«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІН МАҚТАН ТҰТАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданындағы Қарағаш орта мектебінде балалар орыс және қазақ тілдерінде білім нәріне сусындауда. Бүгінгі таңда бұл білім беру мекемесінде 183 оқушы және оның “Балбөбек” шағын орталығында 25 бүлдіршін тәлім-тәрбие алуда. 

Ондағы жас жеткіншектер осы елді мекеннен қандай атақты адамдардың шыққандығы туралы мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ құлағдар бола бастайды. Өйткені, аталмыш білім ошағында ауыл өмірі мен тұрғындары жайлы деректер жиналған мұражай бар. Бұл – 1989 жылы ашылған мұражайға белгілі ақын, осы өңірдің тумасы Жақан Сыздықовтың есімі берілген. Тарихтан сыр шерткен бұл орталыққа Қарағаш ауылының топырағына кіндік қаны тамған белгілі ақын мен сөз зергерлерінің, қоғам қайраткерлерінің өнегелі, өрелі өмірінен белгі болатын жәдігерлер қойылған.



Мұражайдағы Жақан Сыздықовтың жарық көрген туындыларының, ол туралы еңбектердің, қолданған Құран кітабының сарғая бастаған беттері қарағаштықтар үшін ешқашан маңызын жоймасы анық. Әдебиетіміздің классиктері Сәкен, Сәбит, Ғабит ағалармен үзеңгілес шығып, бірге өмір сүріп, бірге іс атқарған әйгілі жерлестерін олар мақтан тұтады.
Сондай-ақ мұражай қызметкері, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әсем Уәйісова келген оқушылар мен қонақтарға ауыл шежіресі туралы әңгімені қызықтыра әңгімелейді. Мұражай сөрелеріне басқа да тұлғалардың суреттері мен өмірбаяндық деректері қойылған.
– Поэзия, проза, драма жанрларында отыздан астам кітап жазып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне бөленген қаламгер Төлеген Қажыбаев, белгілі журналист, сықақшы Сайлау Көшкенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев – еліне үлгі болатын, кіші буын мақтанышпен есімдерін атайтын тұлғалар. Олар біздің мектепте білім алып, өз қабілеттерінің жоғарылығымен еліне танымал болды, – дейді мұражай қызметкері.
Мұражайдың төріне Жақан Сыздықовтың автопортреті ілінген. Оны ауылдың әуесқой суретшісі Салық Сатымғалиев салыпты. Сондай-ақ ол ауылдың табиғаты мен көрінісін суреттеген екі картинаны да мектеп мұражайына сыйға тартыпты.
Мұражайдың кіреберісінде ақ қағазға сызылған мәуелі бәйтеректің суреті назар аудартады. Бұл – ауылдың шежіресі. Оны зерттеп, сызған Дина Аяпова бүгінде Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқиды. Ендеше, бұл ауылдан әлі де талай мақтан тұтар тұлғалар шығары сөзсіз.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp