«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУГЕ көп көңіл бөлінуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Eurostat” агенттігінің 2013 жылдың наурыз айындағы есебі бойынша Еуроаймақ елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп, 12 пайызға көтерілген. Ал Грекия және Испания елдеріндегі жұмысқа қабілетті халықтың әрбір төртінші тұрғыны жұмыссыз. Қаржылық дағдарыстың қиындығына қарамастан, Қазақстан 2009-2010 жылдары экономиканы дамытуды ынталандыру және еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтау және инфрақұрылымды дамыту үшін жолдарға инвестиция тартып, коммуникация, су құбырлары мен кәріз жүйелері, тұрғын үй құрылысына, білім беру, денсаулық сақтау және де басқа әлеуметтік нысандарына қыруар қаржы бөлді.

 

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылды, кәсіпкерлікпен айналысу жағдайы жақсартылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды экономикалық қызмет түрлеріне тартуға ықпал ететін “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бекітілген еді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.

 

Бүгінде аталмыш бағдарлама өңірімізде толыққанды жүзеге асырылуда. Бағдарламаның бірінші бағыты – оқыту және жұмысқа орналасу ойдағыдай жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу бағыты бойынша бағдарлама басталғалы 373 адамға 801,5 миллион теңге көлемінде кредит беріліп, 600 адамға кәсіпкерлік негіздері оқытылды. Кредит алушылар өз кезегінде 255 жаңа жұмыс орнын ашты. Кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыты – мал, өсімдік шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету саласы, өндірістік сала. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша осы күнге дейін 293 пәтерлік 281 үй пайдалануға берілді. 265 отбасы қоныс аударып, 323 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Үстіміздегі жылдан бастап облыста қызметтік тұрғын үйлер салу, сатып алу, салып бітіру жұмыс берушілердің қатысуымен жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте жұмыс беруші салынатын, сатып алынатын және салынып бітірілетін тұрғын үйге бөлінетін қаржының кемінде 10%-ын қалтасынан шығаруы тиіс. Немесе кемінде бір пәтер не жеке тұрғын үй салып, пайдалануға беруді не сатып алуды қамтамасыз етуі керек. Бағдарламаның арқасында жастардың “бас ауруына” айналған баспана мәселесі де шешілмек. Өңірімізде жастарға арналған әрқайсысы 100 орындық екі жатақхана салу жоспарланып отыр. Бұл 29 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның “Ауылдық елді мекендерді дамыту” әлеуметтiк-экономикалық даму бағыты әлеуетi орташа немесе жоғары ауылдық елдi мекендерде және шағын қалаларда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. 2012 жылы 29 инфрақұрылым жобаларын іске асыру аясында ауылдық жерлерде 481 жұмыс орны құрылды. 13 мектеп, 9 Мәдениет үйі мен ауылдық клуб, 4 аурухана, сондай-ақ балаларды сауықтыру лагері, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат-үйі, жолдар жөнделді. Бұл ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік берді. Ал үстіміздегі жылы 41 инфрақұрылымдық жобаны іске асырған кезде 688 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы орайда елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын оңалту жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде деуге толық негіз бар. Себебі, әлемді дағдарыстың елесі кезіп, жұмыссыздық қысқанда еліміз халқын оқытып, білім алғандарын еңбекке тартуды жалғастыруда.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp