы күніне арналған “Жігіт сұлтаны” облыстық байқауына қатысқаны үшін де дипломмен марапатталды.
Жылма-жыл өткізіліп тұратын Абай, Мағжан оқуларының белсенді қатысушысы және І, ІІ орындарды иеленіп, грамоталармен марапатталуда. 2012 жылы ІІ аймақтық Мағжан оқуларында “Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған” аталымы бойынша Солтүстік Қазақстан облыстық Білім басқармасының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Аудандық “Жарқын болашақ” олимпиадасында “Сөз шеберлері” аталымы бойынша ІІІ орын алғаны үшін грамотамен марапатталды.
Санжар қазір 9-сыныпты аяқтады. Биылғы оқу жылында қазақ тілі пәнінен олимпиадада аудандық кезеңде І орын алып, облыстық кезеңде жүлделі ІІ орынға ие болды. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.
Санжарды жұрт облыстағы қанаты енді қатайып келе жатқан жас айтыскер ретінде де таниды. Соңғы қатысқан айтыстары туралы айтатын болсам, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Шал ақын ауданында өткізілген аймақтық ақындар айтысына қатысты. Осы жылы тағы да Құлсары батыр Бөріұлы мазарының ашылуына арналған ақындар айтысында “Ең жас айтыскер ақын” аталымында, Ғ.Мүсіреповтің туғанына 110 жыл толуына орай өткізілген облыстық ақындар айтысында өзінің ұтқырлығы мен тапқырлығы арқылы көзге түссе, 2013 жылы Көкшетау қаласында өткен Ақан серінің туғанына 170 жыл толуына орай өткізілген “Өнер – өміршең, серілік – мұра” атты Солтүстік аймақтық жас ақындар айтысына қатысты. Осы аталған айтыстардың барлығында да дипломдар мен Алғыс хат иегері атанды. Айтыс өнерінде жас болса да, биік шыңдардан көріне білуіне көп дайындық жұмыстарын жүргізген әкесі Өзбек Сабырұлының еңбегі орасан. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуі басқа әкелерге үлгі боларлықтай.
Санжардың әртістік қабілеті мен спорттық қабілетін де мақтанышпен айта аламыз. “Жайдарман” ойындарында да бірнеше рет өзінің жетекші рөлімен бәрімізді тәнті етті.
Мектептегі, аудандағы іс-шаралардың бел ортасында жүріп, ерекше қабілетімен көріне білуде. Достарының арасында беделі жоғары болуымен қатар жайдары мінезімен де іш тартып тұрады.
Санжар меңгерген бар білімін, бойға біткен өнерін жоғалтпай, әрі қарай шыңдап, Қазақстанның жарқын болашағы жолында талмай іздене беруіне тілектеспін.
Гүлсім СӘДУАҚАСОВА,
Бостандық орта мектебінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.