«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ҚОЙЫЛДЫ” ДЕП жалған ақпарат таратқандар жазасын алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жарылғыш зат қойылды” деп жалған ақпарат таратқан азаматтар енді қатаң жазаға тартылатын болады.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Соңғы кезде күш құрылымдарына телефон шалып, жарылғыш заттың қойылғандығы туралы жалған ақпарат тарататындардың қатары көбейіп кетті. Адам көп шоғырланатын жерде бомба қойылғандығы туралы хабарды қабылдаған құқық қорғау органдары мұндай дабылдарға қарсы әрекет етуге мәжбүр. Жарылғыш затты іздеу мақсатында құқық қорғау органдарының өкілдері біреудің түкке тұрғысыз “қалжыңы” үшін бомба қойылды деген ғимараттардан адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, жарылғыш затты іздеуге көп күш жұмсауға тиіс. Мұның бәрі арнайы қызметтердің уақытын алып, үлкен қаржылық шығынға әкеліп соқтырады. Терроризм актісі туралы жалған ақпарат мемлекетке, қоғамдық қауіпсіздікке зардабын тигізбей қоймайды. Мамандардың пікірінше, оқу орындарында аталмыш тақырыпты жиі қозғау керек. Педагогтер балаларға жарылғыш зат туралы жалған ақпаратты таратқандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын түсіндірулері тиіс. Ата-аналар да балаларының әрекеттеріне мұқият болғандары жөн. Егер жасөспірім жалған ақпарат тарататын болса, бұған қатысты жауапкершілікті ата-анасымен бірге арқалайтын болады.  

 

Облыс соттары 2012-2013 жылдары Қылмыстық кодекстің 242-бабында қарастырылған қылмысты жасаған тұлғаларға қатысты үш айыптау үкімін шығарды. Мәселен, 2012 жылғы 14 қыркүйекте Петропавл қалалық сотының үкімімен А.Стужин бір жылға жалпы режімдегі түзеу мекемесіне тоғытылды. Ол Петропавл қаласындағы темір жол вокзалына жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат таратқаны үшін айыпталған. Бұған қоса жалған терроризм актісі туралы дақпырт сөз айтқаны үшін Стужин 366 876 теңге шығынды өтеуге міндеттелді. Дәл осындай ақпарат таратқаны үшін А.Косилов та жаза тартты. Петропавл қалалық сотының үкімімен темір жол вокзалындағы жұртты дүрліктірген азамат 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды. СҚО кәмелет жасқа толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың үкімімен Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласындағы “№4 орта мектепте жарылғыш зат қойылды” деп телефон шалған жасөспірім Е.Исмағамбетовтың бас бостандығы бір жылға шектелді.

Биылғы жыл басынан бері осындай төрт қылмыс орын алған. Жалған ақпарат таратқандардың арасында мектеп оқушысы да бар. Тіпті, бірі бомба қойылды деген жалған сөзді мас болған кезінде айтып қалған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp