Кеше С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған “Мағжан көктемі” атты оқырмандар конференциясы өтті.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Конференцияға қатысушы ғалымдар, мағжантанушылар, тіл мамандары ел мен жер тағдырын терең жырлаған Мағжан Жұмабаевтың ақындық, азаматтық тұлғасына жан-жақты тоқталды.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай жерлес ұлы ақынның ел ішінде кеңінен анымал “Мен жастарға сенемін!” өлеңінің шығу тарихына қатысты өз ойын айтып, сол кездегі мерзімді басылымдарда жарияланған елдің жайын көтерген мақалаларына тоқталды. “Мағжан және Алаш арыстары” жайында баяндама жасаған белгілі мағжантанушы, жазушы, “Егемен Қазақстан” газеті бас редакторының орынбасары Жарасбай Сүлейменов жерлес ақынның қайраткерлік қызметіне баса көңіл бөлді. Елдің ертеңін жарқын қылу үшін қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, сол кезеңнің шындығын жырына арқау еткен ақынның Алаш қозғалысы мүшелерімен байланысын, “Алқа” шығармашылық ұйымын құруға ұмтылуы жайында ашық әңгімеледі. Әсіресе, қазіргі зерттеушілерді, көзі ашық қоғамды қызықтыратын Мағжан Жұмабаевтың Сәкен Сейфуллинмен, Сәбит Мұқановпен қарым-қатынасы жайында өз білген-түйгеніне тоқталған ол аталмыш тұлғалар ақынның саяси көзқарасына қарсы шықса да, ақындығын жоғары бағалаған, деді
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығымен алғаш рет 1989 жылы танысқандығын айтып, кеңестік идеологияның кесірінен ұлы ақынның шығармашылығы қаншама жылдар бойы ұлтына жетпегендігін айтты. Түркі әлемі мойындаған, қазақ халқы Абайдан кейінгі ақын деп құрметтеген Мағжанның шығармашылық әлеміне талдау жасауға батылы барып жүргендердің қатары аз екендігін, ал оның өмірінің кейбір тұстары әлі де зерттеуді қажет ететіндігін жеткізді. Рухы асқақ ақынның құрметіне арналған “Мағжан көктемі” оқырмандар конференциясының және осы аттас ІІ республикалық өнер фестивалінің ұйымдастырылуына өз алғысын білдірді.
Облыс орталығындағы М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің қазақ тілі пәнінің оқытушысы, “Мағжантану” арнаулы курсының жетекшісі Айман Қасенова аталмыш оқу орнында көп жылдан бері барлық мамандықтардың оқушылары үшін “Мағжантану” факультативтік сабағы жүргізілетіндігін жеткізді. Басты мақсат – жас буынды жерлес ақынның жырына сусындатып тәрбиелеу. Осы орайда аталмыш оқу орнының түлегі, жас ақын, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, қазақ гимназиясының мұғалімі Аманжол Зағыпар Мағжанға арналған “Қызыл от” атты өлеңін оқыды.
Конференцияға Мағжан Жұмабаевтың туыстары да қатысты. Облыс орталығындағы білім ордаларының оқушылары ұлы ақынның шығармаларын мәнерлеп оқыды.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.