Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мүмкіндіктері шектеулі балалардың көбейе түскені көрсетілген. Егер 2005 жылы олардың саны 124 мың адамды құраса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 149 мыңға жеткен. Ал ондай балаларға айрықша көзқарас керек.
Бүгінгі таңда өңіріміздегі мүмкіндіктері шектеулі жас жеткіншектердің 41,4 пайызы ғана арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін білім мекемелерінде оқиды. Өкінішке қарай, арнайы білім беру бағдарламасымен қамтылмағандардың ішінде өзіміздің қаракөз балалар көп. Неге екенін қайдам, бірақ көптеген ата-аналар баласының денсаулығы мен даму үдерісінде кемістік бар екендігіне көздері жете тұра, оларды арнайы білім, тәрбие беретін орындарға әкелмейді. Ал ауылдағылар даму мүмкіндігі шектеулі баласын қалаға жіберуге тіпті жүрексінеді. Мұндай әрекетпен олар балаларының өз бетінше өмір сүруге бейімделуіне, өз мүмкіншіліктеріне қарай білім мен тәрбие алуларына үлкен кедергі жасайтындарын білсе ғой. Сондықтан да мен бүгін қолыма қалам алып, осы салада еңбек ететін маман ретінде кейбір ата-аналарға бағыт-бағдар беруді жөн көрдім.
Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға тәлім-тәрбие беруде әлеуметтік-еңбек және кәсіптік бейімделудің маңызы зор. Облысымызда бұл бағытта жұмыс істеп жатқан екі білім беру мекемесі болса, қазақ балаларына арналған сыныптары бар біздің мектеп-интернат қана. Аталмыш мектеп-интернаттың қабырғасы 1971 жылы қаланған болатын. Ал 2004 жылы қазақ сыныптары ашылды. Қазақ сыныбының ашылуына мектебіміздің директоры Күләш Шәріпованың еңбегі зор екендігін атап өткім келеді. Бүгінде мұнда 170-ке жуық оқушы білім алады. Оның 80-і – қазақ тілінде оқитындар. Облысымыздың аудандарынан келген 57 оқушы интернатта тұрады. Оқушыларымыздың әлеуеттік көрсеткіші төмендегідей: 47 бала – жарымжан, 5-еуі – қамқорлықтағылар, 36-сы – көпбалалы отбасылардан шыққандар, 42-сі – тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары. Сондай-ақ оралмандардың балалары, ата-анасының біреуі жоқтар да бар.
Мектебімізде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың тұлғалық дамуы мен жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың табиғи қабілеттерін анықтау мен жетілдіру үшін барлық жағдай жасалған. Яғни, бізде 11 оқу кабинеті, 6 оқу-өндірістік шеберхана, 4 жатын бөлме, дәрігерлік кабинет, логопедтің, психологтің, әлеуметтік педагогтің жеке кабинеттері, интерактивтік лингафонды-мультимедиалық кабинет, зертханалық жабдықталған интерактивтік физика кабинеті, әртүрлі тренажерлермен жабдықталған спорт залы, музыкалық орталық пен зал, үлкен кітапхана, асхана, психикалық жайландырушы сенсорлық кабинет, монша-сауналы санитарлық-сауықтыру кешені бар. Барлық кабинеттер мен кешендер заманауи жиһаздармен, көрнекі-дидактикалық материалдармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Мектеп оқушылары екі түрлі оқу жоспарымен тәлім алады. Біріншісі – жалпы білім беру бағдарламасы негізінде психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балаларға арналған бағдарлама да, екіншісі – зияткерлік бұзылыстары бар балаларға арналған. Сабақтар бір ауысымда жүргізіледі. Күннің бірінші жартысында сабақтар өткізілсе, екінші жартысында – сабаққа өзіндік дайындық, тәрбиелік іс-шаралар, үйірме, секция, жалпы мектепішілік, сыныптық шығармашылық жұмыстармен толықтырылады. Барлық оқушыларға оқулықтар тегін беріледі. Көпбалалы және жағдайы төмен отбасы оқушылары тегін киім, аяқкиіммен қамтамасыз етіледі. Интернат оқушылары 6 рет тамақтанады, мектеп оқушылары 3 рет тегін ауқаттанады.
Біздің бағдарлама түзету-дамыта оқыту әдістеріне негізделген. Біз әр оқушының кемшіліктерін ескере отырып, оған тәлім-тәрбиенің жеке тәсілдерін қолданамыз. Соңғы үш жыл қатарынан психикалық дамуы тежелген оқушылар жақсы оқу нәтижелерін көрсетуде. “Тежелген” деген термин артта қалудың уақытша екенін сипаттайды. Мұндай балаларды оқытуды неғұрлым ертерек жүзеге асырсақ, соғұрлым олар өз кемшіліктерін тез жеңе алады. Біздің мектеп-интернатқа келіп, қалыпты балалардың интелектуалына сай қабілеттілік танытып, облыстық психикалық-медициналық-педагогикалық кеңестің шешімі бойынша жалпы білім беру бағдарламаларына ауыстырылған оқушылар саны жылдан-жылға артуда. Мәселен, 2009-2010 оқу жылы ішінде – екі оқушы, 2010-2011 оқу жылы ішінде – үш оқушы, ал 2011-2012 оқу жылы ішінде тоғыз оқушы ауыстырылды.
Оқушыларымыз денсаулығында кінәраты жоқ балалармен бірге тең дәрежеде әртүрлі байқауларға, олимпиадаларға қатысады. Ал А.Махметов, Э.Махметов, Ж.Салықова, А.Нұрғожина, Д. Ағатаева сынды оқушыларымыз облыстық “Жарқын болашақ” олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Д. Смағұлов, А. Смаилов, Р. Ағбаев сынды оқушыларымыз түрлі облыстық пән байқауларына қатысып, олар да өз білімдерін жоғары таныта алды. Бұл жерде мемлекеттік тілде оқытылатын сыныптар ашылғаннан бері мектебімізде қажырлы еңбек етіп келе жатқан жоғары білімді, білікті мұғалімдердің еңбегі деп білеміз. Атап айтсақ, Ш.Уәлиева, Г. Сағнаева, Қ. Жанболатова, С. Қанғожина, Ж. Сүлейменов, Г. Қуандықова, А.Сейтенова, А.Тұяқбаева, З.Молдағалиева, т.б.
Өскен орта бала тұлғасының дамуына үлкен әсер ететінін бәріміз білеміз. Орта адамның қалыптасуына көмектеседі, мұрша береді, ынталандырады, толықтырады, сауықтырады, бала өзіне деген сенімділік қасиеттеріне ие болады. Сондықтан мектеп-интернатта қалыптасқан психологиялық жайлылық, сенімділік мүмкіндігі шектеулі балалардың мінез-құлқына жағымды әрекет жасайды. Оқушылар мәселелерді бірігіп шешуге, өздерін көрсетуге талпынады. Олар өзі қатарлы құрбыларына, олардың жақсы іс-әрекеттері мен қылықтарына қарап, қайталауға тырысады. Олар басқа балалардың, үлкендердің көңіл күйіне назар аударып, коммуникативтік қатынастары артып, ашыла бастайды. Сабақ барысындағы ойлау белсенділіктері артады. Қарым-қатынас кезінде ашыла сөйлесіп, ұяңдықтары сейіледі.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтер білімді де шыдамды болу қажет. Сондықтан біздегі мұғалімдер, тәрбиешілер, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, логопед, дәрігерлер мен үйірме жетекшілері жұмыстарын бірізділікпен жүргізеді. Осындай мамандардан құралған ортаның ынтымақтастығы ұжым жұмысының нәтижесін арттырады. Қазіргі таңда бұл балалармен оқу-тәрбиелік үрдістің жүйелі, тиімді жұмыстарын іске асырып жүрген 55 мұғалім, 28 тәрбиеші бар. Олардың 67-сі (81%) – педагогтік біліктілік санаттары бар мамандар. Немістің педагог-дефектологы П.Шуман: “Баланың психикалық деңгейі неғұрлым төмен болса, мұғалімнің білім деңгейі соғұрлым жоғары болу керек”, деген болатын. Сол себептен педагогтердің кәсіби шеберлігін жыл сайын уақтылы арттырып отыруға зор мән беріліп отырылады.
Педагогикалық ұжым заманауи білім беру технологияларын қолдануда баланың дамуын, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін негізгі мәселе деп қарастырады. Әр мұғалім сыныпта әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, олардың дұрыс дамуы үшін қажетті жағдай қалыптастырады. Өздерінің жұмыс барысында “Модульдік”, “Ақпараттық”, “Сын тұрғысынан ойлау”, “Деңгейлік”, “Ойын терапиясы”, т.б. қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды белсенді қолданып отырады.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың өз бетімен өмір сүру бейімділігін арттыру мақсатында тәрбиеленушілердің интеллектуалдық, психо-физикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, кәсіби бағдар бойынша жұмыс жүргізіледі. Оқушылар еңбек шеберханаларында тігінші, ағаш шебері, сылақшы-сыршы, т.б. мамандықтар бойынша теориялық және практикалық білім алады. Кәсіби практикаларын қаланың кәсіби жеке мекемелерінде өткізеді. Түлектердің көпшілігі тігінші, ағаш шебері, шаштараз, аяқкиім тігуші мамандықтары бойынша кәсіби лицей немесе кәсіби даярлау орталықтарында оқып, кейін жұмысқа оңай орналасып кетеді. ПДТ сыныптарды бітірген оқушыларымыз қаланың өнер, кәсіби колледждерінде оқып жүр. Кей оқушылар өз денсаулық жағдайларына байланысты оқи алмай, жеңіл-желпі жұмыс істейді. Түлектерді жұмысқа орналастырып, оқуға түсіру жолдары – мектеп басшысының ұдайы есінде жүретін мәселе.
Сондай-ақ оқушылардың шеберлігін арттыратын “Жиһаз жинау”, “Жас шеберлер”, “Шілтер”, “Сәнді-қолданбалы өнер” және т.б. үйірмелер жүргізіледі. Біздің үйірме шеберлерінің жұмыстары бірнеше жыл қатарынан облыстық “Жас техник пен рационализаторлар форумы”, “Біздің ата-бабаларымыздың мұрасын сақтаймыз, көбейтеміз” атты қолданбалы өнер көрмелерінде көрсетіліп, жүлделі орындарға ие болады. Сонымен қоса оқушыларымыз жыл сайын өтетін облыстық кәсіби байқауға қатысып, “Жас ағаш шебері”, “Жас тігінші” аталымдары бойынша 1, 2-орындарды жиі жеңіп алады.
Мектебімізде әнші-биші өнерпаздар да жеткілікті. Біздегі “Әуен” тобы, “Жұлдыз” би ансамблі облыстық, республикалық байқауларда лауреаттар атанды, онда жүлделі орындарды иеленді. 2009 жылдан бастап облыстық “Үміт” балалар фестивалінің, “Каблучок” би байқауының, “Радуга” ұлттық мәдениет фестивалінің, “Северное сияние” фестивалінің, “Таңшолпан” қазақ ұлттық мәдениеті фестивалінің дипломанттары мен жүлдегерлері. Ал 2011-2012 жылдары республикалық “Жұлдызай” балалар шығармашылығы фестивалінің бас жүлдесін ұтып алды.
Мектептің спорттық-сауықтыру жұмысы да жақсы деңгейге қойылған. Нәтижесінде оқушылардың спортпен айналысуға, саламатты өмір салтын ұстануға деген ынталары артты. Оқушылардың 50 пайызы спорт секцияларына қатысады (дәрігерлердің анықтамасы бойынша). Бассейнде өз денсаулықтарын нығайтады, қыста шаңғы, коньки тепсе, жазда жеңіл атлетика, футбол, баскетболмен айналысады. Дене шынықтырудан босатылған оқушылар емдік тренажерлері бар залда емдік дене шынықтыруымен айналысады. Мектептің ең күшті спортшылары жыл сайын мына спорт түрлері бойынша облыстық, республикалық, халықаралық “Спешиал Олимпикс” олимпиадасында өздерінің қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетіп жүр. Онда конькишілер, жеңіл атлеттер, футболшылар, үстел теннисінен, баскетболшылар қатысады. Спорттағы ең үлкен жетістігіміз: 2010 жылы республикалық шағын футбол жарысынан екі команда 1-орындарды, 2012 жылы халықаралық қысқы ойындарда конькимен сырғанау спортынан Д. Смағұлов, А. Ямолдинов, А.Землякова бір 1-орын, екі 2-орын, екі 3-орынды иеленді.
Оқушылардың 92 пайызы үйірме, секцияларға қатысып, ондағы ұжымдық жұмыстар тәжірибе алуға, денсаулығын қолдауға, күйзелістен және үрейлі жағдайдан шығуға, психологиялық дамуының тежелуін кетіруге септігін тигізеді. Жалпы алғанда, балалардың қызығушылығы бойынша арнайы мектептің міндеттерін жүзеге асыру мақсатында жүргізілетін 18 үйірме бар.
Дене шынықтыру, алдын алу жұмыстары, терапия – осының барлығы да баланың денсаулығын нығайтады. Ал оның жан дүниесінің емшісі – педагог. Оқушының жан дүниесінің саулығы жақсы көңіл күйден, күлкіден, өзара түсінушіліктен басталады. Осы бағытта психологтер Г.Серазетдинова мен А.Урозолимова көп жұмыс жүргізеді. Олар өз оқыту әдістерін музыка терапия, ертегі терапия, сурет терапия, демалыс терапиясы, ойын терапиясы сияқты түзету технологиясы элементтерін, саусақ гимнастикасы, рөлдік ойындарды жиі пайдаланады. Онымен қоса әр балаға көңіл аударып, құрметпен қарап, қашан, қайда болса да, оған педагогикалық көмек көрсете білуге үйретеді.
Біздегі оқушылардың 35-і – түрлі тіл кемістігі бар балалар. Олармен жоғары біліктілік санаттағы логопед Р.Ғалиева “Көрнекі тіл” компьютерлік бағдарламасы бойынша фронталдық, топтық, жеке сабақтар жүргізеді. Жыл сайын тіл қатынасы түзелгендер саны артып келеді. Бірен-саран оқушы ғана қайта көмекке жүгінеді.
Әлеуметтік педагог тәрбиеленушілердің жеке психико-медико-педагогикалық ерекшеліктерін және олардың микроортасын, өмір сүру жағдайын зерделеп, олардың мүдделілігі мен қажеттілігін, дау-дамайлық жағдайларды, тәртібіндегі ауытқуды анықтап, оларға уақытында әлеуметтік көмек және қолдау көрсетеді. Ұстаз өз жұмысын оқушылардың құқық бұзушылығының және қараусыз қалуының алдын алуға бағыттаған. Нәтижесінде бізде кәмелетке толмаған балалар есебінде тұрған оқушылар жоқ.
Оқушылардың сабақ үлгерімінің жақсаруы олардың денсаулығына байланысты. Ол үшін мектепте денсаулық сақтау ортасы құрылып, оның жүргізілу үрдісі оқу-тәрбие барысында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға негізделген. Бұл іс-шараларға бас-көз болып жүргендер – мектебіміздің дәрігері А. Оканова мен дәрігерлік қызметкерлер Б. Умбаева және М. Семидоцких.
Мектеп-интернаттың тәрбие жұмысының мақсаты оқушыларды Қазақстан Республикасының патриоты болуға, жоғары деңгейдегі азаматтық, ұлттық, тарихи ой-сана, адами құндылықтарды шығармашылықпен меңгерту болып табылады. Мектеп-интернат оқушыларының 77 пайызы ауылдардан болғандықтан, олар барлық маусым бойынша интерната тұрып, оқиды. Оларды әлеуметтік-психологиялық оңалтып, әлеуметтік және еңбекке бейімдеу үшін жағдай жасауды қамтамасыз ететіндер – тәрбиешілер. Олар тәрбиеленушілерінің күн режімін сақтап, үй тапсырмаларын орындап, қоғамдық еңбек жұмыстарына қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Оқушылардың психофизикалық дамуына ықпал ететін сабақтан тыс уақытта өткізілетін іс-шаралар тәрбиеленушілеріміздің мектеп-интернат өміріне тез бейімделуіне ықпал етеді.
Сонымен арнайы (түзету) мектеп-интернатымызда іске асып жатқан барлық оқу-тәрбиелік жұмыстары жүйесі әрбір баланың мектепке келген уақытынан бастап, мектеп бітіргенге дейін жеке қабілеттерін, мүдделері мен икемділіктерін зерделей отырып, оларды тұлғалық дамуына, әлеуметтік және қоғамдық өмірдегі өзгерістерге икемделуіне, өмірде өз орнын табуға үлкен көмек жасайды. Ендеше жерлес ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың мына ойымен сөзімді аяқтағым келеді: “… мектеп пен тұрмыс бірі қырым, бірі қияда жатпауын, мектепте оқыған адам білімді құшақтап алып, тұрмыста жарамсыз болып шықпауын, бала нені білсе де, көзімен көріп, қолымен ұстап, мүмкін болғанынша өзі істеп білуін қолдаған. Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған сапалы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты осы болуы”.
Анар НҰРҒОЖИНА,
даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету)
мектеп-интернаты директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.